Жаңалықтар

Оқырман

  • Еңбек адамы

КӨЛІК ТІЗГІНІНДЕГІ ЖАРТЫ ҒАСЫР  

Пайғамбар жасынан асып, жетпіс-сексенге іліксе де, еңбек етіп, кәсіппен айналысып жүретін ата-әжелеріміз бар. Осындай қайсар, қиындықтан қайтпай алға ұмтылатын, өзінен кейінгі буынға үлгі болып жүрген адамдар туралы көбірек айтып, жастарға үлгі ету керек.

Жетпістен асқан Қуанышбай Әлмұратов «КамАЗ» маркалы жүк көлігін тізгіндеп,  халыққа қызмет етіп жүр. Жасы үлкейгенде осындай үлкен көлікті әрдайым жарақты ұстап, адамдардан тапсырыс келгенде бірден жолға шығып кету оңай шаруа емес. Және бұл көлік тек қашық жерлерге жол тартады. Қапсағай денелі оны қашан көрсең де көңілі көтеріңкі болып, шаруаңды айтсаң, «мен дайынмын» деп тұрады. Бір сәті келгенде ағамызға жолығып әңгімелескен едік…

1950 жылы ауданымыздағы №62 разъезде Тобылғылы сай деген жерде дүниеге келіппін. Әкем шалғы орақпен шөп шабатын, мені 3-4 жасымнан бастап еңбекке баулыды. 1957 жылы әкем зейнеткерлікке шығып, Шалқарға көшіп келдік. Мұнда көшіп келгеннен кейін де әкем қолындағы бірді-екілі малға шөп шабуын тоқтатқан жоқ. Бір жылы әкем үлкен-үлкен сегіз шөмеле шауып үйді. Ол кезде көлік тапшы. «Әне әкелемін, міне әкелемін» деп жүргенде шапқан шөптің барлығын біреулер ұрлап тиеп кетіпті, еңбек зая кетті. Келесі жылы да шапқан шөбімізді өртеп кетіпті. Барлығы да көлік жоқтықтың кесірі болды, әкем мықтап налыды. Мен бірден әкеме: «Папа, өскесін көлік жүргізуші боламын», — деп алдыма мақсат қойдым.

1966 жылы наурыз айында мені автобаза деген кәсіпорынға дәнекерлеуші қылып қабылдады. Сол жұмысты істеп жүріп аталған мекеменің жанындағы шоферлық оқытатын автомектептен жүргізуші мамандығын алдым. 

Куәлік алғаннан кейін екі күннен соң «Уралзисть» маркалы машинаға отырып, тәжірибелі жүргізушілердің соңына еріп Ырғызға қатынадым. Қайтып келе жатып жемшөп алып қайтамын. Сөйтіп, әкемді жем мен шөп іздеуден босаттым. Одан соң «Зил-130», «Зил-131» маркалы машиналарды 13 жыл жүргіздім. Ал 1992 жылдан бастап «Камаз» көлігін тізгіндедім. Содан бері осы көліктен түспей келе жатырмын. Жалпы жүргізушілік өтілім — 54 жыл. Аллаға шүкір, денсаулық болса, әлі де халыққа қызмет істемек ойым бар, — деп жалғастырды әңгімесін Қуанышбай Айтоғысұлы.

Жүргізуші көп қой, соның ішінде «КамАЗ» көлігін жүргізудің қиындығы көп. Біріншіден, бұл үлкен техника, күрделі, тілін жетік білуің керек. Көбіне мүндай көлік тізгіндегендер ұзақ жолға шығады, қиындықтарға тап болады.

