Экспедиция жұмысы қорытындыланды
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме залында «Руханият» — ұлттық құндылықтарды таныту жолында» атты шара өтті.
Жиында музей жанындағы «Руханият» танымдық-патриоттық клубы және «Аманат» танымдық ғылыми-зерттеу экспедициясының 2022 жылғы жұмысы қорытындыланды.
Жиын барысында облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы өлкеміздегі діни қайраткерлерді зерттеу бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын айтса, музейдің бөлім меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан, «Руханият» клубының жетекшісі Жібек Абдуллина «Аманат» экспедициясы барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— «Аманат» экспедициясының биылғы сапары Алға ауданының Самбай ауылдық округінен басталды. Онда Қарағаштағы Жоламан ишан мешітінің орны қаралып, анықтау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ишан құлыптасының табылуы, оның өмірбаянына қатысты арабша жазылған деректер толық анықталды.
Сонымен бірге Сарықобда ауылдық округінде Әбубәкір Кердері шайыр туралы ауызша, жазбаша деректер жинақталды. Мұғалжар ауданында Талдысай, Ақтас мешіті, Темір ауданында Ақсай, Арызмағамбет мешіті, Сәңкібай би әулие, Қарабас қорымы, Бабатайда Жиеналы, Аққұдықтағы Ешнияз мешіттерінің қорымдары қаралды, — деді «Аманат» экспедициясының жетекшісі Қыдырғали Ермұқан.
Сондай-ақ облыс аумағындағы басқа да киелі жерлер зерттелген.
Келер жылғы «Аманат» экспедициясы Мәртөк, Қарғалы және Ырғыз, Шалқар аудандарында зерттеулер жүргізбек.
Сонымен қатар шара аясында өңірдің танымал діни тұлғалары Әбілғалым және Ділмағанбет ахундардың жеке экспозицияларының тұсаукесері өтті.
«Руханият» клубының жетекшісі Жібек Абдуллинаға, эспедицияның басқа да мүшелерінің облыс әкімі орынбасарының, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және музей директорының Алғыс хаттары табысталды.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұртшылықпен байланыс
жөніндегі менеджері.