Дінмұхамед Қонаев: ел құрметтеген қайраткер

Тау алыстаған сайын биіктей береді. Жылдар жылжып, ғасыр ауысып, белгілі бір кезеңдер тарих түкпіріне ене түскенімен, халық жадында қадірлі есімі сақталған тұлғалардың беделі асқақтап, санамызда саралана түседі.
Сондай ерекше жандардың бірі — Дінмұхамед Қонаев.
Ұзақ жыл қазақ елінің тізгінін ұстаған белгілі қоғам қайраткері, ірі мемлекет басшысы Ақтөбе облысының экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына да қамқорлығын аяған жоқ.
Бүгінгі әңгімеміз — ел сыйлаған, бүгінгі күні де есімі ерекше құрметпен аталып отыратын қайраткер келбеті туралы.
Ғасыр саңлағы
12 қаңтар — Дінмұхамед Ахметұлының дүниеге келген күні. Биыл оның туғанына 111 жыл толуы қарсаңында Ақтөбе өңірінде де ірі шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Соның бірі — облыс орталығындағы Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп және Д.Қонаев атындағы халықаралық қоғамдық қор меморандумы аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институты және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп өткізетін «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев — ғасыр саңлағы» тақырыбындағы І аймақтық ғылыми-практикалық конференция.
— Бұл аймақтық дәрежедегі конференция 2023 жылдың 5 қаңтары күні Ақтөбе қаласындағы ДінмұхамедҚонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп базасында өтеді. Оның басты мақсаты — білім беру ұйымдарында ДінмұхамедҚонаевтың ұлы тарихи тұлға ретінде есімін ұлықтау, жобалық-зерттеу жұмысын енгізу мен жүзеге асыруда ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсету,— дейді аталған мектептің директоры Абзал Тәжімішев.
Осы орайда 2012 жылдың ақпан айында Ақтөбеде Ғазиза Жұбанова атындағы филармония ғимаратында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «ДінмұхамедҚонаев — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін де еске сала кеткіміз келеді. Бұл жиынға көрнекті ғалымдар, сондай-ақ Димаш Ахметұлының тұсында қызметте болған ардагерлер, көзкөргендер қатысқан.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Бақтыбай Өтемісов баяндама жасап: «Әлемге әйгілі адам жайында әңгіме айту, оның қызметіне қосымша баға немесе сипаттама беру оңай емес. Қонаевтың өмірі де, қызметі де баршаға жақсы таныс. Қонаевтың 100 жылдығы Қазақстан үшін айрықша оқиға деп есептеймін, сондықтан осы конференцияда ол кісі туралы білгенімді айтуды азаматтық парызым, адамдық борышым деп есептеймін. Оның үстіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті аппаратында 1974-1985 жылдар аралығында Дінмұхамед Ахметұлының қарамағында қызмет істеген адаммын. Орталық Комитетті басқаруы — ол кісінің көп жылғы, көп қырлы қызметінің бір қыры ғана. Қонаевтың жұмыс істеу стилі бөлек еді. Ол кісі өте әдепті, сабырлы, жылы жүзді, іскер адам болатын», — деп өз пікірін білдірген еді.
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Қуандық Әлішев: «Қонаевтың кезінде Қазақстан дүниежүзіндегі 25 аграрлы елдің қатарына кірді», деген деректі келтіріпті.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Федор Евгеньевич Чемоданов: «Қонаев білігі мен білімі жағынан да, адамгершілігі, ұйымдастырушылығы жағынан да көп басшыдан оқ бойы озық тұрған адам еді. Ақтөбе жеріне талай келгенде Димаш Ахметұлының үлкен жүректі адам екені байқалды, ол өте қарапайым болатын, механизаторларға бөбегін өбектеген анасы тәрізді қамқорлық танытатын, олармен емен-жарқын сөйлесетін. «Щербаков» кеңшарында механизаторлармен бірге түстік ас ішкенін көрдім», — деп естелік айтыпты.
Бір кездері Қазақстанның артта қалған 30 ауданының қатарына кірген Ырғызды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік Қаулының қабылдануы да Дінмұхамед Қонаевтың айрықша көңіл бөлуі нәтижесі екенін ескі көздер жақсы біледі.