Жолда жүреміз, талай қызық оқиғалар да болды. 1989 жыл болу керек, қыс, күн боран, қасымда Құрманбай деген інім бар. Ұзын жолда келе жатып, жол бойында тұрған «Нива» көлігін көрдік. Қасында бір әйел зырылдап жүгіріп жүр, жүргізушісі состиып тұр. Сөйтсек, көліктің ішінде бір келіншек босанып қалған, кіндік кесетін пышақ жоқ, қобдида жүрген пышағымды ала жүгіріп, баланың кіндігін кестім, енді байлайтын жіп жоқ, ішектің өзін түйдім, үстімде тоқпен қызатын кеудешем бар еді, баланы сонымен орап бердім. Сырттан келе жатқан адамдар екен. Перзентханаға дейін жол көрсетіп, апардық. Мұндай жайттар көп болады үлкен жолдың үстінде, —  дейді ол.

Ағамыз бүгінде жепістен асып, сексенге бет бұрған. Жасын меңзеп едім, сұрақ қойғызбастан, әңгімесін әрі жалғады: «Бірде Ақтайлақ шешен «Ер басында бақыт нешеу, кемдік нешеу?» — деп сұрағанда, Қанай шешен: «Астыңдағы атың жүрдек болса — жалғанның пырағы, алғаның жақсы болса — үйіңдегі қонағыңның тұрағы. Әкең — асқар тау, шешең — қайнар бұлақ, балаң жақсы болса — екі көздің шамшырағы, — міне, бес бақытың осы», — деген екен. Сол айтқандай, денің сау болса, отбасың жайлы болса, машинаң жақсы жүріп тұрса, шаршамайсың», — деді.

Қуанышбай Әлмұратов көпшілікке қайырымдылығымен, батагөйлігімен де танылып жүрген адам. Жәрмеңкелерге аудан атынан қалаға тегін мал жеткізіп береді, әсіресе кешегі індет жайлаған кезде облыс орталығынан оттегі, дәрі-дәрмекке дейін тегін әкеліп беріп тұрды. Соның арқасында халықтан алғыс алып, мерейі көтеріліп жүреді. Батагөйлігі елдің арасында белгілі. Бұл ретте де кейіпкеріміз үнемі ізденіп, жалғаннан өткен би-шешендердің айтқандарын көңілге тоқып жүретінін айтады. 2021 жылы ауданда өткізілетін батагөйлер сайысынан

бас жүлдені жеңіп алды.

— Әкем Айтоғыс Әлмұратұлы Тотан байдың жылқысында қосшы бала болған. Атакәсіп — төрт түліктің жағдайын жақсы білетін, өте еңбекқор адам болды. Бізді де еңбекке баулыды. Әкемнің балуан ағасы болған, 19 жасында аурудан қайтыс болыпты.  Менің ірілігім де сол әкелеріме ұқсастығым шығар. Ал атам Әлмұрат өте шебер болған екен. Қуандық Ақшолақов ағайдың үйінде талдан тоқыған күбісі күні кешеге дейін болыпты. Үйде атамның ағаштан істеген кереуеті болды, мен оны музейге тапсырдым. Әке-шешеміздің арқасында ержеттік, — дейді ол.

Зайыбы Гүлсім Жәрекешова екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді, олар үйлі-баранды болды. Иә, өзінің адал еңбегімен елге сыйлы, абырой биігінен көрініп жүрген ардагер ағаларымыздың қатары сиремесін. Қуанышбай Айтоғысұлы 2021 жылы Шалқар ауданының «Жыл адамы» атанды. Осындай ағаларымыз әлде де үлкен қазыналы қарттыққа жетіп, ел халқына пайдасын тигізсін, абыздыққа жетсін демекпіз.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар қаласы.

 

  • Тағзым

ЕЛАМАНОВТЫҢ  ЕҢБЕГІ

Шежіресі мол Ырғыздың арғы-бергі тарихын зерттеуге үлес қосқан азаматтардың қатарында ұстаздық қызметте, комсомол, партия, кеңес ұйымдары салаларында абыройлы еңбек атқарған, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болған ырғыздық Қапаз Еламанов та бар. Ол кісінің  осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген «Ырғыз» деп аталатын ауданның тарихи, саяси-әлеуметтік және экономикалық өмірінің шежіре деректеме жинағы — Ырғыз өңірінің тылсым тарихынан сыр шертетін құнды дүние.

