Ауыл

Мал басы көбейді

 Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі жобалар іске асырылып келеді. Соның бірі — «Айжан-К» шаруа қожалығының етті бағыттағы мал басын арттыру жобасы.

Саржансай ауылы Тәңірберген ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалық иесі Әділ Асанов 2016 жылдан бері сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығымен айналысады. Биыл шаруа қожалығы асылтұқымды мал басын көбейту үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы 70 миллион теңге көлемінде несие алып, Қарағандыдан етті бағыттағы 150 бас әулиекөл сиырын әкелді.

Шаруаның айтуынша, сүтті бағыттағы малға қарағанда етті бағыттағы ірі қараны бағу тиімдірек. Мұндай сиырлар күн салқындағанда да жайылымда ұзағырақ жүре береді.

Ауылда жұмысшылар саны аз. Сауыншыларымыз жетіспейді. Сондықтан тағы етті бағыттағы мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Асылтұқымды мал басын да арттырмақпыз, — дейді «Айжан-К» шаруа қожалығының басшысы Әділ Асанов.

Мал азығы үшін жаздай 3000 гектар жерден шөп орылған. Келер жылы суармалы жер аумағын 90 гектарға ұлғайтып, мал азығын қамдау жұмыстары қарқынды жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Шаруаларға кәсібін дамыту үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы 17 пайызбен несие беріліп, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Олар екі жыл төлемнен босатылады. Бұл — ірі қара мал бағумен айналысатын шаруаларға үлкен жеңілдік. Ал ауданда барлығы 800-ден аса шаруа қожалығы жұмыс жасайды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button