Білім

Функционалдық сауаттылық

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр.
Функционалдық сауаттылық — адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен өткізілетін 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы PISA — функционалдық тұжырымдамасына негізделген белгілі халықаралық зерттеулердің бірі.
Білім беру нәтижелеріне қол жеткізуге ықпал ететін факторлар — оқушыларды қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамту. PISA бағдарламасы бойынша қосымша білім беру мазмұны жаңаратын болады, балалардың интерактивті парктерін, технопарктерін, балалардың ғылыми мұражайларын құру арқылы оқытудың жаңа технологиялары және интерактивті, инновациялық, ұйымдастыру нысандары енгізіледі. Сапалы бейінді оқытуды ұйымдастыру үшін жас техниктердің, натуралистердің, туристердің жұмыс істеп тұрған станциялары қазіргі заманғы интерактивтік техникамен, жабдықтармен және технологиялармен жарақтандырылатын болады.
Жалпы білім беретін мектептегі және мектептен тыс ұйымдардағы әртүрлі бағыттағы үйірмелер, секциялар желісін кеңейту есебінен балаларды қосымша білім берумен қамту ұлғайтылады. Басты назар ғылыми-зерттеу жобаларына, техникалық шығармашылыққа, өнертапқыштыққа, модельдеуге, нанотехнологияларға, робот техникасына, легожобалауға және т.б. аударылады.
Тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыруды, қызығушылығын, қабілетінің дамуын ескере отырып, білім беру ресурстарына (функционалдық сауаттылығына) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін қосымша білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердің қызметін біріктіру қамтамасыз етіледі. Жалпы біріктіру тұлғаның кәсіптік тұрғыда өзін-өзі анықтауына және оқушының шығармашылық және инновациялық қызметке деген қажеттілігін қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Әйгерім ДОСЖАНОВА,
Ф.Оңғарсынова атындағы
41 мектеп-гимназияның
информатика пәні мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button