Денсаулық

Көшпелі кешеннің көмегі

Шалғай елді мекендерде тұратын адамдар үшін медициналық қызмет қолжетімді бола бермейді. Ауылдағы фелдшерлік пункттегі дәрігерлер тек алғашқы көмекті жасайды. Аудан орталығындағы ауруханаға арнайы келіп, денсаулығын тексертетіндер некен-саяқ. Сондықтан дер кезінде анықталмаған ауру түрлері көбейіп, асқынғанда бір-ақ келеді.

Мұндай жағдайда жылжымалы медициналық кешеннің көмегі көп.

Шалқар  аудандық  орталық ауруханасы былтыр  152 миллион  теңгеге  жылжымалы медициналық кешен сатып алған болатын. Екі жабық тіркемесі бар КамАЗ автокөлігінде орналасқан жылжымалы қыс айында да жұмыс істейді.  Заманауи техника қыста жылытқыш пешжәне жазда салқындатқыш құрылғымен жабдықталған.

Шалқар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанкелді Былқайырдың айтуынша, жылжымалы медициналық кешен 10 ай бойы ауданның барлық ауылдарын аралап, скринингтік тексерістен өткізген. Нәтижесінде жүрек-қантамыр  назологиясы  бойынша тексеруден өткен 1320  тұрғынның 26-сынан ауру белгісі анықталып, 24-і диспансерлік есепке алынды. Науқастар тегін дәрі-дәрмектермен  қамтамасыз етілді.

Медициналық кешеннің көмегімен 3 адамның қант диабетімен ауыратыны белгілі болды. Сүт безі обырыбойынша 612 әйел маммографиялық тексерістен өтті,  оның ішінде 3 әйелден «Киста», «Мастопатия» анықталды, облыстық деңгейде қосымша тексерістен өткізіліп,  мамандарға қаралып,  оперативтік, консервативтік ем алды.

Мамыр айында скринингтік тексеруден өткенде, сүт безінің қатерлі ісігіне күдік байқалып, Шалқар аудандық аурухана дәрігерлері маған облысқа жолдама берді. Жолдамамен Ақтөбе қаласына барып, қайтадан маммографиялық рентгеннен, ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, онкомаммолог дәрігерге  қаралдым. Ауру расталып, сүт безіме ота жасалды. Ауруханада  алынған тексерулер қорытындысы жақсы нәтиже беріп, жергілікті жерге  бақылауға жолдады. Сөйтіп, жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен  ауруым ерте анықталып, қауіпті дерттің алдын алдым, — дейдіЖылтыр ауылының тұрғыны Ақкенже Оразалина.

Басқа да ауру анықталған ауру түрлері сол бойда емдік шаралары жүргізілді.

Жылжымалы  медициналық  кешен құрамында  акушер гинеколог, хирург, көз  дәрігері,  жалпы  тәжірибедегі  дәрігерлер болды. Бозой, Айшуақ, Шілікті,  Тоғыз, Байқадам, Аққайтым, Жылтыр, Тұмалыкөл, Шетырғыз, Қауылжыр, Мөңкеби,  Қотыртас,  Бершүгір елді  мекендердегі  тұрғындарды тексерістен өткізді.

Жылжымалы медициналық кешен ауылымызға келгенде тұрғындарды  медициналық тексеруден өткізіп денсаулығында кінәрат бар адамдарды  есепке  алдық. Тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді. Терең тексеруді қажет ететін тұрғындар Ақтобе қаласына  маман дәрігерлерге жіберілді. Осы тексерулер арқасында  көптеген тұрғындардың  ауруларын ерте анықтап,сауығып кетуіне себепші болдық. Бозой  елді мекені аудан орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Жылжымалы  медициналық  кешеннің  осындай шалғайдағы елді мекенге келіп қызмет көрсетуі біз үшін қуанышты жағдай, — дейді Бозой  дәрігерлік амбулаториясының  аға дәрігері Шалқарбай Қаржау.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button