Ел ағасы Есімқан

Есімқан Есенбаевтың есімін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Ұзақ жылдар ел басқарып, халықпен бірге келе жатқан азамат бүгінде жетпіс бес жасқа толып отыр.
Оның көпшілік қадірлейтін, құрмет тұтатын басты қасиеті — үлкенмен де, кішімен де емен-жарқын араласып, тіл табыса білетіндігі. Елдік істерде азаматтық танытып, алғы лектен табылатындығы.
Жас кезінде өзінің алдындағы ағалардан үлгі алып, ал өзі тізгін ұстап, ілгері шыққан кезде кейінгі буынға жол көрсеткен Есімқан Қалмағамбетұлының бүгінге дейін жүріп өткен жолы қоғамымыздың даму кезеңдерімен сабақтас өрбиді.
Ағалардың алақаны
Еңбек жолыңды алғаш бастаған жылдарда жақсы адамдарға жолығуың, ағалардың аялы алақаны мен шынайы қамқорлығын сезінуің — бір бақыт. Ең бастысы, сол ықыласқа сәйкес ілгері ұмтылуың, сенімді ақтауың.
Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде, жиырма жеті жасында бітіріп келген жас маман Есімқан Есенбаев бұл тұрғыдан өзінің жолы болған адам санайды. Өзі орта мектептен кейін техникумда білім алып, одан соң сол уақыттағы тәртіпке сәйкес Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келіп, жоғары оқу орны қабырғасына есейіңкіреп барады. Осылайша институт қабырғасында өзінен біраз кейінгі жастарға ақылшы бола жүріп, өзі де біраз есейіп, үлкендіктің тәжірибесін толықтырады. Студенттік кезде, оқу сатылары жоғары курсқа ауған тұста Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі Дәметкен Зайноллақызымен шаңырақ көтереді. Содан кейін ағаларының тәрбиесіндегі курстастары осы үйдің дастарқанынан өріп, студенттік шайді бөлісіп ішкен күндер аз болмайды.
Қосдипломды ерлі-зайыптының елге келуі жақсы жаңалық ретінде қабылданды. Ол кезде Есімқан туып-өскен өңір — Қобда ауданын атақ-даңқы дүрілдеп тұрған, беделі биік Алтынбек Әкімжанов аға басқаратын-ды. Бір жағы өзіне сенімді болғанымен, екіншіден, осындай адам басқаратын ауданда қызмет істеу жауапкершілігі көңілін қобалжыта түскендей де еді. Оның үстіне ауыл шаруашылығының белгілі ұйымдастырушысы ретінде танылған, талабы қатты, тәжірибелі басшы Абылай Балманов тізгінін ұстаған «Жарық» кеңшарына келіп, бірден бас инженер қызметіне тағайындалуы да енді бұрынғыдай босаңсу болмайтынын білдіргендей болатын.
Қай шаруашылықта да жұмыстың бәрі техникаға тәуелді. Бірінен соң бірі жалғасып келіп жататын науқандық жұмыстардың қай-қайсысы да көлікті қажет етеді. Ал оларды жарақты күйінде ұстап, үйлестіріп жұмысқа салу — бас инженердің міндеті.
Ол кезде колхоз-совхоздардағы қызмет атқаратын бас мамандардың қай-қайсысы да аудан басшысының назарында тұратыны белгілі. Өйткені шаруашылықтың қай буынында олқылық орын алса, бұл сол саладағы бас маманның кемшілігі деп саналады. Сондықтан да олардың қай-қайсысы да жұмыстарын беріле атқарып, шамалары келсе, кейінде қалмауға тырысатын.
Жас инженер Есімқан да сол тұстарда осындай күйді бастан өткергенін жасырмайды. Тіпті бүкіл ел сыйлайтын басшы — Алтынбек ағаның сенімін ақтауым керек деген ой санасына әбден сіңгені соншалық, күндіз-түні тыным таппай, бірде егіс алқабында, енді бірде малды ауылда қонып қалып жүрді. Ал жас дәрігер Дәметкенге де тыныштық бола қойған жоқ. Ол да ауыл тұрғындарының амандығы үшін кейде сағатпен санаспай, еңбек ете беретін. Сол кездегі Жарық ауылында қанша нәрестеге кіндік шеше атанғанын өзі де есептей алмай қалған болуы керек. Бергіректе, ол ауылдан кеткендеріне қаншама жыл өткенде әр жерде кездесіп қалған адамдардың мұны танып, бізге шапағатың тиіп еді кезінде деген жылы сөздерін естіп қалу көңілін талай рет толқытқаны рас.
