Алтын скальпельдің жарқылы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ел ғылымының дамуына еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Намаз Ізімбергеновтің есімі еліміздің батыс өңірінің хирургиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде жұртшылық жадында сақталып қалады. Оны әріптестері өз ісінің маманы, шебер ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз деп білді.
Ол бұл биікке бірден көтерілген жоқ. Өмір жолында талай белестер, сынақтар мен тәуекелдер күтіп тұрды. Соның бәрінен өзінің ілгері ұмтылған жігерімен, тынбай ізденісімен өтті деуге болады.
1937 жылы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін екі жылдай ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет жасайды. Осы кезеңде ел-жұртпен тікелей араласып, адам тану мектебінен өтеді.
Мамандық таңдау адам өңіріндегі маңызды кезеңнің бірі болып табылады. Оның тұстастары үшін ең бастысы жоғары білім алып, елге қызмет ету болды. Қай кезде де адам денсаулығын қорғайтын, сырқат жандарға септігін тигізетін, ажалға араша тұратын дәрігердің беделі биік, мәртебесі жоғары ғой. Жас жігіт өз болашағына осы тұрғыдан қараған секілді.
1958 жылы институтқа оқуға түскеннен бастап оқу бағдарламасымен шектеліп қалмай, жан-жақты ізденістерге бой ұра бастайды. Бастапқыда доцент Софья Гординаның жетекшілігімен биология кафедрасындағы студенттік ғылыми үйірмеге қатысып, бір жағынан осы топтың старостасы болып белгіленеді. Жоғары курстарға барған кезде бүйрегі хирургияға бұрады.
Медицина институтын үздік бағамен бітірген жас маманның алдында ғылыми ізденістер күтіп тұр еді. Ол өзі білім алып шыққан алтын ұясында қалып, госпитальдық хиругия кафедрасындағы клиникалық ординатурада осы бағыттағы алғашқы қадамын бастайды.
Әдетте ғылымның жолы инемен құдық қазғаннан да кем емес, бірақ бұған тәуекелмен бір бет алған адамның шегініс жасауы жеңіліспен тең. Талай ұйқысыз түндер мен демалыссыз кітап кемірген күндер, лабораториядағы тәжірибелер, тәжірибелі мамандармен бірге ота жасауға қатысу — осының бәрі оның өзі көздеген мақсатына табандап жақындай түсуіне мүмкіндік берді.
1966 жылы Мәскеу қаласындағы Ленин орденді орталық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургия кафедрасына аспирантураға қабылданған ол осындағы хирургия кафедрасында Социалистік Еңбек Ері, хирург-ғалым Александр Бакулевтің шәкірті, РСФСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Тимофей Макаренко сияқты ғалымдардың қамқорлығын көреді, олардың баға жетпес тәлім-тәрбиесін алады.
Сөйтіп жүріп 1970 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Сегіз жылдан кейін медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне қол жеткізді. Бұл ғылыми атақты ол Мәскеу қаласында, ақ бас академиктер мен парасатты профессорлардың алдында қорғайды. Осылайша Намаз Ізімбергеновтің есімі ғылыми ортада таныла бастайды, ол соңынан шәкірттерін ерте жүріп, талай адамның сырқатының бетін қайтарып, шипалы қолының шапағатын тигізеді.
Ғалымның екі диссертациясы да бауыр, өт жолдары хирургиясының күрделі мәселелеріне арналған. Осы тұрғыдан алғанда ол еліміздегі бауыр-өт жолдары ауруларының белгілі маманы болып саналады.
Намаз Ізімбергенұлы Мәскеу медицинасы мектебінен өткеннен кейін толыққан білім, мол тәжірибемен Ақтөбеге оралады. Осында өзі білім алған медицина институтының госпитальды хирургия кафедрасына ассистент болып орналасады және осы кафедрада ұзақ жыл тұрақты еңбек етеді. Егер нақтылап айтатын болсақ, 1969-1975 жылдары ассистент, 1975-1978 жылдары доцент, 1979-2003 жылдары кафедра меңгерушісі, 2004 жылдан бастап өмірінің соңына дейін кафедра профессоры болып қызмет жасайды.
