Денсаулық

Мерекеде абай болыңыз!

Жаңа жылда әр отбасы дастарқанның мол болуына көңіл бөледі.

Мұның екінші жағы да бар, ол — тағамнан улану қаупі. Әсіресе мерекеден қалған тағамдарды бірнеше күн қатарынан қайта-қайта дастарқанға әкелетін әдет қауіпті.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі уланудың алдын алу үшін қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтауды ұсынады:

— тағам сатып аларда, қаптаманың тұтастығына, өндіру және жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына көңіл бөліңіз;

— сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімді алмаңыз;

— тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаңыз;

— салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз және мерекенің басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында араластырыңыз;

— кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды дастарқанға алдын ала қоймаңыз, сақтау барысында температуралық режимді сақтаңыз;

— тез бұзылатын тағамдарды мерекелік дастарқанға шақтап қана әзірлеңіз, ал қалып қойған жағдайда, тастағаныңыз дұрыс. Денсаулық пен адам өмірі маңызды!

— тағам дайындау, сақтау барысында температуралық режимді бұзбаңыз;

— жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз;

— тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз!

Үй жағдайында консервіленген саңырауқұлақтар мен көкөністерге ерекше назар аудару қажет. Сапасыз консервіленген көкөністерден кей жағдайда жылан уынан 250 есе күшті токсиндер бөлінеді. Бұл токсиндер аса қауіпті ботулизм ауруын тудыруы мүмкін. Консервінің қақпағы сәл көтерілген болса немесе өнімнің сапасына күдік туындаса, оны мүлде қолданбаңыз.

Көшеден және базардан үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ ет және балық өнімдерін сатып алудан сақтаныңыз.

Тағамнан уланудың қандай да бір белгілері байқалса, өз бетіңізбен емделмей, тез арада дәрігер шақыртыңыз!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button