Мереке

Қоян жылы: кеңестер мен болжамдар

ЖҰЛДЫЗЖОРАМАЛ — 2023

Қоян

2023 жылдың символы — қара су қояны. Жорамалшылардың айтуынша,  Барыс жылынан кейін Қоян жылында елімізде мамыражай тірлік болады.

Сонымен, 2023 жылы бізді қандай оқиғалар, өзгерістер күтіп тұр? Бұл туралы астрологиялық жұлдыз жорамал не дейді?

Тоқты

(21 наурыз – 20 сәуір)

Сипаттама: Көшбасшылыққа жаны құмар тоқтылар көбіне ашуланшақ болып келеді. Олар өз ойын үнемі тіке айтып, жақындарын ренжітіп алып жатады. Дегенмен бұл белгіде туған адамдар достыққа бейім. Олар — отбасын бірінші орынға қойып, өмірлік серігін ерекше бағалайтын адал жандар. Тоқтылардан көбіне спортшы, дәрігер, оқытушы, саясаткерлер шығады.

Болжам: Тоқтылар үшін келер жыл құбылмалы болуы мүмкін, бірақ уайымдамаңыз, қиындықтармен күресуге жақын адамдарыңыз көмекке келеді. Маңызды шешімдерге дайын болыңыз, себебі олар үлкен жетістіктерге алып келеді. Астролог мамандардың пайымдауынша, мамыр айына дейін сәттілік серігіңіз болады. Жылдың бірінші жартысында қызметіңізде белсенді болсаңыз, мансабыңыз өсейін деп тұр. Ал жылдың екінші жартысы — қаржылық жағдайыңызды жақсартуға тамаша мүмкіндіктің кезеңі. Көптен бері сатып алғыңыз келген затты келер жылы алсаңыз ұтылмайсыз. Жеке өміріңізге де мән беріңіз, қарым-қатынаста тоқтыларды оң өзгерістер күтуде.

Торпақ

(21 сәуір – 21 мамыр)

Сипаттама: Мінезі жайлы, байсалды адам көрсеңіз, ол — торпақ белгісінде туғандардың бірі. Оның салмақты екенін іс-қимылдарынан, ым-ишарасынан байқауға болады.

Бірақ қырсықтығы мен қыңырлығы бар. Бұл белгіде туған адамдардың ерік-жігері мықты болады. Олар — талғамы биік, эстетиканы жаны сүйетін адамдар. Сол себептен болар, торпақтан сән мен сұлулық салаларында, мейрамхана бизнесінде жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер де шығады. Бұл адамдардың денсаулығы мығым келеді, бірақ бір ауырса, емделуді ертеңге қалдырып, денсаулығына бас қатырмайды.

Болжам: Алға қойған мақсаттарыңызға жеткеңіз келсе, қоян жылында көп күш пен уақытыңызды жұмсауға тура келеді. Көп нәрсеге жаңа көзқараспен қарай бастайсыз. Өмір сүру салтыңыз жақсы жаққа өзгеруі мүмкін, тұрғылықты жеріңіз де ауысып жатса, таңғалмаңыз.

Жылдың басы мансабыңыз үшін жайлы болмауы мүмкін. Дегенмен бұған дейінгі мәселелерді шешіп, алға жылжуды тежейтін барлық қажетсіз нәрседен арылуға мүмкіндік бар. Бірақ жылдың соңына қарай жұмысыңызда дәрежеңіз өсіп, әл-ауқатыңыз біршама жақсарып қалуы мүмкін.

Егіздер

(22 мамыр – 21 маусым)

Сипаттамасы: Егіздер табиғатынан ақылды, дарынды келеді. Эмоциясын еркін көрсете алатын бұл белгідегілерге үнемі бір нәрсені үйреніп жүру маңызды. Егер олар ғашық болса, сүйгені үшін барын беруге дайын. Одан бөлек, әр адамға жанашырлықпен қарай алатын қасиеті бар. Егіздердің энергиясының көптігі өзіне зиянын тигізуі мүмкін. Нәтижесінде мазасыз болып, маңызды заттарға зейін қоя алмай қалып жатады. Ол шешім қабылдауына да теріс әсерін тигізеді.