Осы жылдар ішінде госпитальды хирургия кафедрасы адамдарды емдеу, білікті мамандарды даярлау және ғылыми жұмыстарды жүйелі жүргізу тұрғысынан әбден қалыптасқан, орнықты ғылыми орталыққа айналды. Емдеу мекемелерінде қызмет істейтін дәрігерлердің, сондай-ақ институттағы жас ұстаздардың ғылыммен шұғылданып, диссертациялар қорғауына жағдай жасалды. Осы орталықтың өзінде ғана Намаз ұстаздың жетекшілігімен 6 докторлық және 28 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Сол кездерде осы ұядан қанаттанып, түлеп ұшқан қаншама талапты жастар бүгінде білікті мамандар қатарында еліміздің түкпір-түкпірінде хирургиялық салада жемісті еңбек етуде?!
Ал мұндай жетістіктерге жетудің бастапқы қадамдары тіпті де оңайға соққан жоқ. Профессор Намаз Ізімбергенұлы кафедра меңгерушісі болып тағайындалған сәттен іске жігерлі күшпен кіріскен. Ол кафедра орналасқан ауруханаға жаңа аппараттар алып, тың емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуді қолға алды, заман талабына сай хирургиялық бөлімшелерін ашуға кірісті. Бастапқы 1980-1985 жылдардың өзінде клиниканың жанынан эндоскопиялық, сәулелік тексеру бөлмелері, детоксикациялық, жоғарғы қысымды оттегімен емдейтін бөлімшелер ашылып, сырқаттарға қызмет көрсете бастады. Күнделікті емдеу ісіне лапароскопиялық тексеру, лазер сәулесімен емдеу әдістері пайдаланылатын болды.
Оның еңбек жолында талай сынға түскен уақыттар болды. Соның қай-қайсысында да абдырап қалған кезі болған емес. Қайта сырқат адам мен оның жақындарының көңілінде үміт отын жандырып, жақсылық болатындығына сендіруге ұмтылған сәттері жиі кездескен.
Сонау бір жылдары, нақтырақ айтсақ, кеңестік кезеңде Атырауға іссапармен барғандағы бір оқиғасын біз әріптестері ауызынан естігенбіз. Негізгі шаруаларын бітіріп, қайтар уақыты болған кезде бір азамат келіп, ауыр сырқатқа ұшыраған баласын қарауды өтінеді. Сұрастырғанда білгені — бұған дейін ішек туберкулезіне байланысты бірнеше рет ота жасалған, бірақ еш нәтиже жоқ. Қысқасы, баланың өмір сүруіне қатысты жергілікті дәрігерлердің үміті аз. Ол баланың әкесінің көңіл қимағандықтан ғана сырқатты қарауға келісім береді. Ақырында қиюы кеткен ішектерді түтік арқылы жалғап, тәуекелге барады. Осы жолы ол ішекке озонды терапия жасау әдісін тұңғыш рет енгізеді. Қуаныштысы, арада аз ғана уақыт өткенде дерттің беті қайтып, ауырған бала құлан-таза айығып кетеді.
Профессор өзі енгізген жаңалығын аяқсыз қалдырмай, оны түбегейлі зерттеп, жетілдіруді өзінің ұлы Мирсаидқа тапсырады.
Ғалымның шәкірттерінің бірі — медицина ғылымдарының докторы, профессор Базылбек Жақиев. Ол «Ұстазым академик Намаз Ізімбергенов үнемі: «Біз жастарға тек медицинаның бүгі-шігін, сырларын үйретіп қоймай, адамдармен қалай сөйлесіп, ортамен тіл табысуды да үйретуіміз керек», — деп отыратын» дейді. Бұл ретте ғибраты мол ғалымның 1994 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Хирургиялық деонтология» атты кітабы жарыққа шығып, дәрігерлер, оның ішінде жас мамандар үшін таптырмас бағдаршыға айналды.
