Білім

Білім саласындағы жетістіктер

Былтыр өңірде 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2 үшауысымды, 3 апаттымектептің мәселесі шешілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Шарада облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова аталған басқарманың өткен жылғы жұмысын қорытындылады.

Өткен жылы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында бірқатар маңызды мәселе шешілді, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Облыста 426 мектеп (175 176 оқушы), 577 балабақша (44 290 тәрбиеленуші), 42 колледж (25 867 студент) бар.

1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу үлесі — 88,4 пайыз,                          2-6 жастағы балапандардың 92,6 пайызы балабақшаға барып жүр. Ал 3-6 жастағы  балалардың барлығы да мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленеді.

Былтыр өңірде 26 балабақша ашылды. Облыс орталығында 21 ғимарат бой көтерді. Сондай-ақ Байғанин, Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарында мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді.

Ең басты білім бәйгесі — республикалық пәндік олимпиада. 2022 жылы  біздің облыстың құрама командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Білім-инновация лицей-интернаты «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағына ие болды. Өңірдегі алты білім шаңырағы республикадағы «100үздікмектеп»қатарынаенді. Бұл — үлкен жетістік, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, облыстағы оқушылар халықаралық деңгейдегі 8 зияткерлік байқауға (4 олимпиада, 4 конкурс) қатысып, 16 бала жеңімпаз атанды.

Республикада тұңғыш рет біздің өңірде «БІЛІМ ALL» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсат  —шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру, баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуына жағдай жасау. Жоба аясында математика, физика, химия, биология,  ағылшын тілі пәндері бойынша 6 жетекші мектептің  35 үздік педагогі 120 мектептің оқушыларына онлайн режимде сабақ береді.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 81 орынға  грант бөлінді.

Былтырдан бастап білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау әдісі қолға алынды. Қорытындысында 29 мектеп директоры, 18 балабақша меңгерушісі ротацияланды.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артты. Соның арқасында 5350 жас колледжде ақысыз оқу мүмкіндігіне ие болды. Негізінен, техникалық мамандықтарға басымдық берілді. Кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 689 студент оқуға қабылданды, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Облыста 6 үш ауысымды, 6 апатты мектеп бар. Сондай-ақ 50 білім шаңырағында орын тапшы.

Өткен жылы 3,3 млрд теңге бөлініп, 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2 үш ауысымды, 3 апатты мектептің мәселесі шешілді.

— 14 жобаның бәрі пайдалануға берілген жоқ. Олардың арасында құрылысы биыл аяқталатын ауыспалы жобалар да бар, — деді Нұргүл Бертілеуова.

2025 жылға дейін 282 білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button