Тарих

«Халық жауының» қызы

Немесе зобалаң жылдар естелігі

1991 жылы жазда түскен сол бір суретті көрген сайын Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан Байсалованың өткен өмір жолдарынан тебірене сыр шерткен бейнесі көз алдыма келеді. Шолпан апайдың екі жағында қос журналист — мен және марқұм Зәкіржан Кәлкенбаев екеуміз, басқа да жерлестеріміз бар жәдігер бейнені өз басым қымбат ескерткіш ретінде бағалаймын.   

Бәрін басынан бастайын. Еліміз тәуелсіздігін жариялайтын жылы көрнекті    мемлекет қайраткері  Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 100 жыл толуы Ырғызда кең көлемде аталып өтті. Осы басқосуға жан-жақтан келген қонақтар қатарында Шолпан Байсалова апай да болды. Ол кісі — қазақ тіл білімінің негізін салушы, халқымыздың біртуар тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың қызы, текті  азаматтың ұрпағы. Тарихтағы отызыншы жылдардың «ақтаңдағын» жастайынан көзімен көріп, көп бейнетті басынан кешірген, жазықсыз жазалауға ұшыраған Шолпан апайдың өмір жолындағы соқтықпалы-соқпалы кезеңдерде жадына түйгені мол екен. Ол кезде Ырғызда да жергілікті радио редакциясы жұмыс жасайтын. Мен апайдың сөзін үнтаспаға жазып алып, жергілікті және облыстық радио эфирінен таратуға мұрындық болдым. Апайдың бір қасиеті сөзін жүйелеп, жаңылмай сөйлейді екен.

Шолпан апаймен одан кейін де хабарласып тұрдық. Амал не, арада үш жыл өткен соң, 1994 жылы, Шолпан Ахметқызы  дүниеден өтті. Биыл ол кісінің туғанына 105  жыл толды. Осыдан отыз жыл  бұрын облыстық «Ақтөбе» газетіне сол   кездесуден кейін «Шолпан апайдың әңгімесі» деген тақырыпта мақалам  жарияланды. Биылғы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толған тұста     зұлмат жылдардың куәгері Шолпан Байсалованың әңгімесін қаз-қалпында қайта  ұсынуды жөн көрдім

— Мен 1917 жылы дүниеге келіппін. Балалық кезеңдегі қызықты ғұмырым   Орынборда өтті. Сондағы біз тұрған үй әлі күнге дейін бар. Әкем ол кезде оқу-ағарту комиссары болып істеген. 1925 жылы Қызылордаға қоныс аударып, үш    жылдан соң  Алматыға көшіп келдік. Әкем ҚазПИ-де профессор болды.   Алматыда Нарын көшесіндегі үйде тұрдық. Алайда сол шақта ел ішінде    дүрбелең болған еді. Менің әкемді 1929 жылы 2 маусым күні Қызылордада    демалыста жүрген сәтінде ұстапты. Содан төрт айдай Москва түбіндегі Бутырка     абақтысында қамаған. Кейін куәгерлермен кездестіреміз деп қайтадан Алматыға    әкелген.

Бірақ куәгер кісілер болмағандықтан, әкеме ату жазасының қаулысын шығарса    да, тергеу ісін жүргізгеннен кейін он жылға соттады. Сөйтіп, әкемді қайтадан    Алматыға әкелді. Әкемнің жазықсыз екенін білсек те, қолдан келер қайран жоқ.   «Халық жауы» ретінде қамалған әкеме шешем екеуміз жолығып жүрдік. Ол кезде түрме Алматыдағы Гоголь-Пушкин көшелерінің  қиылысында, қазіргі емхана орналасқан орында болатын. Әкеме тамақ апарып тұрдық. Бірде әкеміз біз тамақ    беріп жіберген ыдысқа өзінің тері мен көз жасын сүрткен орамалын салып    жіберіпті. Соны иіскеп, бес айдай сақтап жүрдік (Апай сол сәтте көзіне жас алып   еді).

Бір күні әкеме жолығуға барсақ, түрме күзетшілері: «Ол кісі жоқ, басқа жаққа    алып кетті», —  дейді. Алты айдай уақыттан соң Астраханнан жазған әкемнің    хаты келді. Бір күні үйге ҚазПИ-дің сол кездегі ректоры Асфандияров келіп,    әкемнің энциклопедияларын, кітаптарын қарады да кетті. Арада күндер өткеннен     кейін бес кісі келіп, әкемнің қағаздарын қапшықтарға толтырып алып кетті. Сөйтіп,    әкемнің барлық жазбаларын, мұраларын конфискеледі. Содан он шақты күннен    кейін бізді екі бөлмеден қуып, бір бөлмеге кіргізді. Ал екі бөлмеге Ораз Жандосов   келді. Оның әйелі, кішкентай баласы бар еді. Ол кісі әкемнің орнына ҚазПИ-ге    профессор болып қызметке кіріскен.

