Күлкі базары

Батыр бөлісу

Он тоғыз ата Жөке әулетінің игі жақсылары айына бір-бір үйден бас мүжісіп, туыстықтарын түйіндей түсіп, тарқасып жүр. Әзірге «сіз», «біз» ауылынан ұзай қоймады.  Бірнеше жыл ауданда кәсіподақ ұйымын басқарған Мәкең осы әулеттің құрметті президенті. Әрине, президент айтты —заң орындалады. Қазір ел аузына іліне бастаған інілері,  атқосшылары айтқанын бұлжытпай орындап жүр. Айтпақшы, он тоғыз рудың жеке-жеке, өз алдына президенттері бар.Барлығы жиылып Мәкеңнің аузына қарайды.  Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі М.Горбачевке бағынатыны сияқты.

Күні кешеге дейін бұл әулет бірін-бірі туыс санау былай тұрсын, танымай да келген еді. Кейінгі кезде ру-ру болып, ырду-дырду әңгіме, қызу-қызу іс-әрекет көбейгелі «ауқымымыз кеңи берсін, қомақты ел екенімізді былайғы жұрт біліп, қарамыздан қалтырап жүрсін» деген оймен Жөкеден тараған он тоғыз ата баласының басын қосып, үлкен алқалы жиын өткен.

Қызу-қызу әңгіменің көкесі, талас-тартыс сонда болды. Ақыры барлығы бір тудың астында бірігуге сөз байласты.

Тарап кеткен Кеңес үкіметінің бұрынғы мүшелері ықылассыз ынтымақтасып, тәуелсіз мемлекеттер достастығын ұйымдастырғаны сияқты он тоғыз ата балалары бір шаңырақта бас қосқанымен, әрқайсысы өз ықпалын, өз беделін жүргізіп қалуға тырысып бағады. Әсіресе коммерцияны гүлдендіріп, қолына үш тұз пайда болған шортандар күжірейіп, тоқтығы мен шоқтығын білдіргісі келіп, кей-кейде боқтығын шашып қалады. Әйткенмен, керегені кеңейтіп, іргетасын бекем ету керек қой. Президент Мәкеңнің пәрмені тағы бар. Әзірге сырт көзге білдіргісі, ішкі сырын ілдіргісі келмей, оңашада бас қосып, әлденелерді құпия айтысып тарқасып жүр.

Тіфә-тіфә, тіл-көзден сақтағай!

«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Жөке әулетіндегі бүліншілік батыр бөлісуден басталды. Ана бір жолы осы Жөкеден тараған аталардың ішінде Қалманбет руының баскөтерлері көп болып, қаржы жинап, шежірелерін кітап етіп жаздыртып, шығарып үлгерді. Жөкенің өзге балаларынан тараған ұрпақтары бұған іштері қыжылдай қарады. Әйткенмен қалманбеттіктер әдептен озбапты. Шежіренің біссімілләсін Жөкеден таратып, соңғы жағында ғана өз аталарын айтып өткен. Кітапты Қалманбеттен тараған қырандардың суретімен көмкерген.

Шатақ күллі Жөке әулетіне ортақ Мамадияр батырды аға баласы Белгібай руының перзенті етіп жариялап жіберуінен басталды. Кезінде Құмбасқан шаһарын қорғауға қатысқан, қытай, моңғол жылнамашыларының, тарихшыларының кітаптарына енген Мамадияр батыр қалай ғана тек Белгібай руының перзенті болып қалмақ?.. Оған дәлел кәне?

— Мамадияр батыр біздің рудан шыққан екен. Оған дәлел ретінде өткен ғасырда өмір сүрген Бәтір ақынның дастанын келтіруге болады. Былтыр жергілікті баспадан шыққан шежіреші Одан-бұдан Құрағановтың  кітабында солай делінген, — деп алға суырылып шықты Пірәлі.

— Паһ, шіркін! Сен де соғады екенсің. Бәтір деген ақынды естісем, құлағым керең болсын!

Жергілікті баспадан кітап шығарғыш Одан-бұдан Құрағановтың төрт-ақ кластық сауаты бар. Ол қашаннан бері шежіреші бола қалып еді? Мамадияр батыр біздің Содыр руына тән. Руымыздың аты да ерлікті, батырлықты меңзеп тұрған жоқ па? — деп бір бүйірден Балқыбек қосылды.

— Мамадияр батыр, мен білсем, Содыр руынан да емес, Сасықтан. Өйткені біздің Сасықтан батырлар көп шыққан. Әлгі Кенжебайдың  Елемесі рэкет болып, қаланышулатып жүр емес пе? Батырлар осындай рудан шықса керек, — деп, Қитық шал таяғын шошаңдатты.

— Әй, қақпас, таяғыңды шошаңдатпа! Сенің Сасығың әу бастан ұры-қары болған. Енді келіп бүкіл Жөкенің мақтанышы Мамадиярды иемдене қалуын.

Сендер Мамадияр батырдан садаға кетіңдер. Біле білсең, Сасық руы біздің Жөкеге кірме көрінеді. Ал әйтпесе, — деп, шеткерек отырған Қорқау руының тентегі Тәліп орнынан қарғып тұрды.

— Әй, мынау не дейді, ә! Кірмені көрсетейін саған, — деп, Қитық таяғын жіберіп қалды.