Аудандық газетте қызмет жасаған тұста Қапаз  Еламанов редакциямен жиі  байланыс жасап тұрды. Өлкетану, тарих тақырыбындағы мақалалары газет  бетінде жиі жарияланды. Қапаз ағамыздың алуан тақырыпты қозғаған жүзден астам мақалаларының, радио, теледидар арқылы таратылған хабарларының, «Ырғыз», «Ұлағатты сөздер», «Даналық сөздер», «Сенім», «Абзал аға», «Ұстаз   аға», «Шаңырақ пен Пырақ», «Ұстазым менің», «Біздің Отанымыз — Қазақстан»,  «Эссе-естеліктер мен публицистикалық жазбалары», «Шежірелі өңір» (Әйтеке  бидің атамекені — Ырғыз жері мен елі туралы екі томдық) кітаптарының тағылымдық, тәрбиелік мәні зор.

1979 жылдың жазында қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев «Үркер»  романын жазар алдында шығармасында жазылатын тарихи деректерді   нақтылап, оқиға болған орындарды көзбен көру үшін Ырғызға келіп, өңір шежіресінен, жер жағдайынан хабары мол азаматтарды қасына ертеді. Кейін сол сапарда болғандардың бірі Қ.Еламанов облыстық «Ақтөбе» газетінде  Әбіш Кекілбаевтың 60 жасқа толуына  орай  жарыққа шыққан «Үркер мінез» деген мақаласында: «Әбекеңді бұрын сыртынан естуім болмаса, көрген адамым емес-ті. Сапар жүрісіміздің алғашынан-ақ «кісімпаздығы» жоқ кемеңгердің, әңгімені тыңдауға да, тыңдатуға да жан-жақтылығы мол, жүріс-тұрыста тыраштығы жоқ қазақтың нағыз кеңқолтық жайсаңы екені байқалып қалды. Бірінші көлік басын тірейтін жеріміз — әйгілі оқиға өткен жер, Әбілқайыр хан мен Ресей елшісі Тевкелевтің 1731 жылы 10 қазанда екі елдің келісіміне қол қойылған жері — «Маңтөбеге» беттеп  келеміз. Кітап жазатын Әбекең біздің айтқанымыздан не  қанағат алып жатқанын қайдам, біз ол кісіден тыңдаған  әңгіме, бізге қойған сауал  үлкен тарихи әңгіме сарайының есігін ашып, біліп ал дегендей сезіндіреді. Әбекеңнің іздеп келе жатқан төбесі — «Маңтөбенің» басына келіп тоқтадық. Ол биік төбенің басынан жан-жағына қарап, көз ұшына ілінген төбе, қырат, көл, өзеннің атауларын сұрап алды. «Маңтөбе» келісімінің оңайлықпен  келмегенін, оған  Әбілқайыр хан тарапынан көп күш жұмсалғанын әңгімеледі» — деп жазды.

Ырғыздың тарихы туралы қалам тербеген азаматтар баршылық. Қапаз ағадан   басқа өлкенің өткен тарихы хақында ауданның белгілі  азаматы, тарихшы  ұстаз   Сейілхан  Оразымбетов, сондай-ақ   Сәндібек   Байжиен,  Ералы   Тұрабаев   және   басқалары  қалам  тербеп,  өңірдің   шежіресін  әр  қырынан   танытуға   үлестерін   қосты. 2001 жылы  жарық  көрген «Ақтөбе   энциклопедиясындағы»  Ырғыз  ауданына  қатысты басым деректер   Қапаз Еламанов пен Сейілхан  Оразымбетовтің еңбектерінен  пайдаланылған

Кезінде ұлағатты ұстаз, Ырғыз, Комсомол аудандары жастарының жетекшісі  болған, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған, «Тың жерлерді  игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» және басқа да медальдарға, «Қазақ  КСР  халық ағарту ісінің  үздігі» атағына ие болған Қапаз Еламановтың өмір жолы ұрпаққа үлгі боларлықтай.

