Мәдениет пен өнердің ошағы

Қалалық Мәдениет үйі өзінің 45 жылдық мерейтойына орай «Ұлт тірегі — ұлттық мәдениет» атты аймақтық конференция өткізді.
Ақтөбе қаласы екі күн бойы Мәдениет үйлері мен оның қызметкерлерінің маңызды мәселелерін талқылаған ашық диалог алаңына айналды.
Конференцияға ақтөбеліктермен қатар, Астана, Қызылорда, Ақтау, Атырау және Орал қалаларындағы мәдениет саласының өкілдері, аудандық Мәдениет үйлерінің басшылары қатысты. Алғы сөзді айтқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова:
— Әр мейрамның қаламызда салтанат құруы — ыстық-суыққа қарамастан мәдени-көпшілік іс-шаралардың ортасынан табыла қоятын Мәдениет үйлеріндегі әр өнерпаздың шығармашылық шабыты мен қалтқысыз еңбегінің арқасы. Қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалысын ұйымдастырып, ұлттық мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келе жатқан қалалық Мәдениет үйінің қызметіне биыл 45 жыл толып отыр. Мерейтой құтты болсын! — деді.
Одан соң кештің модераторы — қалалық Мәдениет үйінің басшысы Мұратбек Дәрібаев Ақтөбенің мәдениетін дамытуға атсалысып жүрген шығармашылық ұжымдарды атап өтті. Оның айтуынша, Мәдениет үйінің жанында халықтық атағы бар 8 ұжым жұмыс істейді. Олар — «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушыларынан құралған «Серпер» жастар хоры, «Наставник» хор ұжымы, «Рюкзак» бард клубы, «Сұңқар» вокалдық ансамблі, «Наурыз» тобы, «Ермекбаевтар» отбасылық классикалық ән ансамблі, «Атамекен — Асылым» аталар мен аналар ән ансамблі, сондай-ақ эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі мен «Ақтөбе» вокалды аспаптар ансамблі.
«Астана қаласының мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева слайдқа сүйеніп, еліміздің астанасындағы мәдениет мекемелерінің іс-тәжірибелері туралы әңгімеледі.
— Астана қаласының мәдениет басқармасына 13 мәдениет мекемесі қарайды. Олардың қатарында 6 театр, 2 үлкен зәулім сарайымыз, астаналық цирк, мемлекеттік филармония, біріккен кітапханалар жүйесі және мұражайлар дирекциясы бар. Бірақ бізде Мәдениет үйі жоқ екен. Атап өткен мекемелер Мәдениет үйінің қызметін қоса атқарады. Өңірлермен тәжірибе алмасуға дайынбыз. Мәселен, біз мәдениет саласындағы креативті индустрияны дамытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. Мысалы, мұражайларды 3D, 4D форматында онлайн көруге мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде балаларға қызықты театр қойылымдарын кәсіби түрде түсіріп, мектептер мен балабақшаларға онлайн форматта тамашалауға ұсыну жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрине, виртуалды тамашалағанда мұражай мен театр қойылымдарын көзбен көргендегідей әсер ала алмайсың дейтіндер де табылады. Бірақ бұл — әр адамның таңдауы мен қалауы, — дейді Ақерке Жұманбаева.
Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің директоры Эльмира Қанатбаева Ақтөбе мен Қызылорданың бұрыннан тығыз байланыста екенін айта келе:
— Ақтөбе мәдениетінің көрсеткіші ретінде әлем мойындаған Димаш Құдайбергеновті айтуға болады. Бүкіл әлемге қазақтың тілін, мәдениетін, өнерін таныстырып жүрген Димаштың осы өлкеден шыққаны — Ақтөбе мәдениетіне, қала берді, қазақ өнеріне берілген үлкен баға деп түсінемін, — дейді.
Маңғыстау ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Зылиха Сапарова әдістемелік және мәдени демалысын ұйымдастыру жолдарының жаңаша көзқарасы, озат тәжірибені енгізу және оны жетілдіру мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ конференция барысында Орал қаласының «Мәдени-ағарту бірлестігі» мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Тоқмамбетов, Атырау қаласының Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының директоры Мақсот Торпақов «Ұлттық рухани құндылықтар көзі — өнегелі өнерді дамыту» тақырыбында әңгіме өрбітсе,
Байғанин аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаева жарқын істердің мәдениетті дамыту саясатына үлес қосатынын жеткізді.

Балалар жылына басымдық берілді
Қатысушылар секциялық жұмыста үш тақырып төңірегінде пікірлесті.
Әуелі біз «Көркемдік ұжымдар мен үйірмелер жұмысының сабақтастығы» мәселесін көтерген секция жұмысымен таныстық. Мәдениет үйінің басшысы Мұратбек Дәрібаев шара қатысушыларына балалар жылына басымдық беріп, «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі жанынан балаларға арналған студия ашқандарын айтты.