Иә, бүгінде өздері де аталық-әжелік жасқа жетіп отырғанда, сол күндердің бәрін сағынышпен еске алады. Сондайда ағалардың қамқорлығы, жылы алақаны ойға оралады. Сол ізбен кейін өздері де қаншама жасты жақсы жолға жетеледі екен…
Отызында орда бұзған
Бас инженер болудың біраз қиындығын меңгеріп, тәжірибесін толықтырып, шаруашылықтың басқа да көп тірлігіне кеңінен араласа бастаған тұсында кеңшар директоры Абылай Балмановты Қарабұтақ аудандық атқару комитетінің төрағалығы қызметіне жібереді. Оның орнын кім басады?
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алтынбек Әкімжанов бұған дейін де бірнеше рет кездескенде түрлі сауалдар қойып, кейде бірқатар күрделі мәселеге қатысты пікірін де біліп отыратын. Енді бірде тікелей тапсырмалар беретін. Соның бәрі бекер емес екен. Бір жағы сыннан өткізіп, бір жағын жоғары басшылық қызметке дайындап жүр екен ғой.
Өзінің әлі шаруашылық басқаруға тәжірибесі жеткіліксіз деп есептеп, қобалжуы басым болғанымен, Алтынбек аға қазақтың «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген халықтық қағидасын алға сала отырып, бұған сенетіндігін білдірді. Содан кейін бұл лауазымға бекітуге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцовтың қабылдауына жіберді.
Ливенцовтың алдына ол кезде кез келген адам батып кіре алмайды, талабы қатаң, ешкімді алдыға шығармайды. Облыс басшысының қабылдауын күтіп отырып қалған бес-алты сағат ол үшін өте ауыр соқты. Неше түрлі ойлар басқа келеді. Қалай қабылдайды, не дейді? Бір қызығы, Ливенцов құжаттарды жедел қарап шығады да, «Әкімжанов ұсынған екен, басқа не дейміз, жолың болсын!» деп бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымын жасайды.
Жас директор тізгінін ұстаған «Жарық» кеңшары бұрынғыдан да жарқырай түсті. Есімқан өзінің ұстазы іспетті Абылай Балманов ағасының көп игі бастамасының ізін суытып алмай, жалғастыруға күш салды. Сонымен бірге уақыт талабына сай жаңа істерді жүзеге асыруды да ұмытқан жоқ. Бұл ретте шаруашылықтағы техниканы жаңарту, технологиялық процестерді жетілдіру, қол жұмыстарын механикаландыру ісіне көбірек көңіл бөледі.
1985 жылы елде қайта құру деп аталатын науқан басталды. Жаңаша ойлау, жаңалықтар енгізу басты мақсат етіп алға қойылды. Кадрларға қойылатын талап та өзгерді. Сондай кезеңде жоғары басшылық «Жарық» кеңшарының директоры Есімқан Есенбаевты астық өңір — Комсомол аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберуге шешім қабылдайды. Бұл қызметті абыроймен атқарған ол 1991 жылы Комсомол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Одан кейін жаңа атауға ие болған осы Бөгеткөл ауданының әкімі болып тағайындалды. 1994 жылдың мамырынан облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне көтерілді.
«Есімқан Қалмағамбетұлы жұмыстың қай саласына жіберілсе де, бар ықыласымен қызмет жасады. Оның жұмыстағы жетістігі мен ел басқарудағы кемелділігі — қайда істесе де қарауындағы қызметкерлердің жұмысқа деген ұмтылысы мен ынтымағын қалыптастыра түсті. Соның нәтижесінде ол басшылықта болған жерде жұмыс көрсеткіші мен алға қойылған міндеттер абыроймен орындалып отырды. Жалпы алғанда, оның қара басындағы менмендіктен ада қарапайымдылық, адамдармен пікір бөлісе алатын түсіністіктегі шынайылық оны ел-жұрт арасында абыройға ие етті» деп жазыпты шежіреші ақсақал, ел тарихын жақсы білетін, өзі де кезінде партия, кеңес органдарында қызмет атқарған Қапаз Еламанов содан кейінгі уақытта.
Осыдан артық азамат еңбегін бағалау мүмкін де болмас, сірә.
1995 жылы Есақаң облыс орталығының іргесіндегі Ақтөбе ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл аудан ол кезде қаланы азық-түлікпен, оның ішінде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін. Осы бағытта маманданған ірі шаруашылықтар кейде өздерінің ішкі есебіне қарай бұрып, өнімдерін өткізуге аса мүдделілік де таныта қоймайтын. Сондайда жергілікті атқарушы билік оларды өзара түсіністікке шақырып, істің ретін келтіріп отыруы тиіс-ті. Бұған дейін де мұндай шаруалардың талайын атқарған Есімқан Қалмағамбетұлы үшін белгіленген міндетті жүзеге асыру аса қиынға соға қойған жоқ. Бұл жерде де оның ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен тіл табысып, тапсырманы орындауға иландыра білу ерекшелігі айқын көрінді. Сол тұстарда облыс орталығында тұрғындарды әсіресе картоппен, басқа да көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету жүйелене түсті. Оның үстіне қала дүкендеріне фермалардан жаңа сауылған сүт те дер кезінде жеткізіліп жататын. Көзге көріне бермейтін басқа да көп шаруа жүзеге асып жатты.