Болжам: Егіздер үшін жыл сәтсіз басталуы мүмкін. Дей тұрғанмен өміріңізде болатын өзгерістер сізді жақсы жаққа өзгертуге айтарлықтай септігін тигізеді.

Сіз үшін қоян жылы жақындарыңыз бен пікірлес адамдар қолдайтын көптеген идеяға толы жыл болмақ. Сол себепті жоспар құрып, қазірден бастап қамданғаныңыз жөн. Уақытында қабылданған шешімдер жақсы нәтиже береді.

Көктем мезгілінде денсаулығыңызға назар аударыңыз. Ал жеке өміріңіздің мәселелерін шешу жолдарын жылдың екінші жартысына қалдырыңыз.

Шаян

(22 маусым – 22 шілде)

Сипаттамасы:  Шаяндар өз әлемінде жүретін жұмбақ адамдар. Әрі олар —  жұлдыздардың ішіндегі ең сезімталы. Көңіл күйі құбылмалы, әр затқа күдікпен қарайтын қасиеті адамдарға әрдайым қамқорлық жасап, көмектесіп жүретіндіктен білінбей қалады. Олар жаман жаңалық естісе, ауырып қалады, жақсы жаңалықтан айығуы мүмкін.

Болжам: 2023 жылда шаяндарды жұмысына қатысты өзгерістер күтіп тұр. Бірақ тек күтумен ештеңе шешілмейтінін ұмытпаңыз. Жылдың бірінші жартысында қызмет бағытыңыз мүлдем басқа салаға ауысып кетуі мүмкін. Сондықтан астролог мамандар өз мақсатыңызды қайта қарап шығуға кеңес береді.

Сәттілік серігіңізге айналады. Кейбір армандарыңыз орындалуы бек мүмкін. Серігін іздеп жүргендер осы жылы сүйікті адамын тауып, тіпті шаңырақ көтеруі мүмкін.

Арыстан

(23 шілде – 23 тамыз)

Сипаттамасы: Өмірге шексіз ғашық жандар. Көпшіл, жомарт келетін арыстандар халықтың назарында жүргенді ұнатады. Сән-салтанатты жаны сүйеді. Жақсы қасиеті — алға қойған мақсатына ұмтыла біледі, бет алған жолынан қайтару қиын. Кейде еріншектігі ұстап қалатын әдеті бар, дегенмен бір жұмыс істесе, тап-тұйнақтай етіп істейді. Жаман әдеттерден аулақ жүрсе, денсаулығында бір мін жоқ деп айтуға болады. Арыстандар көбіне спорт, мәдениет салаларында жетістікке жетеді.

Болжам: Арыстандар үшін қоян жылы көптеген қызықты сәтке толы болады. Көптен бағаланбай жүрген еңбегіңіз еленіп, қызметте ықпалыңыз күшейеді. Өз мүмкіндіктеріңізді жібермеуге тырысыңыз. Дұрыс шешім қабылдай алсаңыз, сізді үлкен жетістіктер күтіп тұр. Уәде берген кез келген адамға сенуден аулақ болыңыз, өзіңіз де орындай алмайтын уәделерді бермеңіз. Жылдың екінші жартысында жұмысыңыз алға басады. Алайда шамадан тыс міндеттерді мойныңызға алмаңыз. 2023 жылы шығындарыңыз көбеюі мүмкін, ақшаңызға мұқият болыңыз. Түрлі сынақтарға дайын жүріңіз.

Бикеш

(24 тамыз – 22 қыркүйек)

Сипаттамасы: Бикештер өзгенің кемшілігін байқағыш келеді. Үйіңізге қонаққа шақырсаңыз, есіктен төрге дейін көз жүгіртіп, кілемнің кішкентай дағын да байқап қояды. Өздері ұқыпты, тәртіпсіздікті ұнатпайтын қасиеті бар.  Шамадан тыс көп жұмыс істейді. Кейін ол денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ойламайды да.

Болжам: Бикештер үшін келер жыл қаншалықты ауыр болса да, сәтсіз болмайды. Жыл басында адамдармен қарым-қатынасыңызға мән беріңіз. Сонымен қатар сіздің шамадан тыс ысырапшылдығыңыз қаржылық шығындарыңыздың көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Ақшаңызды қарызға беруге және несие алудан аулақ болыңыз. Шығындарыңызды қайта қарастырғаныңыз артық етпейді. Қоян жылында еріншектікке салынбай, еңбекқор болсаңыз, сізді керемет жаңалықтар күтіп тұр.