Екі-үш күн өткен соң екі солдат келіп: «Сіздер халық жауының семьясысыздар,   Томскіге қоныс аударасыздар», —  деп қолындағы қағазды көрсетті. Не тамақ жоқ,  не киім жоқ, әйтеуір, қолға ілінгенді алып, жолға жиналдық. Бір жағынан қызыл   жағалы екеуден сескендік. Содан Алматыға поезға отырып, Томскіге он күнде    әрең жеттік. Ол жақта жер аударылғандардың арнайы пункті бар екен, шешемді    басқа жерге бөліп жіберді. Мені Томскідегі балалар үйіне қабылдады. Бұл 1931 жыл болатын. Томскіде Ленин көшесінде ақ түрме болды. Біздің балалар үйі орналасқан мекен соның ішінде еді. Сол жерде 1933 жылғы 2 мамырға дейін болдық. Түрменің ішінде неміс, украин, орыс, татар ұлттарынан 14 бала болдық. Қазақтан жалғыз менмін.

Солдаттар бізге жекіріп, қолымызға үлкен шелек, құрал-саймандар ұстатып, әрлі-берлі жұмсайды. Жөнді киім де жоқ болғандықтан, аяғымызға түрмеде өлген    кісілердің күртесінің жеңін жыртып, шарық қылып орап киіп алдық. Суықтан   тырнақтарым сап-сары болып үсіп кетті.

Бір күні жер аударылғандардың балаларын өз елдеріне қайтару жөнінде қаулы   шықты. Мен Алматыға шілде айында келдім. Осында жақын апамның үйі   болатын. Сонда келсем, Рүстем деген жездеміз кітап оқып жатыр екен. Ол сол  арада: «Маған халық жауының қызы, алашорданың тұқымы керек емес», — деді.   Мен кетуге мәжбүр болдым. Апамыз жылап қалды.

Бір жолдас қызымның үйі бар еді. Амалсыздан соның үйіне бардым. Ол кезде    тағам карточка жүйесі бойынша беріледі. Нан 250 грамнан нормамен сатылады.   Қызмет іздеуге тура келді. Бір жерде экономист қызметіне шақырған    хабарландыруды оқып, соған жолықтым. Өзімнің төрт кластық білімім бар, етім  тірі, пысықтығым бар. Сол қызметке мені алды. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады.   Тамыз айының басында мемлекеттік тазарту болды. Менің де қызметіммен    қоштасуыма тура келді. Сонда маған айтқаны: «Сен халық жауының қызысың,   кеңес үкіметінің кеңсесінде жұмыс істеуге болмайды». Содан не керек, айлықтан   да, 250 грамм наннан да қағылдым. Үстімде бір көйлек, аяғымда бір шұлық бар  еді. Аяғым қотыр-қотыр болып жүргесін, соны өзгеге байқатпайын деп жалғыз   шұлығымды киіп алдым. Содан кейін теміржолдағы вагон учаскесіне бардым.    Бастығы Стрижков деген орыс кісі екен. Жақсы адам көрінді. Мені есепші етіп   жұмысқа қабылдады. Тағы да 250 грамм нан, 100 сом (сол кездегіше) беретін   болды. Бір күні бастық шақырып алып: «Әке-шешеңіз айдауда жүр екен, сізге    теміржолда жұмыс істеуге болмайды», —  деді. Содан мені бұл жұмыстан да  шығарып тастады. Бұл 1934 жыл еді.

Қайтадан құрбымның үйіне бардым. Оның да әкесі «халық  жауы» деп ұсталып, айдауда жүрген. Олардың семьясында тоғыз бала бар болатын. Шешесі маған:  «Тоғыз бала не, он бала не, біздің үйде бола бер», —   деді. Бірде маған: «Үш  жасыңды қос, сонан соң он алтыда боласың, сені күйеуге береміз», — деді. Амал не, күн көру керек. Өзімнен сегіз жас үлкен Байсалов деген кісіге тұрмысқа  шықтым. Менің жасым паспортта 1914 жылғы болып жүргенім де содан ғой. Күйеуімнің арқасында қатарға қосылып, түтін түтеттік. Балаларымыз болды.

