Мереке

Жыл иелері

Әдетте адамның қай жылы дүниеге келгені оның болмысына, мінез-құлқына әсер етеді деп жатады. Сондай тәмсілге сенсек, қоян жылы туғандар (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011) өте аңғарымпаз, жинақы келеді екен. Әрі қашанда көңіл күйге сай әрекет ететін сақ, секемшіл болады дейді. Жаңа жыл қарсаңында жыл иелермен сөйлесіп, әдемі тілегін тыңдаған едік… 

  1. Қоян жылын әдетте қысы қаһарлы, халыққа қолайсыз жыл деп жатады. Бұған қалай қарайсыз?
  2. Қоян жылдарының ішінде қай жыл есіңізде ерекше қалды? Несімен?
  3. Алдағы жылдан не күтесіз? Қоян жылының «иесі» ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?

1939

Руза ТІЛЕУҚҰЛОВА, Қарғалы ауданының тұрғыны, зейнеткер:

  1. Мен Ұлы Отан соғысы жылдарында дүниеге келгенмін. Жаратқанның қалауымен алты баланың анасы атанып, қазіргі таңда сол балаларымнан тараған 10 немере мен 3 шөберені тәрбиелеп отырмын. Ардақты ана, асыл әже атанған маған бұдан асқан бақыт бар ма?!
  2. Қоянның қай жылы болмасын мен үшін бағалы. 1960 жылдары Ресейдің Новоресей қаласына қоныс аударып, балабақша меңгерушісі болып қызмет атқардым. 1967 жылы Қарғалы ауданына көшіп келіп, өз кәсібімді бастадым. Мен бастаған кәсіпті балаларым жалғастырып, отбасылық бизнеске айналдырды.
  3. Қоян — қамқорлық пен кішпейілділіктің нышаны. Ол тез ымыраға келеді, бейбітшілікті сүйеді. Келер жылдан тек сәттілік күтемін. Өзім қоян секілді шапшаң болғандықтан, әрбір уақытымды зая кетірмеуге тырысамын. Жаңа жыл табысты, молшылыққа толы болсын.

 1951

Сара ЖАЙСАҢБАЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер:

  1. Әдетте қоян жылын қолайсыз деп жатады. Ол пікірмен келіспеймін. Қоян жылы қатты болады деп алдын ала дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Қай жылдың да өзіндік қиындықтары болады. Сондықтан келер жылдан тек жақсылық күтемін.
  2. Есімде қалғаны — 1999 жылы немерем Аружан өмірге келіп, отбасым қуанышқа кенелді. Ол бүгінде Хромтау қаласында мұғалім болып жұмыс жасап жүр. Өзіме сол жылы ота жасалғанымен, барлығы сәтті аяқталды. Қоян жылы қолайсыз болады деп қорқа берудің қажеті жоқ.
  3. Қоян жылы бастаған істеріңіздің ілгерілейтініне сеніңіз. Бірақ  жоспарларыңыз жайында өзгелерге тіс жарып айтпаңыз. Келер жылы көжектей сүйкімді, мейірімді сәбилеріміз өмірге көбірек келсін. Отбасыларыңыз шаттыққа толып, жыл жақсылығын әкелсін.

 1963

Марат ӘЙТІМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі оқытушы:

  1. 1. Әр жылдан баршамыздың жақсылық күтетініміз анық. Алдағы қоян жылын жағымсыз болады деп ойламаймын. Өзім ес білгелі қоян жылының жамандығын байқамадым. 1964, 1975 жылдардағы қоянның қысы жұртты қояннан бетер қорқытып тастаған секілді. Бұл — табиғаттың «мінезі» ғой. Әйтпесе жыл иесі — жазықсыз қоянды күстаналамайық.
  2. Қоян жылының барлығы дерлік сәтті болды деп айта алмаймын. Мәселен, 1987 жылы консерваторияда оқып жүрген кезімде «Сенен әнші шықпайды» деген желеумен мені басқа мамандыққа ауыстырғысы келгендер де болды. Алайда мен өз саламның кәсіби маманы екенімді дәлелдеп, жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдадым. Тағы бір қоян жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметке ие болдым.
  3. Жаңа жылдан күтер жаңалықтарым көп. Еліміз тыныш, несібеміз мол болсын. Дастарқандарыңызда ас мол болсын. Жаңа жылда үйлеріңіз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын. Жыл жағымды жаңалықтарға толы болсын!

 1975

Елтай КЕМАЛ, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың режиссері:

  1. Қоян жылы туғандар қорқақ келеді дегенге келіспеймін. Мәселен, өзімді қояндай қорқақ адамға жатқызбаймын. Қоян әдемі жануар ғой. Әйтпесе ақындар «ақ қоян, сұр қоян, ор қоян» деп өлеңге қоспас еді ғой. Сондықтан қоян жылынан қорқудың қажеті шамалы.
  2. Қоян жылында айтарлықтай есте қалар оқиға көп болмады. Алайда жаңажылдық мерекелік думанды қарбаласпен өткізгеніміз естен кетпейді.. Бір қоян жылында қойылымның басталуына жарты сағат уақыт қалғанда жарықтың өшіп қалмасы бар ма? Әп-сәтте әбігерге түстік. Әйтеуір не керек барлығы оңынан шешілді.