Өнегелі өмірбаян
Сөз реті келіп тұрғанда Дінмұхамед Қонаевтың өмірбаянына тоқтала кеткеннің де артықтығы болмас. Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Мәскеудің Түсті металл институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша оқыған. Еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатында бұрғылау станогінің машинисі болып бастаған. Кейіннен цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
Дінмұхамед Қонаев 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңірді. Ғылыми-ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асты.
Тәжірибелі басшы ретінде танылған ол 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Ол ел тұтқасын ұстаған ширек ғасырдан астам уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңіреді.
Дінмұхамед Қонаев ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болған. Оның ішінде өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бой түзеген.
Дінмұхамед Қонаев 1993 жылы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын, Ленин орденін алған. Сонымен қатар Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Ақтөбе жеріндегі ізгілікті іздер
Облысты біраз жыл басқарған Василий Ливенцов өңірдің өркендеуі жолындағы бірқатар проблемалық мәселені республиканың бірінші басшысының алдында көтеріп, шешімін табу мүмкіндігін қарастырып отырған. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев 1974 жылы облысқа келген тұста қалаішілік көлік қатынасының нашарлығын айтып, троллейбус желісін іске қосуға көмектесуді сұраған.
Бұл мәселе оңынан қозғалып, республикада Целиноград, Қостанай және Ақтөбеде аталған желіні жүргізу қатар басталғанымен, Ақтөбе екі өңірден бір жылға озып кетеді. 1982 жылдың тамызында Дінмұхамед Ахметұлының елге келуіне орай алғашқы троллейбус маршруты іске қосылады.
Ақтөбе қаласындағы Мочалов ауруханасы аталатын заманауи үлгідегі жаңа емдеу орнының да іске қосылу тарихы қызғылықты. Бірде республика басшысы облысқа келген сапарында аудандарды аралатып келе жатып, Ливенцов өзінің көлік жүргізушісіне қалалық аурухана арқылы өтуге тәртіп береді. Ескі үйлерде орналасқан емдеу орнын кездейсоқ көрсеткен болып, халықтың атынан көмектесуді сұрайды. Сол арада Қонаев «бұл мәселені шешу керек екен» деп айтып қалады. Ал облыс басшысы келесі күнгі өткен облыстың партия-шаруашылық активінде көпшіліктің алдында Дінмұхамед Ахметұлына алғысын білдіреді. Облыс жұртшылығы жаңа аурухана салынатындығына риза болып, ұзақ қол соғады. Ал үлкен кісі болса Ливенцовтың кішкене қулығына басын шайқап, жымиып қойыпты.
Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ұзақ жыл қызмет атқарған Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжанов өзі жұмыс істеген жылдары КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың бес-алты рет елге келіп, халықтың тыныс-тіршілігімен танысқанын жазыпты бір естелігінде.
«Сондай бір сапарында, бұл шамасы 1970 жылы болуы керек, егіс алқабын көп аралап, бір тоқтаған жерінде Димекең: «Осы жердің бидайы гектарына қанша түсім береді?» — деп обкомның ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Кеңес Нокиннен сұрады. Ол: «18-20 центнерден беруі керек», — дегенде, «Жер шаруашылығы мәдениетін соңғы жылдары едәуір көтерген екенсіңдер», — деді. Бұдан артық жоғары баға болушы ма, сірә?!
Шынын айтқанда, Димекеңнің облысқа әр келген сапары бізді өмірге, еңбекке жігерлендіріп кететін», — дейді Алтынбек аға.
Дінмұхамед Ахметұлының өзі де Алтынбек ағамыздың ел басқару қабілетін өте жоғары бағалаған. Ол өзінің «Ақиқаттан аттауға болмады» деген мемуарлық еңбегінде: «Мол тәжірибе жинақтаған, көпті көрген алдыңғы буынмен қажымас қайраты, ақыл-ойы, өмірге деген құштарлығы, халқына деген қалтқысыз кеуілі бар жас толқынның сабақтастығын сақтау — біздің барлық табыстарымыздың кепілі. Ірі шаруашылықтарға өндіріс орындарына алға қойған міндеттерді дұрыс әрі мінсіз орындайтын, еңбекке ысылған, өмір тәжірибесі бар кадрларды жіберу өзінің баянды жемісін берді. Солардың ішінде аудандық партия комитеттерінің хатшылары сапында Алтынбек Әкімжанов та бар», — деп республика бойынша 220 ауданның бірінші басшыларынан небәрі он жеті адамды, оның басы етіп Алтынбек ағаны үлгі еткен екен.
