Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облыстық ҚХА жұмысы қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс

Ақтөбеде Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыс әкімі Ералы Тоғжанов, мәслихат депутаттары, бірқатар мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның ХХХІ сессиясында айтылған тапсырмаларын орындау қорытындысы шығарылды, өңірдегі этносаралық келісімді қамтамасыз ету, ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметі және т. б. мәселелер қаралды.

Ералы Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік ұлттық саясатты іске асырудағы, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Біз жаңа жағдайларда қоғамдық даму институты ретінде Ассамблея қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауымыз керек және этносаралық келісім моделіне нұқсан келтіруі мүмкін кез-келген сын-қатерге қарсы тұруға дайын болуымыз қажет. Этномәдени бірлестіктердің басшылары, біздің қоғамдық институттар – бұл Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, жастар бірлестіктері, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы көпір болуға тиіс. Біздің міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын, қоғамдық бақылау саясатын ілгерілету. Мемлекет басшысы, Ассамблея Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтуға және патриотизм рухын тәрбиелеуге ерекше назар аударуымыз керек екеніне аса назар аударды. «Бірлік – әртүрлілік арқылы» біздің басты қағидатымыз болып қала бермек », – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

2023 жылға арналған жоспарларды талқылау кезінде облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Ералы Тоғжанов ұйым мүшелерін қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуде өз үлестерін қосуға шақырды.

«Біздің ортақ міндетіміз – өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларды жүзеге асыру. Мен көптеген елдерде болдым және біздің ұлтаралық және конфессияаралық келісім үлгісін халықаралық қоғамдастық ең тиімді деп танығанын анық білемін. Бар күш-жігерімізді оны сақтауға бағыттау керек», – деді Ералы Тоғжанов.

Ассамблея мүшелері мен оның құрылымдық бөлімшелеріне барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыру, сондай-ақ этносаралық қатынас тілі және топтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілді зерделеу мен насихаттауға белсене атсалысуды тапсырды.

Жиын облыстық ҚХА мүшелеріне «Бірлік» ҚХА қоғамдық алтын медалін, «Жомарт жан» төс белгісін, ел бірлігін нығайтуға және Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет грамотасы мен алғыс хаттарды табыс етумен аяқталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің алғыс хатымен және ақшалай сыйлықтарымен облыстағы барлық 16 этномәдени бірлестік марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button