АуылБасты жаңалықтар

Жаңа жобамен ауылдар көркейеді

Ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, отбасылардың табысын екі есеге арттыратын «Ауыл аманаты» жобасына Ақтөбе облысының 12 ауданындағы 24 ауылдық округінің 42 мыңнан астам тұрғыны қатысады.

Ойыл ауданыныңбарлық ауылдық округіндегі 22 елді мекен тұрғындарының арасында скрининг жұмыстары жүргізіліп, белсенділігі жоғары Саралжын және Көптоғай ауылдық округтері таңдап алынды. Қазір бағалау, құжаттарды ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне жіберу жұмыстары басталып жатыр. Саралжын ауылы бойынша — 103 жоба, Көптоғай ауылынан 101 жоба анықталды.

Ветеринарлық дәріхана

Ойыл ауданы тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы.Аудан бойынша мал саны жыл сайын өсіп келеді, әсіресе жылқы 109,2 пайызға өсіп, 17655 басқа жетіп отыр.

Мал мен құс бағу — жауапты іс. Мал болған жерде, оларға сай күтім де керек.

Мал дәрігерлік қамту шаралары бойынша бюджеттен 105,5 млн теңге бөлініп, жоспарлы аса қауіпті ауруларға қарсы егу және қан алу жұмыстары толық орындалып жатыр.

Үй жануарлары әртүрлі ауруларға бейім келеді, ал тұрғындар қарапайым дәрі-дәрмекті алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Малды ауру-сырқаудан сақтау үшін Ойыл ауданы Саралжын ауылының тұрғыны Жұмабай Дайрабаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз ауылында ветеринарлық дәріхана ашқысы келеді.

Мал дәрігері болып 15 жыл жұмыс істеген Жұмабай Дайрабаев осы уақытқа дейін ауылда бірде-бір ветеринарлық дәріхана болмағанын айтып қынжылады. Ол «Ауыл аманаты» жобасының көмегімен тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға тамаша мүмкіндік алып отыр.

Кәсіпкер бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін үйін кепілге қойып, керекті құжаттарды дайындауға кіріскен. Ол дәріхананы алдағы уақытта төрт түлікпен құстарда кездесетін түрлі ауруды емдеуге және алдын алуға арналған құралдар, крем, дәрумендік қоспалармен қатар,қажеттіжиһаздармен де толықтыруды жоспарлап отыр.

Малдан тарайтын ауру көп. Ауылда малда жиі кездесетін бруцеллез, құрт аурулары бар. Мен аурудың алдын алу жұмыстарын, емдеу шараларын уақтылы жүргіземін.

Жоба аясында шаруа қожалықтарымен келісімге отырып, дәрі-дәрмекті керекті мөлшерде алдыртып отыратын боламын, — дейді ол.

Осы жылы бруцеллез Ш.Берсиев атындағы, Ойыл, Қайыңды, Саралжын ауылдық округтерінен шықты.Бруцеллез ауруы өткен жылмен салыстырғанда биыл ұсақ мал арасындааздап төмендеген.

Мал сою пункті

Қалаға барып ет сатқыңыз келсе, малдың сойылғаны жөнінде құжаттар мен өнімнің тазалығын растайтын анықтама керек болады. Бірақ Саралжын ауылының тұрғындары ол үшін малын көлікке тиеп, Ойыл ауданына баруы керек. Барудың өзі қанша шығын?! Себебі ауылда мал соятын пункт жоқ. Ауыл тұрғыны Аманжол Сапаров бұл мәселені «Ауыл аманаты» жобасы арқылы шешкелі отыр. Тұрғындар алдағы уақытта жаңа пункт арқылы мал сою мен өнімді сақтаудың сапалы қызметін тұтына алады.

Малды үй жағдайында, қора маңында союға рұқсат жоқ. Бұндай пункттің ең басты тиімділігі — тазалығы.

Мал етінің сапасы ветеринар маманның қадағалауында болады. Одан бөлек қасапшы, оның көмекшісі, малдың ішек-қарнын тазалаушы маман жұмыс жасайтын болады. Тұрғындар бізден малдың сойылғаны жөнінде құжатты еш кедергісіз рәсімдей алады. 

Пункт қызметі сиырға — бес мың теңге, қой — 1000 теңге деп белгілеп отырмыз. Ал шаруа қожалықтарына жеңілдіктер болады, — дейді Аманжол Сапаров.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Жобаға 12 ауданның 24 ауылдық округінен 42,4 мың тұрғын қатысады. Олардың жартысынан көбі —жастар.747 адам — жұмыссыз ретінде тіркелгендер.

5 мыңнан астам адам — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, олардың тұрақты табыс көздері жоқ.

Сарапшылардың есебі бойынша жобаны іске асыру нәтижесінде елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға төмендейді, АӘК алатын отбасылар саны 885-тен 449-ға дейін азаяды.

Алдағы уақытта ауылды құс етімен қамтамасыз ету 20,6 пайыздан51,2 пайызға дейін, көкөніс көлемі 17,4 пайыздан 29,9 пайызға дейін, картоп 38,8 пайыздан 63,5 пайызға дейін артады.

Құс шаруашылығы

Аталған жобаға Қарғалы ауданындағы Кемпірсай және Қосестек ауылдық округтерінің тұрғындары қатысады.

Біздің округте «Ауыл аманаты» жобасы аясында 70 бизнес-жоспар әзірленіп жатыр. Осыған дейін егжей-тегжейлі скрининг жұмыстары жүргізілді, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында қандай бағыттарды дамыту дұрысырақ болатынын анықтадық. Мысалы, үш тұрғын құс шаруашылығымен айналысуға дайын, басқалары мал шаруашылығы саласына, көкөніс, картоп отырғызуды қолға алғалы жатыр, ал енді біреуі шағын шеберхана, цех ашқысы келеді. Қазір 12 адам құс шаруашылығымен айналысу үшін несие құжаттарын дайындап жатыр,— дейді Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Жарасхан Темірбаев.

Жобаға Қосестек ауылынан 150-ге жуық отбасы қатысуға ниетті. Тұрғындар өз өтінімдерін әлдеқашан беріп қойған.

Кемпірсай ауылының тұрғыны Сағыныш Тасқалиев те өзінің кәсібін бастауға дайын. Құс шаруашылығымен айналысуды жоспарлаған ол тауықтарға арнап жылы орын, шаруаға керек болар деп трактор дайындап қойғанын айтады.

Мен осыған дейін шөп шабумен айналысып келдім. Өзім ірі қара да, қой да ұстаймын. Енді мал шаруашылығымен қатар, құс шарушылығын да дамытқым келіп отыр. Жобаны толықтай түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырған ауыл әкімі Жарасхан Темірбаевқа алғысымды білдіремін.

Жоба аясында 2,5 пайызбен несие алу арқылы халық өз кәсібін бастап кетуге үлкен мүмкіндікке ие болып отыр. Бұл жоба тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтереді деп сенеміз, — дейді ол.

Қазір елімізге құстың еті мен жұмыртқаның көп бөлігі сырттан тасымалданады. Өз өніміміз өңірлерді қамти алмай отыр. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындарғаалдымен құс шаруашылығы мен көкөніс өсіруге мүмкіндік беріп отыр.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button