Орал қаласындағы кардиологиялық орталықтың қызметкері, біліктілігі жоғары маман Жанайдар Қазтуғанов институт бітіргеннен кейін өзіне фармакология кафедрасында қалуға ұсыныс болғанын айтады. Бірақ шәкіртін басқа қырынан таныған профессор Намаз Ізімбергенов оны хирургияға шақырады. Ол ұстазының айтқанын мақұлдап, әуелгіде теориялық жағынан өзін-өзі дайындай бастайды, тіпті Орал медициналық училищесінде студенттерге хирургиядан дәріс те оқиды. Кейін ота жасаумен шұғылданып, жүрек-қан тамырларына ота жасай бастайды.
— Мен профессор Намаз Ізімбергенұлының жетекшілігімен диссертациямды қорғап, кафедра ассистенті болып еңбек еттім. Ол маған өмірге жолдама берген екінші әкем іспетті. Оның менен басқа да шәкірттері жеткілікті. Біз ұстазды оқытушы ретінде де, хирург ретінде де жоғары бағалаймыз, — деген жылы лебізді Татарстаннан келген ғалым Ринат Фахруддинов айтқан екен.
Өткен жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры академик Намаз Ізімбергеновтің мұраларымен толықтырылды. Хирургтің зайыбы Тояш апай мен ұлы Мирсаид ғалымның құнды заттары мен құжаттарын, бірқатар кітаптарын осында алып келді.
Астанадағы медицина университетінің интернатура жөніндегі кафедрасының профессоры Мирсаид Намазұлы осында болған кездесуде әкесі туралы естеліктер айтып, музей қызметкерлерімен ой бөлісті. Ол жиналғандар алдында Намаз Ізімбергенұлының Батыс Қазақстандағы хирургия мектебінің негізін қалаушы екенін мақтанышпен баяндады. Сондай-ақ ғалым 570-тей ғылыми еңбектердің, оның ішінде 13 монографияның, хирургияның түйінді мәселелері бойынша 28 әдістемелік ұсыныстардың авторы екендігі айтылды. бұдан басқа 22 патент әзірлеген. 1990 жылы Ақтөбе қаласында академиктің жетекшілігімен елімізде жедел хирургия мен перитонит проблемалары бойынша дара республикалық орталық ашылған.
Тағылым-тәлімі мол ұстаз Намаз Ізімбергенұлының отандық хирургияны өркендетуге қосқан үлесі және ғылыми-тәжірибелік ерен еңбектері жоғары бағаланды. Басқа атақ-дәрежелерін қоспағанда, ол 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың және А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің құрметті профессоры, одан соң Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атанды, 1999 жылы Дүниежүзілік хирургтер Халықаралық қоғамына мүшелікке қабылданды.
2000 жылы халықаралық (Кембридж, Англия), америкалық (Нью-Йорк, АҚШ) өмірбаяндық орталықтардың бірнеше құрметті атақтарының иегері, оның ішінде «ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалдарының бірі ретінде танылуы» және 2008 жылы ЕвроАзия ғылыми қорының «Алтын скальпель» жүлдесімен марапатталуы үлкен жетістіктер еді.
…Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры Болат Женалаев кезінде академик Намаз Ізімбергеновтің конференц-залында «Егер сен медицинаны ғана білетін болсаң, демек, ештеңені де білмейтін болғаның» деген терең мағыналы ұлағатты сөз жазылған үлкен плакат ілулі тұрғанын айтқаны бар еді бірде.
Бұл, біздіңше, ғаламат ғалым, білікті хирургтің биік ұстанымы деп те білген жөн сияқты.
Ол көзі тірісінде «Алтын скальпель» иесі атанды. Оның арамыздан кеткеніне үш жыл уақыт өтсе де, сол алтын скальпелінің жарқылы жұрт жадында әлі жаңғырады. Өйткені сол қасиетті құрал арқылы ол қаншама адамға ғұмыр сыйлады екен…
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