                        Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз  ауданы.

 

  • Алғыс

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Күнделікті өмірде денсаулыққа қатысты түрлі мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің маңызына мән арта бермейміз. «Денсаулық — зор байлық», «Дені саудың — жаны сау» деп айта салу оңай екен. Оны 50 жыл бойы дәрігердің алдын көрмеген мен денсаулығым сыр беріп, ауруханалардың арасын жол қылғанда түсіндім…

Басынан бастасам, күзде аяғымның тамыры бітеліп, тромб пайда болып, дәрігерлер ота жасату қажет деді. Содан бірнеше айға созылған тексерістен кейін жуырда жоспарлы ем қабылдауға берілген жолдамамен Ақтөбе медициналық орталығындағы қан-тамырлар хирургия бөлімшесіне жатып, сол жерде күрделі ота жасаттым. Отаны бөлімше меңгерушісі Бернат Жанабаевтың басшылығымен анестезиолог Ұлан Басмағамбетов және ассистенттер Берік Сұлтанғалиев пен Алмагүл Шамғонова жасады.

Отадан шыққан адамның жағдайының қандай болатынын басына түскен жан ғана білер, сірә. Осындай басыңды көтеруге жарамай жатқан кезде қасыңнан табыла білген әрбір жанға риза болады екенсің! Бөлімшедегі карантинге байланысты жаныма жақын-жуығым кіре алмаса да, сол жердегі ақ халатты жандар барлық жағдайымды жасап, жылы сөзімен, жанашыр көмегімен емнің жақсы жүруіне себепші болды десем, артық айтқаным емес.

Олар қолдарынан келгенін жасап, кәсіби біліктіліктерінің арқасында отаны сәтті жасап, адами қасиеттерімен тезірек сауығып кетуіме үлестерін қосты. Ал менің қолымнан келері шын жүректен алғыс айту ғана. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, облысқа тарайтын «Ақтөбе» газеті арқылы Ақтөбе медициналық орталығының қан-тамырлар бөлімшесінің қызметкерлеріне, оның ішінде маған ота жасаған барлық дәрігерлерге және дәрігер Ибрагим Бисеновке, медбикелерге, тазалықшыларға зор алғысымды білдіремін! Халықтан тек алғыс арқалай беріңіздер.

Әнуарбек ЖАРТИН,

Әйтеке би ауданы.

 

· Үлгі

ҚАРТЫ БАРДЫҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

… Жалпы, жақсы қартая білу де үлкен өнер болса керек. «Жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса, бықсып жанған от болар» деген сөз тегіннен-тегін айтылған жоқ. Көрген-білген тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі жастарға ақыл-кеңестерін бере жүретін үлкендердің ісі әр кезде де өзгелер үшін өнеге болуға тиіс.

Аманжол Ерғалиұлының ғұмыр тарихындағы кез келген кезең де өзінің абыройымен, елге жасаған қызыметімен есте қалатын болса да, ең бірінші назар аударатын жайт — он төрт жасынан бастап еңбекке араласқаны. Өзі туып-өскен Бестамақ ауылындағы теміржол бекетіне жұмысқа тұрған ол, еңбек ете жүріп, оқуын оқыды. Алдымен Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумын, кейін Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдады.

Өз қызметіне адал, жауапкершілікпен қарайтын Аманжол Ерғалиұлын, сол кездегі партия, кеңес басшылары қоғамның әр саласына жұмсады  — Бестамақ селолық атқару комитетінің төрағасы, «Сазды» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, кейін Бестамақтың жағдайын жақсы білетіндіктен, қайтадан сол ауылға басшылық қызметке жіберілді. Алғаның атақты құс фабрикасында инженер болды, зейнеткерлікке шыққанша теміржол саласында да абыройлы қызмет атқарды.

