Пікір

Өткеннен сабақ алуымыз керек

Қаңтар қасіреті

Өткен жылы елімізде болған қасіретті қаңтар оқиғасына бір жыл толды. Еске түссе, бүгін болғандай әлі де көңілімізге қорқыныш ұялайды. Арандатушылардың кесірінен қаншама бейбіт тұрғын зардап шекті. Ғимараттар қирады. Қаншама періште сәби жазатайым мерт болды, жастар жер жастанды. Ата-аналары қайғы-мұң шекті. Міне, арада бір жыл өтсе де, қасіреті қаңтардың себеп-салдары әлі күнге дейін зерттеліп жатыр. Меніңше, жазықсыз жандарға рақымшылық жасалып, қылмыскерлер тиісті жазасын алуы керек.
Кеше Парламентте барлық шындық айтылып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берілді. Халықты есеңгіретіп, елдігімізден айыра жаздаған қаралы оқиға барша қазақстандықтардың есінен кетпесі анық. Енді өткеннен сабақ алып, қателіктерді қайталамау үшін қадамымызды нық басуымыз қажет. Қазір баршамыздың көкейімізде Жаңа Қазақстанымыз көркейіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болса екен деген тілек тұрғаны даусыз. Лайым елімізде тек тұрақтылық болсын! Мұндай оқиға енді қайталанбасын!

Балдырған ОРАЗМАҒАМБЕТОВА,
аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер.
Ырғыз ауданы.

Тыныштықтың қадірін білейік

Елімізді дүрліктірген, тыныштығымызды бұзған қаңтар оқиғасына тура бір жыл өтті. Сол кездің оқиғалары ойымызға оралса, жанымыз түршігеді, жүрегіміз мұздайды.
Қарапайым зейнет демалысындағы мен үшін көп жай әлі де беймағлұм. Көкейге «неге, не үшін?» деген сауалдар көп оралады.
Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің Мәжіліс депуттары алдында ұсынған баяндамасымен танысып, бірқатар сауалдың жауабын тапқандай болдым.
Мысалы, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында 238 азамат қаза тапқан екен, олардың 41-і бұрын сотталған деп атап көрсетілді.
«Бұл күні тәртіпсіздікке қатысушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына кіріп, Президенттің Алматыдағы резиденциясына барды, Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне шабуыл жасады, Талдықорған, Ақтөбе, Тараз және Семей қалаларының әкімдіктері мен Алматы халықаралық әуежайын басып алды» деген мәлімдені оқығанымызда сол уақытта көріністер көз алдымызға келгендей болды.
Баяндамаларда арандатушылар деген тіркес пайдаланылған екен. Олар «қарапайым азаматтардың сезімдерімен ойнап, алға популистік ұрандарды тартты, шындықты әдейі бұрмалады және митингтерге қатысушыларды адастырды» делінеді. Сол арандатуға еріп, адасқан бауырларымыздың бар екенін біліп отырмыз, бұл адасу да бізге қымбатқа түседі.
Лаңкестер мен тонаушыларға қарсы тұрған құқық қорғау органдарының 19 қызметкері қаза тауыпты, 3037 полиция мен әскери қызметшілер түрлі дәрежедегі жарақат алған. Солар арқылы қаншама отбасы, қаншама ата-ана қасірет көрді?
Адамдар неге қатігездік танытты сол күндерде? Шеруге шығып, әділеттілікті талап ету дұрыс шығар. Бірақ бір-бірімізді қорлау, ұрып-соғу тіпті өлтіру әділеттілік пе? Осы күндерде қаншама жазықсыз адам қаза тапты. Бізге әр баланың, әр адамның өмірі қымбат емес пе? Бұл арада мен қылмыскерлер туралы айтып отырғаным жоқ. Олардың жазасы заңға сәйкес беріледі деп ойлаймын.
Бізге қажеті — қаңтар оқиғасының ақиқаты толық ашылуы.
Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын. Қасіретті оқиғаларға жол берілмесін.

Молдабай ӘБДІКАМАЛҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button