Сол кезде М.Горькийдің әйелі Пешковаға әкемнің жағдайын айтып хат жаздық.   Ол кісінің денсаулығы төмен еді. Жиі ауыра берген. Содан әкем 1934 жылы қазан айында Алматыға келді. Әкеме Исатаев Қасымбек деген кісі көмектесіп тұрды.  Менің күйеуім сексен сом алады. Өзім кішкентай балаларыммен үйдемін. Бізден   айтарлықтай көмек бола қойған жоқ.

Ел үстіне ауыртпалық төнген қиын заман ғой. Үйдің маңайын НКВД-нің адамдары    торуылдай бастады. Ақыры 1937 жылы 8 тамызда әкемді, 11 тамызда шешемді   тұтқынға алды. Әкемді НКВД-нің подвалында атқан екен. Әкем содан 1988 жылы    7 қарашада ақталды. Содан бері сүйегі қай жерде қалды екен деп іздестіріп    жүрмін. 1989 жылы шешемнің де ақталғандығы жайлы қағазы келді.

Солақай саясаттың кесірі менің ата-анамды жазықсыз мерт етуімен қатар, өз   басыма да зобалаң туғызды. Мені «халық жауының қызы» деп 1953 жылы 58-ші  статьямен он жылға соттады. Алматы түрмесінде бір жылым екі жыл болып   есептеліп, сегіз айымды кемітіп барып босатты. Колония бастығы кепілдеме    берді. Өйткені менің отбасым, бала-шағам бар ғой. Содан 1956 жылы шілде айында босатты. Ақталғандығым жөнінде куәлігім бар. Қазірде бірінші топтағы   мүгедекпін.  Пәтер, дәрі алуға жеңілдік пайдаланамын.

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Әкемнің есімі жұртшылық арасында кеңінен    мәлім болып, мұралары жарыққа шығып жатыр. Бұл да көңілге медет. 1989 жылы Мардан Байділдаев мені Қызылордаға апарды. Бұрынғы тұрған үйіміз, екінші класта мені пионерге қабылдаған орын, әкемді, Мағжан Жұмабаев және басқа  кісілерді ұстаған түрме бәрі-бәрі жадымда қалыпты.

Иә, әкемнің ел алдындағы еңбегін бағалап жатыр. Тіл институтының атын    әкемнің есімімен атады. «Ана тілі» газетінің шекесінен суреті тұрақты орын алды.   Семей, Қарқаралы, Шымкент, Орынбор, Арал және басқа қалаларда әкемнің  есімін есте қалдырарлықтай атаулар ойылып жатыр.

Әкемнің есімі Ақтөбе өңірімен де байланысты. Ол кісі 1895 жылы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Ақтөбе аймағында бастаған. Қазірде Ақтөбедегі бірқатар зиялы адамдар мені шақырып, осы деректі тілге тиек етуде. Менің Ырғыздағы Ұзақбай Құлымбетов ағамыздың 100  жылдық тойына келмеуіме болмайтын еді. Өйткені ол кісі әкемдермен араласып, қатар жүрді. 1926 жылы Қызылордада тұрғанда Ұзекеңдермен Наурыз тойында бірге болды. Мен   бұл  кісілердің қолына су да құйғанмын. Торғай  өңірінде өткен Ахмет    Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың тойына қатыстым. Торғайда он бір күн   болдым. Денсаулығым аса мәз болмаса да, осындай маңызды басқосуларға   қатысуды өзімнің биік парызым санаймын, — деді ол.

Иә, бұл бұдан отыз жыл бұрынғы әңгіме. Ол кезде  өзім де орда бұзар отыз  жастағы жігіт едім. Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апаймен кездескен сол  бір сәт, кейуананың мейірімді жүзі жадымда сақталып қалды.

Биылғы 10 қарашада Ақтөбе қалалық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Адал сөз бен тұғырлы тіл тұлғасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алып, сол кездесу туралы сөз қозғағанымда, сол бір жағдайға деген көпшіліктің ықыласы мен қызығушылығын аңғардым. Баспасөзден Шолпан Ахметқызының қасында жүріп, батасын алған Райхан Имаханбеттің толықтырылып айта басылып шыққан «Ғасыр саңлағы» атты кітабының жарыққа шыққанын оқыдық. «Егемен Қазақстан» газетінде «Жуырда  ғана оқырманның қолына тиген ахметтанушы Р.Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітабы автордың Шолпан Ахметқызының аманатына адалдығынан туындаған еңбек деп жазған еді. Шолпан апайдың артында қалған мұралары қалың жұртшылықтың игілігіне айналары анық.

