Тұмау күшейіп тұр

Брифинг
Облыста соңғы апталарда ЖРВИ-мен ауырған 5 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 49,4 пайыз болса, 1 жасқа дейінгі балалардың үлесі — 7 пайыз.
Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
— Жіті респираторлық вирустық инфекциямен облыста 749 оқушы, 340 жүкті әйел ауырды. Полимеразды тізбекті реакциясы әдісімен 1441 сынама зерттелді. Оның 226-сы оң нәтиже көрсетті. Барлық тіркелген тұмау жағдайларының 115-і жүкті әйел арасында болса, 73-і — 14 жасқа дейінгі бала. Ауру тіркелген аудандар қатарында Қарғалы, Мұғалжар, Хромтау, Қобда, Темір, Ырғыз, Мәртөк, Алға, Ойыл, Шалқар, Әйтеке би аудандары бар. Жалпы, биыл өткен жылмен салыстырғанда тұмау жұқтырғандар саны 16 жағдайға көп болып отыр, — деді М.Сербаев.
Оның айтуынша, 8 желтоқсанда облыс бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырған үш науқас тіркелген. Оның біреуі Ақтөбе қаласында тіркелсе, екеуі — Қобда және Мұғалжар ауданы тұрғындары.
Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыс тұрғындарының тұмауға қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында облыс бойынша 178 051 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Бұл — облыс халқының 19,5 пайызы. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтағы 108 мың адам, жұмыс беруші қаражатына 17 326 адам және ақылы түрде өз еркімен 52 725 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Облыс бойынша тұмауға қарсы егілуден кейін асқынулар тіркелмеген.
— Бүгінде облыс бойынша тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырған 14 адам ауруханада жатыр. Оның алтауы ересек болса, 8-і — бала. Жалпы өңірде 50 адам ем қабылдап жатыр. Оның 20-сы ересек болса, қалғаны — балалар.
Өңірде жағдай қалыпты. Біз тұмаудың алдын алу үшін облыс тұрғындарына жылы киініп, инфекциядан сақтану үшін дұрыс тамақтануға, дәрумендер қабылдауға кеңес береміз, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Д.АЙДАР.