Алдыңғы буын өкілдерінің бірі Сәлім Шынтасов 1962-1978 жылдар аралығында облыстың Мәртөк, Октябрь аудандарын басқарды. Адал қызметі, ерен еңбегі үшін Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Абзал ағайының зайыбы Раушан Жұбанайқызы берігіректе жазған естелігінде мынадай жайларды баян етеді:
«1971 жылдың тамыз айының жиырмаларында Димаш Ахметұлы Қонаев Мәртөкке келді. Ол кезде Сәкең аудан басшысы. Алдында бір күн бұрын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Журин телефон шалып, ертең келетіндерін айтқан.
Әуелгіде сасып қалдық. Үлкен кісіні қалай күту жағы ғой біздікі. Жеке бие сауатын бір адамнан қымыз алдырып, баптап, тоңазытқышқа салып қойдым. Басқа да дайындығымызды жасап жатырмыз. Сәкең жолдан күтіп алып, қонақтарға «Междуреченский» мен Дзержинский атындағы кеңшарларды аралатқан. Сосын облыс басшыларының қарсылығына қарамай, жайлап үйге қарай бұрған ғой.
Күн ыстық еді. Көптен жаңбыр жаумаған, жол бойы шаң. Димекең есік алдында күтіп тұрған біздермен, балалармен қол алысып амандасып, жуынып-шайынып үйге кірді. Кішіпейіл, қарапайым адам екені әр қимылынан-ақ байқалып тұр. Ол үйге кіргенде қасындағы бірге жүрген жергілікті басшылар, жолдастары шамалы кідіріп қалды.
Димекең Сәлімге «жұмысың жақсы екен, істей бер!» деп дем беріп қойды. Мен жандарында тұрмын. Сосын кенеттен: «Ал маған не шаруа айтасың?» — деп күлімсірей қарады. Сәкең де сасқалақтап қалып: «Биыл қызым мединститутқа түсуі керек еді», — деді қобалжыңқырап. Үлкен кісі: «Сенің балаңды оқуға алмағанда кімді алады, ол мәселе шешіледі», — деді бірден. Жылы сөзден біздің төбеміз көкке жетіп қалғандай болды.
Қонақтар дәм алып отырып, бізге рақметін айтты. Мен соңғы жағында: «Ағай, келіп дәм татқаныңызға алғысымыз шексіз. Сіздей кемеңгер ел басшысымен бетпе-бет кездескенімізге балаларым, бәріміз болып қуанып тұрмыз. Сізге ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз» дедім.
Бұл — ұлы тұлғаның ел арасында, халық ортасында болған сәттерінің бір көрінісі еді.
Осындай бір жылы лебізді біз аудандарда басқару органдарында қызмет атқарған Төлебай Құрманалин ағаның «Өмір өткелдері» кітабынан де кездестірдік:
«Облыс басшысы мені Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағалығы қызметіне ұсынатындығын айтып, Алматыға Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына жіберді, — деп жазылыпты онда.— Белгіленген тәртіпке сәйкес жәрлемшілері қабылдауға кіргізді.
Үлкен кабинет, төрде үстел, сол жақта ұзын қабылдау үстелі. Мен кіргеннен Дінмұхамед Ахметұлы орнынан тұрып, күлімсіреп амандасты. Қолы мап-майда, жүзі өте сүйкімді. Ұлы адамның адамгершілігі мен рахымы көрініп тұр. Менімен көп әңгіме құрмады.
— Ауыл шаруашылығында көп қызмет істеген екенсің, маған Василий Андреевич түсіндірді, мен келісемін. Менің өтінішім: халыққа жағдай жаса, қарағым, — деп қолын берді».
1984 жылдың тамыз айында Ақтөбеге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев басқарған құрамы ауқымды делегация партия-шаруашылық активіне қатысу үшін келді. Сол кез туралы еңбек ардагері Ғалымжан Байдербес аға былай деп әңгімелеп берді.
