Күлкі базары

Аяз атаға хат

(әзіл әңгіме)

Жөкетай құрдасым — жақсы жігіт. Жаман қасиеті ойын көтермейді. Аузы бұртиып, көзі айналып шыға келеді. Үндемей келіп абайсызда қауып алатын, ауладағы байлаулы ит сияқты.

Бірақ өте сенгіш. Бала күнімізде құлыншақтай алысып өстік. Бірге жетілдік. Оның бір әдеті бар. Жаңа жыл мерекесі жақындаса, қолына ақ парақ пен қаламсап алып Аяз атаға бұрқыратып хат жазады. Ауылда ержеткенше бұл әдетін тастаған жоқ. Жыл сайын велосипед сұрайды. Ақыры атасынан мүлдем жауап келмеді.

Әйтеуір, жазғыш. Қазір тек бас жазады. Ақыры ауылда қалды. Үйленді.

Соғымның науқаны басталғанда көзі жайнап жүреді. Құрдастарын жағалап қуырдақ жейді. Бүгін жүз грамды біраз сілтеп жіберді. Баяғы Аяз атасы есіне түсіп, еңкілдеп жылады. «Атам-ай» деп, жасы елуге келген еркектің еңкілдеп өксігені жүрек ауыртады. Кредитін жоқтаған қазақтың әйелдері сияқты. Аянышты. Бөшкедей қатыны Мағрипамен сөзге келіп қалды.

— Аяз ата жоқ, — деді әйелі.

— Бар…

— Атаңның басы, бар болса, қайда? Осы сен шалға сенуіңді қашан қоясың? —деп, танауы бәйгеге қосатын тұлпардай таңқиып қалған Мағрипа, құрдасымның үстіне секіріп мініп қылғындырды.

Көршілері әрең айырды. Жұдырығы бокстан әлем чемпионы Тайсоннан асып түседі. Ұрғанын құлатады. Бұдан бастық біткен қашып жүреді. Өткенде балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны даулап көшеге шыққанда он полицияның күші жетпей күшенді. Содан Жөкетай масаңдық әсер етті ме, білмеймін қолына қалам алып келе жатқан Жаңа жыл мейрамына қарсы Аяз атасына хат жазды.

«Аса құрметті, ақ сақалды Аяз ата! Сізді құдамдай сыйлаймын. Қатты сенемін.  Мен өзіңізді бала күнімнен жақсы көремін. Маған 2023 жылы су жаңа, фигурасы «мощный» тоқал әкеліп берші. Біздің қатын тозды. Шаршадым. Әбден былшиып семіріп алды.

Сәлеммен Жөкетай» — депті.

Хатты таң атпай әйелі тауып алды. Оқып шықты. Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

— Ей,сүмелек саған тоқал керек екен ғой, — деді Мағрипа ерні кезеріп.

— Қандай тоқал?

Жөкетай араққа тойып алып, түнде Аяз атаға хат жазғанын ұмытып тұр.

— Мына хатты сен емей, мен жаздым ба? Бейшара, бұған қазір бала да сенбейді.

— Қатын қойшы, Жаңа жыл келе жатыр… — деді басын ұстап. Бірдеңе бүлдіргені енді есіне түсті.

Тоқал деген сөзді естісе, Мағрипаның төбе шашы тік тұрады.

— Жазғыш болсаң Аяз атаңнан тоқал сұрағанша неге ауданға дені дұрыс жаңа әкім, халыққа жаны ашитын депутаттар сұрамайсың? — деп, үйден жалаң аяқ қуып шықты.

Жөкетай қазір суық сарайда дірілдеп,  саусақтары бүрісіп бірдеңені шимайлай бастады.

Бұл жолы хатты Аяз атасына емес, қайны атасына жазып жатыр…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе қаласы.

Жаңажылдық әзілдер

Жаңа жыл мерекесі өткеннен кейін екі дос:

— Жаңа жылды қалай қарсы алдың?

— Білмеймін, әлі ешкім айтып берген жоқ …

— Айыпталушы, сіз әмиянді қашан тауып алдыңыз?

— 31 желтоқсан күні.

— Онда неге бірден милицияға тапсырмадыңыз?

— Сол күні милицияда ешкім болмады.

— Ал келесі күні ше?

— Келесі күні әмиянда ештеңе қалмады.

— Жаным, Жаңа жылға қандай сыйлық алғың келеді?

— Ой, білмеймін тіпті …

— Жақсы, онда саған ойлануға тағы бір жыл уақыт беремін.

 

КОРПОРАТИВКЕ БАРАСЫЗ БА?

Жаңа жыл жақындаған сайын былтырғы жылғы корпоратив есіме түсе береді. Дәл 31-інші желтоқсан күні кәллектип болып жиналып едік-ау! Бұрын корпоратив дегенге кiм барып көрген, шынында керемет екен! Қызметтес қыз-келiншектер қосағын ертпей, өздерi ғана келiптi. Тәртiп солай көрiнедi. Мен де «бойдақ» болып барғанмын. Сонымен, не керек, жаңа жылды, қазақша айтқанда, әкесiн танытып тұрып тойладық. Бәрiнен қызығы, мен қасқыр болып, директордың хатшысы сылаңдаған Сұлубике қоян болып киiнiп, екеумiз қуысып ойнап жүрiп, қалың жұрттан бөлiнiп кетiппiз… Артынан, бiрақ бұл қылығым үшiн директорымыздан қатаң сөгіс алдым…

Жарайды, оның бәрi өз алдына. Корпоративтен соң үйді-үйімізге тарамақшы болып далаға шықтық. Жайшылықта бастары бiр қазанға сыймайтын бiздiң ұжым ендi қайтып көрiспейтiн адамдарша бiр-бiрiмен қайта-қайта сүйiсiп, әрең деп қоштасқаны есiмде.

