Әдебиет

Өлеңдер

Бауыржан ЖАҚЫП

 1991

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Бабама болған арман жыл,

Басыма бақыт қонған жыл.

Қазақтың көкте жұлдызы

Жарқырап тұрып жанған жыл.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Қуаныштан көз жас тамған жыл,

Шаттыққа кеудем толған жыл.

Өз тізгінін өз елім

Қолына берік алған жыл.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Бодандық артта қалған жыл,

Бостандық елім алған жыл.

Іргесі бүтін, Тәуелсіз

Қазақстан болған жыл.

 

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Қарыздармын мәңгі саған да,

Жыл сайын артар бағаң да.

Күміспен құйыл жадыма,

Алтынмен жазыл санамда.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Қорқыта алмас сен барда,

Қытайдың қайыс ноқтасы,

Орыстың темір ноқтасы.

Ашылған сенсің алдымнан

Еркіндіктің емен қақпасы.

 

Мың тоғыз жүз тоқсан бір —

Мойныма таққан тұмарым,

Қойныма тыққан құраным.

Аңсады сені мың күйім,

Арналды саған мың әнім.

Себілген Айдан нұр ағын,

Төгілген Күннен шуағым.

Сөндіре көрме, құдірет,

Азаттығымның шырағын.

Тіл-көзден сақта, Тәңірім

Тәуелсіздіктің пырағын.

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ

Отан

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,

Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!

Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,

Иткөйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Туған жұртқа тірек болу ерге — сын,

Құлдықты енді құдай басқа бермесін.

Атаң өлсе, өзің ата боларсың,

Ешқашанда Отан өле көрмесін!

 

Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,

Балаң өлсе, бір жығылып, тұрарсың.

Отан өлсе, опырылып түскенің,

Күңіреніп, көрге бірге құларсың.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген,

Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.

Опат болған ерлер рухы оянар,

Отан деген лебіз шықса тілімнен.

 

Отанменен аспандағы Күн егіз,

Екеуінің амандығын тілеңіз.

Жас азамат, бұл Отанның қадірін

Отансыз боп көрген біздер білеміз!

 

Керек қылса жолында оның құрбанбыз,

Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,

Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

 

Күләш АХМЕТОВА

Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық

                             (үзінді)

Дүниеде мұң ғана мұңнан да ауыр,

Мұңайғанда жол таппай тұрған бауыр.

Кегі кеткен

далама

келдің бе есен,

Тарихи әділетті туған дәуір?

 

Еске түсіп, езіліп отыр ішім,

Тарих қойны қан мен жас — өкінішім,

Таулар шөгіп,

Батырлар шейіт болған

Тәуелсіздік таңына жету үшін…

 

 

 

 

…Біз ертерек көрейік Еркін елді,

Еркіндіктің ауылына жол тірелді.

Қабілеті адамның — шексіз,

Жұртым,

Өзіңдікін өзің ал, жең түр енді.

 

Байтақ елің бірлікке талпынса әман,

Жеңістерге жетер-ау шарқың, шамаң.

Бастан биік

Ұлт туын

Ұстау үшін

Қайсар жүрек тілеймін, халқым, саған.

 

Орындалып ақыры шықты ойдағы,

Алыс жолда көтерген жүк — пайдалы.

Біздің күрес біткен жоқ бүгінгімен,

Біздің күрес біткен жоқ,

Бітпейді әлі!

 

Жоғалтқанын табады дала қайдан?

«Елім-ай» деп егіліп, аралайды ән.

Қаһарман ел, басыңды жоғары ұста,

Жолы қашық бұл шеру, жаңа майдан.

 

Мен Алладан сұраймын мінажат қып,

Заман бізге жасамай, сірә, жаттық,

Бұл далама,

Ұлтыма,

Ұрпағыма

Шын мәнінде келгей деп шын Азаттық!

 

Аруақтар да қалмағай мақұл көрмей,

Жер-Ананың тәніне зақым келмей.

Ұлы үлестен

Ұлы күш

Ұрпағыма

Ұлы еншісін алатын ақыл бергей!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

Қазақия

Қазақиям — азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

— Қанға қан! — деп,

— Жанға жан! — деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

 

Шыңбысың сен — Хан-Тәңірім,

Әлде Бетпақ — шөлмісің?

Қаңсыса да қан тамырың,

Қыңқ етпейтін көнбісім.

 

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы.

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

 

Аялаған азаттығым

Бұлбұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

 

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

 

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

 

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ

Ұлы махаббат

Сусын қылар үмітін шөлдегенде,

Осы жерге перзентпіз сен де,

Мен де!

Барлығын да сүйемін,

Сөйте тұра

Махаббатым ерекше ел дегенде!

 

О дүниеге жер аудар!

Көшір мейлі!

Көшір мейлі!

Өмірден өшір мейлі!

Кешіремін,

Әйтсе де елім жайлы

Жаман айтқан сөзіңді кешірмеймін!

 

Ел дегенде ар қандай!

Намыс қандай!

Тау мен тасқа соғылар қарыс маңдай.

Ел дегенде

Жығылған жалым тұрып,

Айбаттанып кетемін арыстандай.

Жата алмаймын жаманның жасығындай.

Жарқылдаймын найзағай жасынындай.

Ондай кезде кетеді алып болып

Бала Қадыр ешкінің асығындай!

«Жерім!» — деймін ондайда,

«Елім!» — деймін.

Тұрған тұстан жарты елі шегінбеймін.

Өзім үшін күресте жеңілсем де,

Елім үшін күресте жеңілмеймін!

 

Дұшпанға да,

Досқа да табалатпан.

Сақтай көрсін Жаратқан жаманаттан!

Батыр болып тумайсың,

Батыр болып

Кетесің
Елге деген махаббаттан!

Сәндібек ЖҰБАНИЯЗОВ

Егемендік

Баба арманы боп жеткен

осы кезге,

Бар қандастың іркілді

Жасы көзде.

Жауларынан биіктеп

Мәртебесі,

Дәл жанынан табылды

досы лезде.

 

Қасыретін қазақтың

Құдай ұқты,

Құдай ұқса, әрине,

шынайы ұқты.

Тәуелсіздік орнады

Сәтіменен —

Қазақстан халқына лайықты.

 

Бодан елге бостандық —

мұзарт арман.

Көкжиекке

Көңілін ұзарта алған.

Тәуелсіздік тойына көрік қосты

Ұл — тұлпарын баптаған,

Қыз — ән салған.

 

Қазақ солай

тілегін тауға жалғап,

Қып көрсетті дұшпанға —

жаулап алмақ.

Ұлдың  озса тұлпары,

Қыздың әні,

Бастан мәңгі көшпес-ақ —

онда ол бақ.

 

Алмат ИСӘДІЛ

Қазақстаным!

Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,

Бойына жиған имани тазалық нәрін.

Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,

Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,

Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым —

Қазақстаным!

 

Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,

Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.

Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,

Қариялардың ұрлаған даналық шамын,

Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың —

Қазақстаным!

 

Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,

Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.

Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,

Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,

Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың —

Қазақстаным!

 

Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,

Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.

Соның үшін де қолыма қалам ұстадым…

Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,

Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын —

Қазақстаным!

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button