Таразы

(23 қыркүйек – 22 қазан)

Сипаттамасы: Әрдайым күмәнмен өмір сүретін адамдар. Бірақ олар табиғатынан мейірімді, сыпайы. Сұлулықты сүйетін эстеттер. Басқа жұлдыз белгілерінен айырмашылығы — таразылар қандай жағдай болса да өзін-өзі ұстай алады.

Жұмыс істейтін ұжымы оларды ерекше бағалайды. Табиғатынан өте нәзік болғандықтан, кез келген нәрсеге тез ренжіп қалады.

Болжам: Таразылар үшін 2023 жыл есте қаларлықтай жыл болатыны сөзсіз. Себебі жеке өмірінде де, жұмысында да оң өзгерістер болады. Жылдың басын айналаңыздағы адамдарға көңіл бөлуден бастаңыз. Жаңа таныстықтардан да қашпаңыз. Бұл жаңа орта табуыңызға септігін тигізеді.

Қаржылық сауатыңызды барынша арттыруға тырысыңыз. Бірақ астролог мамандар қаржылық тәуекелге бармауға кеңес береді. Үлкен жобаларға ақша жұмсамаңыз, себебі қаржылық жағынан таразылар үшін оңай болмайды.

 Сарышаян

(23 қазан – 22 қараша)

Сипаттамасы: Ештеңеден қорықпайтын, батыл, тағдырдың кез келген сынына төтеп бере алатын адамды көрсеңіз, ол сарышаян белгісінде туған деп біліңіз. Олар достықты бірінші орынға қояды. Дұшпандары да жоқ емес… Достықты жоғары бағалайды, досы жасаған жақсылықты ұмытпайды. Дұшпанында қалып кеткен кегін де алмай қоймайды. Олар — жақындарына сөзбен де, іспен де көмектесе алатын адал дос. Кез келген қиындыққа төзе алатын қайсар жандар.

Болжам: Үлкен өзгерістерге дайын болыңыз. Әсіресе жақын ортаңыз жаңаруы мүмкін. Сәуірдің соңында болатын оқиғаларға мұқият болыңыз. Бұл кезде Айдың тұтылуы жеке өміріңізге өзгерістер алып келеді. Некеге байланысты жоспарыңыз болса, кейінге қалдырыңыз. Себебі қоян жылы сарышаяндар үшін шаңырақ көтеруге қолайлы емес.

Кейде арманға қол жеткізу мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін. Бастысы, өзіңізге сеніңіз. Мақсатыңызға жетуге табандылық көмектеседі.

Мерген

(23 қараша – 21 желтоқсан)

Сипаттамасы: Мергендер біреуге мойынсұнуды ұнатпайды. Сондықтан болар, көбіне өз әлемінде өмір сүреді. Астрологияда бұл белгінің өкілдерін «авантюристер» деп санайды. Олардың өмірлік философиясы — өмірді жақсартуға өз үлесін қосу.

Бұл жұлдыз белгісінің жағымсыз қасиеті — тым көп уәде беріп, кейін оны ұмытып кетуі мүмкін. Олар көбіне бір нәрсеге алаңдап жүреді. Шыдау және күту дегенді жек көреді. Соған қарамастан мергендер терең білім мен даналық иесі саналады.

Болжам: Қоян жылы мергендер үшін қолайлы жыл болады. Жылдың басында тосынсыйлар көп болады. Бұл өмір сүру жағдайыңызды едәуір жақсартуға көмектеседі. Жағдайыңызға қарай әрекет етіңіз. Сонда ғана қиындықтардан оңай құтылып кетесіз.

Мергендерді әрдайым Шолпан ғаламшары қолдап жүреді. Ғаламшар сізге жеке өміріңіздегі мәселелерді шешуге әрі ақша табуға көмектеседі.