— Біздің «Әлия гүлі» би ансамбліне келесі жылы 45 жыл толады. Ақтөбеде би ұжымдары өте көп. Алайда осы Мәдениет үйі аумағында тұратын ата-аналардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында біз Балалар жылы аясында ансамбльдің жанынан балалар шығармашылығы студиясын құрдық. Басты талап — студияға тек қыздар қабылдаймыз. Себебі бүгінгі кішкентай бишілер — «Әлия гүлі» би ансамблінің ертеңгі қызметкері. Студияда балаларға билеуден басқа бейнелеу өнерінің негіздері үйретіліп, хор, вокал және актерлік шеберліктен дәрістер оқытылады, — дейді «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің жетекшісі және балетмейстері Шолпан Айнабекова.
Студияда балалардың салған суреттері ілінген. Біз барғанда жеткіншектер Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Анель Жанбаеваның жетекшілігімен жаттығып жатыр екен. Мұнда балаларға вокал негіздерінен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Ермекбаев, ал актер Ербол Ермағамбетов актерлік шеберліктен дәріс береді. Айтпақшы, биыл Ербол Ермағамбетовтің жетекшілігімен студия балаларының қатысуымен қойылған «Қоянның қулығы» қойылымы Орал қаласында балалар театрлары арасында өткен байқауда «Сценография» номинациясына ие болды.
Қалған екі секция қатысушылары «Рухани жаңғыру — ой-сананың кемелденуі», «Мәдениет саласында креативті кеңістікті енгізудің маңыздылығы» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Мұнда облыс орталығында мәдени-көпшілік шара өтетін болса, ең алдымен, ұлттық киімін киіп, музыкалық аспаптарын арқалап жететін өнерпаздардың әлеуметтік жағдайы, клуб қызметкерінің абырой-беделі туралы, тағы басқа мәселелері жайында айтылды.
Маңғыстаудан келген Мәдениет саласының үздігі Зылиха Сапарова: «Мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы өте төмен, дегенмен осы саланы таңдаған біз секілді мамандарға бұл бөгет болып тұрған жоқ. Себебі қазіргі таңда жұмысқа шығармашыл жастар көптеп келіп жатыр», — десе, Оралдан келген әріптесі Серік Тоқмамбетов зейнетке шыққандардың жастарға орын босатпай, тағы бір-екі жыл жұмыс істеп жүріп алатындарын айтады.
Қатысушылардың бірі сахнаға спорт киімімен, кроссовкамен шығып кететін әріптестерінің қылығына наразылығын білдірсе, тағы бірі мәдениет үйлерінде өнерпаздың репертуарын, сахна киімін қадағалайтын бір көркемдік кеңестің қажет екендігін жеткізді.
Биыл Алматы қаласында еліміздің музыка, театр, кино, кітапхана, музей, архив секілді руханият саласында қызмет ететін 500-ге жуық мәдени қызметкердің өкілінің басын қосқан Қазақстанның І мәдениет форумы өткенін білеміз. Секцияға қатысушылар осы мәдениет форумының Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда бірінші рет өткізілгенін де сынға алды. Осыдан-ақ елімізде мәдениет саласы қызметкерлерінің беделі жоқтығы көрініп қалатыны да айтылды.
Астанадан келген Ақерке Жұманбаева мәдениет саласындағы креативті индустрияны дамытуды қолға алу қажеттігін айтты. Оның сөзін іліп әкеткен әнші Ержан Максимнің продюсері Қанат Аман:
— Ақтөбенің мәдениетіндегі креативті индустрияның кеңістігі бос жатыр. Бізге қазір ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ. Біз бұған біртіндеп келе жатырмыз. Мәселен, бұған «Бақытты бала» жобасы мысал бола алады. Осы байқау үшін біздің Ақтөбеге қаншама туристер келді. Әрине, Димаш Құдайбергеновтің туған жері, оқыған мектебін көру үшін де фанаттар ағылды. Біз осыны тиімді пайдаланып, жол, қоғамдық тамақтану, туристік операторлар мен гидтер қызметін дамытқанымыз жөн. Осы үрдісті жойып алмай, одан әрі жетілдіруіміз керек. Ештеңе бірден бола қоймайды, бәріне де ізденіс пен еңбек, уақыт қажет, — деді.
Мәдениет — ұлттың бет-бейнесі мен ақыл-ойы, пайым-парасаты. Өзге жұртқа ең әуелі төл мәдениетіміз арқылы таныла алатынымызды тарих дәлелдеп келеді. Сан мыңдаған жылдар бойы тіпті соғыс уақытында да өнерпаздар жұрттың жабырқау көңілін көтеруге тырысты. Қазір де солай, мәдениетіміз — мәңгілік, өнеріміз — өміршең. Солай болып қала бермек.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