— Мен ол кезде Қобда ауданында қызмет істеймін. Әлия Молдағұлова атындағы шаруашылық бірлестігінде партия ұйымының хатшысымын. Алматыдан келген құрметті қонақтар біздің егіс алқабымызды аралап көрді. Дінмұхамед аға еңбек адамдарымен сөйлесіп, жақсы тілегін айтты, алқап берекесін тіледі. Содан кейін Әлия мұражайында болып, қолтаңбасын қалдырды. Сол кезде жетпістің үстіне шыққан ол жігерлі де қайратты еді. Ең бастысы, кездескен көпшілікті парасатты сөздерімен тәнті етті, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу маңыздылығына тоқталды,— деп еске алады ол.
Осы сапар барысында Ақтөбе педагогикалық институтының жаңа корпусын ашу салтанаты да өткізіліп, астаналық қонақтар игі тілектерін білдіреді.
Облыстық партия комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болып ұзақ жыл қызмет атқарған Тоқмырза Күнбаев көзі тірісінде айтқан бір естелік жадымызда қалыпты. 1981 жылы Ақтөбе облысы мемлекетке мол астық тапсырып, Дінмұхамед Қонаев үздік комбайншы-механизаторларды жеңіл көлікпен марапаттауға пәрмен берген, ал облыс басшысына бұған дейін өзі мініп келген «Чайка» автомобилін ұсынған. Осы арада айта кететін бір жайт, Тоқмырза аға лауазымды қызметте жүргеніне қарамастан, қолынан фотоаппаратын тастамайтын. Сол кезеңдерде облысқа келген мемлекеттік басшылардың, шетел делегацияларының фотоларын ол кісінің қолынан, жеке архивінен талай көргенбіз де. Солардың арасында Дінмұхамед Қонаев туралы жәдігерлер ерекше көзге түсетін-ді.
Өрелі ойлар, тағылымды тіркестер
Дінмұхамед Қонаевтың үлкен жиындарда, кездесулерде айтқан, кітаптарында жазып қалдырған ойлары мен ақыл-кеңестері, тағылымы мол сөздері аз емес. Солардың бірқатарын оның әр жылдарда жарық көрген «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», «Өтті дәурен осылай», «Сталиннен Горбачёвқа дейін» және «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітаптарынан алып, келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.
* Жастық шақ қанатты жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.
* Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
* Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
* Адамға жазаның ең үлкені — жұмыссыз қалдыру.
* Ақиқаттан атап кету — арға сын.
* Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
* Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
* Тарих боямалауды көтермейді. Бары да, шыны да осы… Әр кездің өз әні бар ғой. Оған орындаушы кінәлі болмаса керек.
*Сөз киесі — иесінде.
* Өртті сөндіруден гөрі оны тұтатпау ерлік.
* Орынды сын ойлантпай қоймайды.
* Қиянаттан асқан қылмыс болмайды.
* Жалпы, жар таңдау, үй болу — есі дұрыс адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтетері — сүйген жарыңды сыйлаудан басталады.
* Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам — ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де — қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.
* * *
2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағайдың атын халық қаласа, Қонаев деп өзгертуді қолдайтынын айтқан болатын. Сонымен бірге ол Алматы облысының жаңа орталығы болып, Жетісу өңірінен бөлініп шығуын ұсынды.
Қапшағай қаласы негізінде 1970 жылдары бой көтерген. 2022 жылы Қонаевтың аты берілген жаңа шаһар табиғаты тамаша өңірде орналасқан.
Өткен жылдың қыркүйек айында жолымыз түсіп, Астана арқылы Талдықорғанға бет алғанымызда осы Қонаев қаласына аз-кем аялдадық.
Ел басқарған дана адамның есімі үлкен әріппен жазылыпты, алыстан көзімізге шалынды. Жүрегіміз жылыды, әділеттің салтанат құрғанын сезінгендей болдық.
Иә, Дінмұхамед Қонаевтың қадірлі аты алғы күндерде де елмен бірге жасай беретіндігіне ешкім күмән келтіре алмасы анық.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