— О, қу кірме! Пәлен жыл бізді сағалап, ортамызды паналап, күндерін көру үшін ағалап жүрген немеге шыр бітейін деген екен ғой. Шошаңдауын қарашы-ей! Көкірегіңді басып қояйын сенің, — деп, Тәліп тамақ толы үстелді жапыра алға ұмтылды.

— Тартынба, Тәліп! Артыңда біз бармыз, Қорқау руының атына кір келтірме, — деп дем берді оған әлдекімдер.

— Руымыз Сасық болғанымен, пасық емеспіз. Өліспей беріспейміз, — Қитық бастаған қыршаңқылар алға лап қойды.

Төбелес басталып кетті. Кімді-кім ұрып жүр, біліп болмайды. Үй астан-кестен. Тамақ толы үстел аударылып, ыдыстар қирап қалды.  Келіншек, кемпір біткен үдере қашып, көшеге шықты.

— Бүйтіп біріккендерің бар болсын, — деп бір кемпір бетін шымшылады.

— Жөке әулетінің әңгімесіне араласпа деп менің байсымағым әлдеқандай болушы еді. Көрдік Жөкесін, төбелестің көрсетеді екен көкесін,— деп бір келіншек қисайып қалған орамалы түзеуледі.

— Бәсе, он тоғыз атаның баласы қайдан біріге қояды деп едім-ау. Он тоғыз ата түгіл менің екі балам бір-бірімен сыйыспайды. Бұлар қалай ішкі тонның бауындай бола қалды деп едім, — деді бір әйел үйден қашып шыққанында киіп үлгермеген туфлиін киіп жатып.

Дегенмен орамалы қисайған келіншек батыл екен.Үйге жақындап келіп, есіктен басын сұғып айқай салды.

— Әй, қатын, қоя тұр. Көптен қолым қышып жүр еді. Бір салысып қалайын, — деп, ыдыс-аяқтың даусы шыққан бөлмеден Қошқарбай басын қылтитты.

Осы кезде есік алдына бір машина келіп тоқтады. Машинамен келген кісі үрпиісіп тұрған қатындарды көріп:

— Ау, бұл не тұрыс, Жөке әулеті осы үйде бас қосып жатыр деп еді. Әлдебір жұмыспен кешігіп қалғаным, — деп балпаңдап үйге беттеді.

— Қайным-ау, — деп жолын бөгеді бір әйел, — кешіккенің жөн болған екен. Ішке кірмей-ақ қой, онда бауырларың Мамадияр батырды бөлісе алмай төбелесіп жатыр.

— Ой, неге төбелеседі? Мамадияр батыр біздің Маубас руынан еді ғой, — деп, жаңа келген кісі ішке зып берді.

Бұдан арғысы белгісіз. Естуімізше, біраз адамның көзі көгерген. «Төбелестің соңында келген кісі кімді ұрарын білмейді» дегендей, кешігіп келген Кердеңбай өз көкесін ұрып жығыпты. Қитықтың басы жарылған. Қошқарбайдың қолы сыныпты. «Қол сынса — жең ішінде», ағайынның таяғы майдай жағады екен» дейтін көрінеді сабазың.

Айтпақшы, Жөке әулеті иемденіп жүрген Мамадияр батыр Қаспақбай әулетінен екен деген сөз шықты.Президент Мәкең он тоғыз атаның рубасыларын зорға жинап, үлкен кеңес өткізіпті. Онда не айтылды, не мәмілеге келді, бұл жағы әлі құпия.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

 Ауылдың айтқыштары

 «ТОО-ның» емес, «О-ның» жүгерісі»

Оқа деген кісі жүгері алқабына қарауыл болады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жүгерісін түнімен көз ілмей күзетіп жүргенде өз үйінің шарбағына еккен кішкентай жүгерісіне ұры түсіп, есіл еңбекті бүлдіріп кетеді.
Содан Оқа шарбағындағы жүгерінің тұсына биік қада қағып, «Бұл бәріңе жете беретін «ТОО-ның» жүгерісі емес, бала-шағасына нәсіп іздеген «О-ның» (Оқа дегені) жүгерісі» деп жазып, іліп қойыпты.
Содан кейін Оқаның жүгерісіне ұрылар жоламайтын болыпты.

 Ток шәйнек

Бір кісі пішенге барарда жаңа түскен келініне заттарын қамдатады ғой. Шөп ору науқаны басталғанда апталап, айлап басында жатады. Жас келін асып-сасып жүріп тоқ шəйнек салып жіберіпті. Қайынатасы араға апта салып, пішеннен оралғанда, үйде күтіп алған келіні:  «Ата, шай қайнатып іше алдыңыздар ма?» — деп сұрапты. Сонда атасы: «Қарағым, оның несін сұрайсың, біз де бардық, свет те өшті ғой!» — деген екен.

…деген екен

Бірде әйгілі актер Серке Қожамқұловты белгілі сатирик Сейіт Кенжахметов қолтықтап келе жатса, Серке ақсақал сүрініп кетіпті. Сол жерде Сейіт қалжыңдап:
— Өзіңіз қартаяйын дегенсіз бе? Аяғыңызды нық баспайсыз ба? — дейді ғой.
Сонда, Сер-ағаң:
— Қайдағы қартайған, «Қазақфильм» кино түсіреміз, шалдың рөлін сомдайсың деген. Соған дайындалып жүргенім емес пе, — деген екен.

Дайындаған: Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button