Тағы бір қызықты естелікті айта кетсем, мен ең алғаш театрға жұмысқа кірген кезімде қоянның рөлін сомдаған екенмін. Өзім қоян жылғы болған соң, сүйкімді қоянның образы сәтті шықты.

  1. Қоян жылын берекелі жыл деп білемін. Қоян қорегін іздеп, талғап жейді. Сондықтан қояндай ізденімпаз болыңыздар. Ақшаны ұқыпты жұмсаңыздар. Тек ақшаны рухани байлықтан жоғары қоймайық. «Мейірімділік жүректен» деген дана халқымыз. Жүрегіміздегі мейірім мен ар, ибаны жоғалтпайық. Жаңа жылда арман мақсаттарыңыз орындалып, жамандықтың барлығы өткен жылдың еншісінде қалсын деген жүрекжарды тілегімді білдіремін.

 1987

Сандуғаш МҰХТАРОВА, «English for Professional Journalists in Kazakhstan» жобасының оқытушысы:

  1. Қазақ халқының тарихында қоян жылын ауыр, қуаңшылық көп болатын жыл дейді. Мәселен, тарихта қалған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сияқты зұлмат жылдар да қоян жылына сәйкес келген екен. Өз басым қоян жылының қолайсыздығын сезінбедім. Қоян жылы өз жылым болғандықтан, жаңа жылды асыға күтемін.
  2. Қоян — бір орында тұрмайтын жануар. Мен де тура қоян секілді тынымсыз, еңбекқор жанмын. Қоян жылы отбасымда қуанышты жаңалықтар көп болды. Әсіресе есімде қалғаны 1999 жылы сіңілім өмірге келді. Менен 12 жас кіші сіңілімнің де қоян жылы өмірге келуі қатты қуантты.

Қоян аңғал болғанымен, өте аңғарымпаз екенін естен шығармайық. Сондықтан қоян жылы туғандармен дос болсаңыз, қателеспейсіз.

3.Төрімізді аттағалы тұрған қоян жылы әр адамның діттеген арман-мақсаты орындалсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Өткен жылға өкпе артпай, келер жылдан жағымды жаңалық күтіңіз. Сондай-ақ бастаған ісіңізге сенімді болып, табандылық танытсаңыз, сіз алмайтын қамал жоқ екеніне сеніңіз.

1999

Гүлназ РАЙСҚЫЗЫ, Абай атындағы №1 қалалық  кітапхананың кітапханашысы, кондитер:

  1. Әрбір келер жылдың өзіндік ерекшелігі болады. Мен қоян жылы өмірге келгендіктен, осы жылдан көп үміт күтемін. Өзім қоян жылының қолайсыздығын байқамаппын. Жаңа жылды әрдайым ерекше көтеріңкі көңіл күйде қарсы алғанды жөн санаймын.
  2. Мен өмірге келгелі қоян жылын бір-ақ рет қарсы алдым. Яғни 2011 жылы мүшел жасқа толдым. Сол жылы мен үшін ерекше жыл болды. Өйткені ата-анама қолғанат болғанымды сезініп, дәмді бәліштер пісіруді үйрендім. Қазіргі таңда торт, бәліштер, әртүрлі кондитерлік тәттілерді жасаймын. Табиғи гүл шоғын және шоколадты гүл шоқтарын безендіремін. Арманым көп. Жеке кондитерлік цехымды ашқым келеді.
  3. Қоян жылы жақсы жыл болсын. Үлкендердің айтуынша, бұрындары қоян жылы халыққа қолайсыз болған. Бірақ қоян сүйкімді, адамдарға жақын және қолға тез үйренетін жануар. Сондықтан алдағы қоян жылы халыққа жылы, жақын болсын дегім келеді.

 2011

Аяжан ТЕМІРБОЛАТОВА, №51 мектеп-гиназиясының 5-сынып оқушысы

  1. Мен ақ қояды жақсы көремін. Бастауыш сыныпта «Ұзын құлақ сұр қоян естіп қалып сыбдырды, ойлы қырлы жерлермен ытқып-ытқып жүгірді» деген сияқты өлең жолдарын жаттадың. Өзім қоянды ұстап көрдім, өте нәзік, сүйкімді жануар екен.
  2. Мен өмірге келген сәттен бастап қызықты оқиғалар көп болыпты. Анамның айтуынша, 2011 жылы «Қысқы Азиада» ойындары болған екен. Өзім Жаңа жыл мерекесін асыға күтемін. Себебі Жаңа жылда тәтті сыйлықтар көп болады. Ата-анам маған жаңа жылда ерекше сыйлық жасауды әдетке айналдырған. Осыдан екі жыл бұрын ата-анамның Жаңа жылда маған жаңа ұялы телефон сыйлағаны есімде қалыпты.

Карантин кезінде ұялы телефонды көп пайдаландық. Себебі ол кезде ұялы телефон арқылы сабақ оқитынбыз. Ал қазір бос уақытымды кітап оқуға арнап жүрмін. Соның арқасында   «Ерлігі елге мұра» халықаралық байқауында жүлделі 2-орынды иелендім. Келер жылы да дарынды оқушы болып ата-анамның үмітін ақтауға тырысамын.

  1. Жаңажылдық тілегімді қоян жылы туғандарға арнаймын: қояндай сақ аңғарымпаз жан болайық. Қояндай қорқақ емес, батыл да өжет болайық. Қатарластарымның оқуда озат болуын тілеймін. Жаңа жыл құт-береке әкелсін. Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын!

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button