Аманжол ағамен жиі кездесіп тұрамыз, елдік шаруалардың басы-қасында жүреді. Әлдекімдердей айғай-сүреңмен ісі жоқ, байсалды аға қай шаруаның да ретін айтып, ақыл-кеңесін беріп жүреді. Осындай аз-кем кездесулерде де, өзіміз сұхбат алған кезде де аға ғұмырының екі қырын байқадық: біріншісі — өзіне міндеттелген қай қызметті де абыроймен атқарғаны, екіншісі — ұл-қызына қазақы, ибалы тәрбие бергені.

Балаларының бәрі қоғамда өз орнын тапқан, әке мен ана атына кір келтірмеген жандар. Үлкені Күләш — «Медикер» орталығында басшы, Райханы — облыстық психология-медициналық педагогика орталығының басшысы, Жанары —«Медикер» орталығының қызметкері. Қазақ айтатын, «алтын қазық, жібек арқан», қара шаңырақтың иесі Еркіні — теміржолшы.

Айтқанына бүкіл ауыл тоқтайтын баталы ақсақалдардың кезінде аяғын қия басқандар да, ауылдың жаман атын шығарғандар да болмайды. Ауылдың ажарын ашатын да солар. Оны бүгiнгi жастар бiлмегенмен, бiздер аяқ жағын болса да көрдiк, бастан кешiрдiк. Әр ауылдың келелi iстерiнiң бәрiн сол ауыл ақсақалдарының басшылығымен, солардың ақылымен жастар ұйымдастырып, ауызбiршiлiкпен өткiзетiн. Ол заманда ауылда милиция деген болмаушы едi. Ауылдың телi мен тентегiн жолға салатын да ақсақалдар едi. Ұрлық жасап, бұзықтық, бейбастық жасағанда оны тезге салатын да ақсақалдар едi.

Бүгiнде әр ауылда маскүнемдiкке салынып, үйiнiң, ауылының берекесiн алып жүрген жастар аз ба? Нашақорлық та көбейiп барады. Осы бетiмен кете берсе, келешегіміз не болмақ?

Осындай бір ойға кеткенде… Аманжол ағамыз тәрізді сүйегі асыл, пікірі нық ағалардың бар екеніне қуанамыз. Зайыбы Минера Ахметова да көбіне аттың жалында жүретін отағасының сағын сындырған жоқ, жарының абыройын асқақтатып, «отын жағып, баласын бағып», әйтеуір, ерінің ештеңеге алаңдамай еңбек етуіне бар жағдайды жасады.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Аманжол аға әлі тың, бақуатты. Әлі де қоғамдық  шаруалардың қайнаған ортасында жүреді. «Бата беру», «Мерейлі отбасы» сынды тәрбиелік мәні, үлгі-өнегесімен маңызды сайыстарда ылғи жүлделі бірінші орыннан көрінеді.

Мұның да үлкен себебі болса керек, ол өз басына қайтып жатқан елге жасаған жақсылығы, елге атқарған қызметі ме дейміз…

 Ш.ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

 

  • Ауылдас

 МАЛ СОЙСА, ЖОМАРТ СОЙСЫН

Қыстың алғашқы айлары әр шаңырақтың дәстүріне айналған соғым союға қамданумен есте қалады. Биіктеп ұшқан құс та аулаңа алаңдайтын сол мерекелі күн жақындаған сайын базарда қоңды малдардың саудасы да қызады. Ал әлеуметтік желіде «мал соямыз» деген жарнамалардан қазір көзің сүрінеді. Дегенмен «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді халқымыз. Бұл қандай істе де оның кәнігі маманына сенім артуды үндеген өміршең сөз болса керек. Осы қасапшылықты жылдар бойына өзіне кәсіп етіп, отбасын асырап жүрмін дейтіндер қазір өте аз. Дегенмен шалқарлық Жомарт Тілеубаев  жауапкершілгі мол осы кәсіпті жастайынан таңдады. Оны жылдың қай мезгілінде кезіктірсең де қолынан өткір пышағы мен балтасы салынған сөмкемен көресің. Мал союға әбден машықтанған жігіттің осы жолда жүргеніне тура он жылдан асыпты.