Ахмет Байтұрсынов Ырғызда болған

Осылай деп тұжырым жасауға негіз болар айғақтар баршылық. ХХ ғасырдың басындағы халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі, қоғам   қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Ақтөбе аймағында, оның ішінде Ырғызда болғандығы жөнінде деректер күні бүгінге дейін нақты ізге түскен жоқ. Ахметтің  кезінде Ақтөбе өңірінде бүгінгі Алға ауданы Қарғаш ауылдық округінің Самбай  ауылында мектепте ұстаздық қызмет атқарғаны туралы «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Баян Сәрсенбинаның мақалаларын оқыдық.

Ілгеріректе баспасөз  беттерінде, кейбір кітаптарда ұлы ғұлама, ұлт ұстазы   атанған Ахмет Байтұрсынұлының Ырғызда болғандығы жөнінде деректер  жарияланды. Облыстық «Ақтөбе» газетінің 2006 жылғы 30 мамырдағы нөмірінде  басылған Әбуғали Жалдыбаевтың «Сталиндік саясаттың құрбандары» деген  мақаласында ырғыздық қайраткерлер Муса Дайрабаев пен Қуаныш Жұбановтың   тағдырлары туралы жазады. Осында «Муса Дайрабаев 1882 жылы Ырғыз уезінің Құтикөл ауылында дүниеге келген. 1909 жылдан 1920 жылға дейінгі аралықта  Ырғыздағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде математика, физика, химия  пәндерінің оқытушысы, кейіннен директор болды. Бұл 1879 жылы Ыбырай  Алтынсарин ашқан мектеп еді. Бұл мектепке Ахмет Байтұрсынов әдейілеп соғып, әдебиет, тарих, география пәндерінен арнаулы сабақ өткізіп, қазақ  халқының тағдыры жөнінде ой-пікірлерін айтатын болған (Бұл жөнінде сол мектепте дәріс алған әкем Оразалы Жалдыбаевтан естіген едім). Демек, Муса Дайрабаев Ахмет Байтұрсыновпен жақсы таныс болған деп сенімді түрде айта аламыз» деген жолдар бар. Ә.Жалдыбаетың осындай дерек келтірген мақалалары «Азат» (25 мамыр, 2000 жыл), «Нұр-дәулет» (14 шілде, 2006 жыл), аудандық «Мұғалжар» (2 маусым, 2016 жыл) басылымдарына да шықты.

Белгілі журналист, тарихшы Рахымжан Өтемістің кітабында «Ұлт көсемі Ахмет   Байтұрсынов та Ырғызда болған кезінде мектепке барып, оқу процесімен   танысып, өзі де сабақ өткізгені туралы деректер сақталған («Аймақтағы алғашқы  мектеп», Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2019 жыл») деп жазуы жоғарыда келтірілген   деректермен үндес.

Ұлт көсемінің Ырғыз өңірімен сабақтас сапарлары, шығармалары туралы   нақтылай түсу үшін 2017 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық   көрген «Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедия» кітабын сүзгіден өткіздік. Осында енген «Ырғыз» атауы бойынша А.Байтұрсынұлының 6 томдық шығармалар   жинағының 6-томындағы «Арыстар арасындағы хаттар» топтамасында басталып  жазылған мәтінде: «Қадірлі Әли!.. (Әлихан Бөкейханов М.М.) … сенің  профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге   шығу керек шығар» деген жолдары көрсетілген. Хат «Құшақтап сүйдім. Ақымет. 1/VI, 25-ші жыл» деп аяқталады.

Ахмет Байтұрсынұлының Ырғыз топырағында туған, қазақ лингвистикасының   негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Телжан  Шонанұлымен бірге жазып, жарыққа шығарған «Оқу құралы» (Қазақстан мемлекет  баспасы, Қызылорда, 1927 жыл) кітабына енген шығармаларда біздің өңірді   қамтыған атау, мәліметтер жиі ұшырасады. Кітаптағы А.Байтұрсынұлының  «Аспаннан жауған құмырсқа» мақаласында Ырғыз дуанынан Шалқарға дейін бір көш орналасқан Сайқұдық деген жерде түнеріп ойнап шыққан қара  бұлт Ырғыз өзені үстіне келгенде бұлттан құйылып, уақ, жіңішке бел, қызыл ала  құмырсқалардың жауа бастағаны баяндалады. Мұндағы Сайқұдық — Ырғыз  ауданы төңірегіндегі сайдың бойындағы құдық.