Ойлап жүрген жобаңызды бастау үшін қоян жылы керемет уақыт. Соған байланысты сізді қызметте өзгерістер күтіп тұр. Бұл — жұмыс орныңызды ауыстыруыңыз да мүмкін деген сөз. Жұмыста «өскіңіз» келсе, оқуға уақыт бөліңіз. Денсаулығыңызды да ұмытпағайсыз.

Тауешкі

(22 желтоқсан – 20 қаңтар)

Сипаттамасы: Тауешкілерді көңілді, өмірге жеңіл қарайды деп айта алмаймыз. Бірақ бұл — олардың жақсы қасиеті. Бұл белгінің өкілдері мақсатқа жетпей қоймайтын күшті және төзімді адамдар. Барлығын бақылауда ұстағысы келетін, тәртіпті жаны сүйетін жандар. Олар ақша табуды біледі әрі жақсы көреді. Сонымен қатар олар сенімді серіктес бола алады.

Жұмыста табысты адам болғанымен, отбасында көп мәселелер туындайды.

Болжам: Тауешкілер алдағы жылда денсаулығына байланысты мәселелерге тап болуы мүмкін. Денсаулығыңызға қазірден бастап мән беріңіз. Жылдың бірінші жартысында үйге, отбасына, тұрғылықты жеріне байланысты мәселелер туындайды. Сол үшін жылжымайтын мүлік сатып алу, үйді жөндеу сияқты шаруаларды кейінге қалдырыңыз.

Қоян жылы сәтті болсын десеңіз, туыстарыңызбен жақын араласып, сенімсіз адамдармен жұмыс істеуден бас тартыңыз.

Суқұйғыш

(21 қаңтар – 19 ақпан)

Сипаттама: Суқұйғыштар сезімге сараң. Кейде айналасындағыларға қатал көрінуі мүмкін. Бірақ олар — дос бола білетін, қарым-қатынасты оңай құра алатын адамдар. Олар басқаның пікіріне құлақ аспауы мүмкін, бірақ соңында мәселенің шешімін өзі тауып шығады.

Адамның жай-күйін сезініп, түсіне алатын ерекше қасиеті бар. Өтірікті жек көреді. Достары көп болғанымен, іштей жалғыз адамдар…

Болжам: 2023 жылды суқұйғыштар шығармашылыққа арнайды. Идеяны жүзеге асыруға көмектесетін достарыңызбен, пікірлес адамдармен байланыс орнатуды бастай беріңіз. Осы жылы жаңа жобаның тұсауын кесесіз немесе жайлы жұмысқа орналасуыңыз мүмкін. Қоян жылы шытырман оқиғаларсыз өтпейін деп тұр.

Сіз үшін осы уақытқа дейін маңызды болып келген нәрселер Жаңа жылда өз маңызын жоғалтуы мүмкін. Бұны тек жақсылыққа деп жорыңыз.

Отбасыңызға, үйіңізге, қарт ата-анаңызға көңіл бөліңіз. Оларға сіздің көмегіңіз қажет болуы мүмкін.

Балықтар

(20 ақпан – 20 наурыз)

Сипаттама: Балықтардың бойында барлық жұлдыз белгілерінің қасиеттері бар. Ақылды, жомарт адамдар үнемі бір нәрсеге алаңдап жүреді. Артық қорқыныш балықтарды күйзеліске ұшыратады. Кейде өзіне тым сенімді болып кетеді. Бір қарағанда, олар романтиканы ұнататын, арманшыл жан болып көрінуі мүмкін. Бірақ ренжіген адамына тез көңілі «суып қалады».

Бұл белгідегі әйелдер сезімталдыққа ие және сезімге тым берілгіш. Олар отбасында тұрақты, балаларына мейірімді және әділ болып келеді.

Болжам: Қоян жылы балықтар үшін жағымды тосынсыйларға толы болмақ. Материалдық жағдайыңыз жақсарып, жан-жақты дами бастайсыз. Қосымша табыс көзі табылып, жұмыссыз жүргендер жұмысқа орналасып кетеді.

Ал жылдың соңы сіз үшін қызықты кездесулерге толы болады. Соның әсерінен жаңа нәрселер үйреніп, жаңа хобби пайда болуы мүмкін. Мақсатыңызға жету қиын болғанымен, бұған қызықты жолмен қол жеткізесіз.

Әзірлеген Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button