Бұдан кейін ол Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Мұнда да осы жұмыстар жанды жалғасын тапты.
Әлеуметтік салада қиындықтар туып, жұмыссыздық белең алып, жалақы төлеу кешіктірілген сәттер де ескі көздердің есінде болар. Есақаның облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалатыны нақ осы шақ.
Ал Есімқан Есенбаевтың өзі бұрын жеті жылдай басшылық қызметте болған Әйтеке би ауданына екінші рет әкім болып тағайындалуы — оның еңбегінің бағалануы, ел сенімі деген дұрыс болар.
Есімқан Қалмағамбетұлының ұзақ жылғы еңбегі өз бағасын алып келеді. Оның кеудесіндегі «Құрмет», «Парасат» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», басқа да медальдары, өзге де көптеген марапаттары — маңдай тердің, елге қызметтің жемісі іспетті.
Ал Әйтеке би ауданының құрметті азаматы атағын алуы осы өңірдегі ел-халықтың ыстық ықыласы деп біледі. Күні кеше ғана ол Ақтөбе облысының құрметті азаматы атағын алды.
Мұның барлығы — азаматқа деген ел құрметі.
Сабақтастық
Әке жолы — балаларға үлгі. Ел ағасы бола білген Есақаң өз перзенттеріне де жақсы тәрбие, байыпты бағдар берді. Ең бастысы, үлкенді құрметтеуге, кішілерді қамқорлауға үйретті, адамдармен араласуға, тыңдай білуге бейімдеді.
Өзі дүниеге келген, кіндік қаны тамған Ортақ деп аталатын ауылды әлі күнге дейін жанына ыстық тұтады. Әркімге де туған жері ыстық қой, дегенмен бұл мекенді Есақаң мүлдем өзгеше санайды. Ортақ Орынбордың Ақбұлақ ауданымен көршілес орналасқан. Кешегі бір шекара болмаған уақытта Ақбұлақ пен Ортақтың адамдары бір-бірімен туыстай араласып, өзара жиі қатынасып тұратын. Облыстан да, аудан орталығынан да өтетін үлкен жолдан шалғайлау орналасқан ауылдың атына сай мұнда қай істі де ортақ санап, үлкендері көш бастап, кішілері солардың өнегесін үлгі тұтатын дәстүр қашаннан қалыптасқан. Ортақтың еңбеккер халқы кешегі бір күндерде де жан-жаққа қоныс аударып, жайлы жер іздеп кеткен жоқ.
Есақаң осы ауылда балалық шағында нағашы атасының жанында көбірек болып, сол кісінің тәрбиесін көп көрді. Жалпы ата тәрбиесін көру өзгеше бір мектеп екенін қазір де жастарға жиі айтып жүреді.
Сол Ортақта бозбала кезінен еңбекке араласты. Нағашы атасының батасына сай жақсы болуға талпынды.
Осындай тәрбие көрген әкенің тағылымымен өскен Асылбек пен Ақылбек жоғары білім алып, егемен еліміздің өркендеуіне қызмет ететін білікті мамандар болып шықты.
Асылбек Қазақстан Даму институтында, «Стратегия» талдау орталығында қызмет етті, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде кеңесші болды. Астана қаласында тұрғын үй және құрылыс басқармасына жетекшілік жасап, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму Қазақстандық институты» коммерциялық емес акционерлік ұйымы басқармасының төрағасы қызметі тізгінін ұстады. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы Есіл ауданының әкімі.
Ақылбек — «Қазмұнайгаз» компаниясын саласындағы белді мамандардың, білікті басшы азаматтардың бірі. Екі бауырының ортасындағы Гүлнәр қашанда айналасына жанашыр, бәріне қамқор болып жүргені.
Ең бастысы, әке тәлімін ана мейірімін бойларына сіңірген балалары үшін басты мақсат — өздерінің білімі мен білігін еңбекке жұмсау, жақсылық пен игілікті істерге қызмет ету. Бұндай сәтті сабақтастық Есенбаевтар әулетінің абыройын арттыра түсетіні анық.
Ал бүгінде ақсақалдық ауылына қадам басқан елдің қадірлі ағасы Есақаң — Есенбай Қалмағамбетұлы үшін бұдан артық не бақыт керек?!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