Тағы бір дерек назар аударарлық. Қалың оқырманға белгілі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ  кешу» тарихи-мемуарлық  романындағы «Торғай «Алашордасы» тарауында «Ол уақытта  Жангелдин Ырғызда болады. Жангелдин телеграммен   сөйлесіп, «Алашорда» тілегін қабыл қылып, «Алашорда» бастықтарының бірі   Ақмет Байтұрсынұлын қасына шақыртып алады («Жазушы» баспасы, Алматы, 1977 жыл, 338-339 беттер) деп жазған. Сәкеннің бұл дерегі бекер жазылмаса  керек. «Қазақ» газетінің 1916  жылғы №207 санында Ахмет   Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұнғашин, Міржақып Дулатов, Сейітғазым Кәдірбаев төртеуінің  «Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына!» тақырыбында жарияланған хаты да біздің аймақтағы халықтың тағдырына бейжай қарамайтынын қапысыз аңғартады.  Жалпы, Ахметтің Ырғызбен байланысы «Қазақ» газетінде жарияланған   мақалалар арқылы жиі көрініс табатынын бағамдау қиын емес.

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен араласып тұрған «Алаш»  зиялыларының   бірі  —  Ақтөбе өңірінің тумасы, қарабұтақтық Сейдалы   Оразалин. Ауқатты отбасынан шыққан Сейдалы Орынбор, Қазанда білім алған, зиялылығымен, сауаттылығымен танылған. «Қазақ» газетінің Батыс өңіріндегі тілшісі болған Сейдалы он жыл бойы Шалқар-Торғай-Ырғыз- Қарабұтақ арасында тілмаштық қызмет атқарған. Гүлнар Міржақыпқызының «Осы тұрғыда Ахмет   Байтұрсыновтың Сейдалыға айтқан әзілі елдің ауызында қалған: «Ырғыз бен  Торғай арасы жүз шақырым. Күнде барып келесің  жай  ақырын» (Гүлнар   Дулатова. «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Алматы, «Мектеп», 2012 жыл) деуі  ұлт ұстазының өлкемізге деген ыстық ықыласын білдірері хақ. Осы ретте  Сейдалының қызы Сафура Қазақстанға белгілі журналист, жазушы, «Егемен  Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Балғабек Қыдырбекұлының зайыбы екендігін айта кету артықтық етпес.

Осы мақаланы әзірлеу барысында Ырғыз ауданымен тұрақты байланыс   жасайтын, Алматыда  тұратын ғалым, филология ғылымдарының докторы,  профессор Орынай Жұбаймен хабарласып, Ахмет Байтұрсынұлының  өңірімізде болуы туралы деректер іздестіргенмін. Ол А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбеттен, ахметтанушы ғалым Алмас Әбсадықтан ұлт ұстазының Ырғызға  қатыстылығы жөнінде сұрастырғанын айтты. А.Әбсадық: «Ырғыз Орынбор мен Торғай арасындағы почта жолында орналасқан  ғой. Ахмет Байтұрсынұлы Ырғыздан талай өткен шығар» деген жормалын білдірген. Өзімнің  де ішкі түйсігім осындай ойға жетелейді. Жақында ғана Алматыдағы

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі  институтының Терминология орталығының   басшысы Сәрсенбай Құлмановпен сәті келіп телефон арқылы сөйлескенімде   арамызда жоғарыдағы мәселе әңгіме арқауы болды. Сәрсенбай Қуантайұлы сөз арасында Ахмет Байтұрсынұлының Ырғызда болуы бағытында зерттеу   жұмыстары қолға алынғанын айтып қалды.

Біз өзімізге мәлім деректерді ғана алға тарттық. Биыл туғанына 150 толуы кең ауқымда аталған халқымыздың ұлы тұлғасы, ұлт рухының  көрнекті қайраткері   Ахмет  Байтұрсынұлының Ақтөбе  өңірінде, оның ішінде Ырғызда болған сәттері туралы беймәлім деректердің алдағы күндерде тарих көмбесінен аршылып аларына деген үмітіміз мол.

 Марат МЫРЗАЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.  

Ырғыз ауданы.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button