— Шалқарға 2005 жылы Қосқақ елді мекенінен көшіп келдік. Қай кезде де адамды тұрмыс қамы ширатады ғой. Қоныс аударған жылдары екі қолға бір күрек таба алмай қалған сәттер болды. Ойлана келе қыр-сыры ауыл баласына мәлім малдың айналасындағы тірліктерге араласа бастадым. Сөйтіп, орталық ет базарында  бірер жыл ет сатумен айналыстым. Кейіннен біржола осы қасапшылыққа бет бұрдым. Соғым уақытын айтпағанда ел болғасын түрлі жағдайлармен ірі қара сойдыратындар жылдың әр мезгілінде де жиі болады. Қазір сойыс малын үй иелерінің барлығы бірдей реттей алмайды. Әсіресе жастар жағы тіптен қиналады. Малды бауыздаудан бөлек, одан кейінгі терісін іреу, жіліктеу, етін осу, сүйектерін жармай шабу, барлық бездерін сылу сынды жұмыстары қаншама?! Еттің айналасындағы осындай реттіліктерден  егде жастан асқан ағаларымыздың өзі бейхабар болып тұрғанын көріп, кейде қынжыласың.

Малды жығысып жібергеннен кейінгі шаруаның барлығын бір өзім атқара беремін. Иесінің талабы бойынша етті бөлшектеймін, ішек-қарнын тазалаудың ретін білмей жатса оны да көрсетемін. Аршып беретін кездер де болады, — дейді отыздың ортасындағы жігіт.

Ірі-қараның ішінде сойылуы жағынан уақыт алатыны — түйе малы. Оның жұмысына  кіріскен жалғыз адамның кем дегенде 3 сағаттай уақыты кетеді екен. Жомарттың осыларды ыждағаттылықпен тындырып, бір күнде бір өзі 5 ірі қара малын сойған кездері  болыпты.

— Жазда сойылатын малдың жұмысына шыбын шықпай бозала таңнан кіріскен дұрыс. Бұл — тазалықтың кепілі. Малды Алла Тағала адам ырзығы үшін жаратқан десек те, оны союдың дінімізде қалыптасқан талаптары бар. Соған аса мән беруге тырысамын, малды бауыздауға өзімде таза күйде келіп, «Бисмиллаһ» деп, адал ниетімді айтып барып кірісемін. Мал соярда қолдағы пышақтың сәл де болса қия кетпегені дұрыс. Терісіне түйірдей артық ет жібермей, ысырапсыз союды әу бастан дағдыма айналдырдым, — дейді Жомарт Тоғызбайұлы.

Оның бұл ұстанымын Шалқар  қаласындағы «Жанаман ахун Сейтімұлы» мешітінің  бас имамы Жамбыл Тлеубай да құптайды.

— Қасапшының жұмысына артылар жауапкершілік қашанда жоғары. Ең бастысы оның ісіне сауаттылығы мен өз тазалығына ден қою басты шарттарға кіреді.  «Ауру — астан» деген халқымыздың екі ауыз ұлағатты сөзінің төркіні тереңде екенін естен шығармауымыз қажет. Малды қинамай жұмсақ бауыздаған абзал, ол үшін пышақ өткірлігіне аса мән берілуі керек. Одан соң қаны толық аққанша күтіп,  жаны шығып болғанға дейін терісін сыпыруға болмайтынын ескерген жөн. Жалпы, адам баласының қажетіне жаратылған жануар шариғат жолымен сойылмайынша, еті халал болмайды, — дейді бас имам.

Қазір желідегі жарнама иелерінің айтуынша, мал союдың бағасы малдың көлемі мен бауыздалғаннан кейінгі жұмысына қарай әртүрлі.

Бұл ретте жұмысын тиянақты істейтін Жомарттың  алар бағасы да көпшілікке қолайлы. Сондықтан оның қалта телефоны бір дамыл тапқан емес. Бұл да еңбекқорлықтың бір белгісі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button