Қазiргiдей көз алдымда, жапалақтап қалың қар жауып тұрды. Аяқ астынан ақындығым ұстап кеткен мен баспалдақтың үстiне шығып алып, «жапалақтап ақша қар жауады тынбастан» деп, шатып-бұтып өлең оқыдым ғой деймiн. Содан кейiн әндетiп үйге қарай кетiп бара жатқанымды бiлемiн. Бiрақ құдай атып, орталықтағы саябақтың тұсынан өте бергенде, аққала болып үйiлген қардың бiр шетiне отыра қалып, азырақ қалғып кетiппiн. Әрi-берiден соң үстi-басын аппақ қар басқан менi көше тазалағыш машина қармен бiрге жүк көлiгiне артып жiберсе керек. Әйтеуiр, шопыр жiгiт бiр құдайға қараған адам екен, қаланың сыртына шығып, үстiндегi қарды аударғанда, серейіп жатқан менi көрiп, өлген адам деп ойлап, мәйiтханаға әкелiп тапсырып кетiптi. Жаңа жылды қарсы аламыз деп дүбiрлесiп жүрген мәйiтханадағылар менiң өлi-тiрi екеніме қарамастан, бiр бұрышқа тастай салғанға ұқсайды.

Уақыттың қай мезгiл екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, қақаған суықтан қалшылдап ояндым. Айнала тастай қараңғы. Анау тұстағы бiр есiктiң саңылауынан жарық бiлiнедi. Солай қарай тәлтiректеп жетiп, ақырындап ашып едiм, ар жағында ақ халатты екi ер адам мен бiр әйел дастарқан басында өздерінше гуiлдесiп, Жаңа жылды тойлап отыр екен. Тiптi жандарына келiп, сүмiрейiп тұрған менi байқар емес. Бұлай тұра берсем, олардың таң атқанша байқамасын сезген соң, өзiмше: «Кеш жарық!» деп дыбыс бердiм. Бергенiм бар болсын, Жаңа жылға тiлек айтып тұрған келiншек сол тұрған орнында «гүрс» етіп құлап, ес-түссiз қалды. Ақ халатты еркектiң бiрi терезенi бұзып шығып, далаға қашты. Үстел басында қалған тағы бiрiнiң қашуға шамасы келмедi бiлем, тек қорқыныштан иегi дiрiлдеп, қолындағы рөмкесiн маған ұсына бергенi есiмде. Ана жақтан дiрiл қағып, тоңып шыққан маған да керегi осы едi, алдым да тартып жiбердiм. Менiң арақ iшетiн «аруақ» екенiмдi бiлген соң дәрiгер жiгiт тiптi қуанып кеттi бiлем, тағы бiр мәрте құйып бердi. Екi-үш рөмкенi қызыл өңештен жүремелете асырған соң, әлi де қорқыныштан есiн жия алмай тұрған дәрiгер жiгiтке ешқандай аруақ емес, өздерiндей тiрi адам екенiмдi жеткiздiм.

Осы кезде есiме үйдегі Мықтыгүл түсiп, хабарласа қояйын деп телефон сұрап едiм, әжептәуiр қызыңқырап алған дәрiгер жiгiт:

— Телефон нөмiрiңiздi айтыңызшы, жеңгейден сүйiншiнi өзiм сұраймын, — деп өзеуредi.

Содан бiздiң үйдiң телефонын терiп, «мәйiтханадан звондап тұрмын» деуi мұң екен, ана жақтан бiрдеңе «дүрс» етiп құлағандай болды.

Дереу такси шақырып, барлығымыз апыл-ғұпыл бiздiң үйге тарттық. Келсек, шынында да Мықтыгүл байғұс телефонның жанында серейіп талып жатыр екен. Оқиға былай болыпты. Мен кешiккен соң ашуға мiнген бәйбiшем қаладағы емхана мен полиция бөлiмшелерiнiң бәрiмен хабарласып шығады ғой. Ешбiр жерде жоқпын. Ендi не iстеймiн деп есi кетiп отырғанда, телефон шырылдап, ар жағындағы адам «мәйiтханадан хабарласып тұрмын» дегенде, Мықтыгүл қанша мықты болса да, есiнен танып кеткен екен…

Сөйтiп, сол түнi бәрiмiз Жаңа жылды бiздiң үйде қарсы алып, менiң «о дүниеден» аман-сау қайтып келгенiмдi таң атқанша «жуып» едік.

Міне, биыл да Жаңа жыл мерекесі де жақындап келеді. «Шіркін, кәллектиппен корпоративке барып, көңiл көтергенге не жетсiн!» деймін іштей. Бiрақ былтырғы жылғы жағдайдан кейін Мықтыгүл менi кiсен салып ұстаса да, корпоративке жiбермейтiн шығар…

Сайлау БАЙБОСЫН.

 Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button