Тарих

Жақсыдан қалған із

Әр істің оңға басуы оның басы-қасында жүрген жандардың ынта-жігеріне, тілектерінің бір жерден шығып, бір-бірімен тіл табыса білуіне, олардың арасында ұйымдастырушылық қабілеті мықты адамдардың болуынабайланысты екеніне ешкім дау айтпас. Тәуелсіздіктің қарсаңында және оның алғашқы жылдарында Ақтөбеде халқымыздың төл өнеріне, тіліне, шынайы тарихын тануға және насихаттауға деген құлшыныс жоғары болды.

Сол тұста қазақтар қала халқының небәрі 30 пайызын құрағанына қарамастан, жаңа қазақ мектептері ашылып, қайта аталған көшелер Әйтеке би мен Әбілқайыр хан бастаған ұлтымыздың ең қадірлі перзенттерінің есімдерін иеленіп, облыстық қазақ драма театры ондаған жылдардан кейін көрерменмен қайта қауышып, дүркіреп айтыстар өтіп, тіпті Ақтөбе «айтыс астанасы» деген атқа ие болып, жұрт еңсесі бір көтерілген еді. Бұл істердің басы-қасында Ақтөбенің зиялы қауымы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Алдаспан», «Азат» секілді ұйымдарда бас біріктірген күрескер ағалар мен түрлі қызметтегі қазақ азаматтарыжүрді. Бұғансол кезеңде облыстың мәдениет саласын басқарған Қази Жасекенов те мол үлес қосты.

Қоғам қайраткері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қази Жасекеновтің есімін есте қалдыру мақсатымен, бүгін Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ғимаратына мемориалды тақта орнатылып, «Өнер бекзаты» атты концерт ұйымдастырылмақ. Концертке кезінде құрылуына Қази Жасекеновтің өзі ұйытқы болған ұжымдар атсалысады.

Әр адамның тірлігінде атқарған ісі артына қалдырған ізі болмақ. Бүгін Қази Жасекеновтің соңына қалдырған ізіне тағы бір көз тастауды жөн көрдік…

Көне өнердің түлеуі

Қази Жасекенов облыстық мәдениет басқармасын басқарып тұрған тұста, яғни 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында Ақтөбеде республикалық айтыстар өткізу дәстүрге айналды.

Жақын жылдары біздің газетіміздің тілшісімен әңгімесінде белгілі айтыс ақыны Баянғали Әлімжанов былай деген еді: «Мен Ақтөбедегі айтыстарға 1989 жылдан бастап қатыстым. Ақтөбеде айтыстар өзгеше ұйымдастырылатын: халық ашық стадионға жиналып, ақындарға барынша еркіндік берілетін. Жаздың әдемі кешінде көрермендердің ыстық ықыласымен, қолдауымен өзімізді нақ бір қанат біткендей сезінетін ғажап сәттер есімде қалды».

Ал осы айтыстарды өткізуге тікелей атсалысқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сол тұстағы облыстық телеарна қызметкері Жақсылық Айжанов өңірімізде көне өнердің түлеуіне, қайта жандануына жол ашқан бұл істі:«Облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Қази Жасекеновтің бастамасымен қолға алынған еді», — деп еске алды.

Сексенінші жылдардың ішінде облысаралық айтыстар ұйымдастырыла бастаған кезде, Ақтөбенің атынан қатысатын суырыпсалма ақындар табу қиынға түскен екен. Бұл жергілікті азаматтарды, әсіресе мәдениет саласының басшыларын намыстандырып, қамшылаған болса керек, Ақтөбеде бірінен соң бірі республикалық деңгейдегі айтыстар ұйымдастырыла бастады. Бұл айтыстарда ақындарға уақыттан шектеу қойылмаған, баяғыдай кең жайлау болмағанымен, қала ортасындағы кең стадионда, ашық аспан астында, яғни қазіргі біз куә болып жүрген айтыстардан гөрі ерекше жағдайда өткен. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы айтыстарға демеуші болуға жергілікті кәсіпкер азаматтарды тарта білді.

Ал ең бастысы — сол айтыстарды ұйымдастыру, өткізу үшін төгілген тер текке кеткен жоқ: өңірде халқымыздың көне айтыс өнерін жалғастырушы жаңа, жас буын айтыскерлер легі өсіп шықты. Бүгінде олар облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүр.

Театрдың қайта ашылуы

Ақтөбе қазақ драма театрының тарихын зерттеген журналист Марат Мырзағұл кезінде біздің өңірде қазақ драма театрының тарихын 1926 жылдан бастап есептеу керек деген пікір айтыпты. 1926 жылдың 4 қаңтарында Ақтөбеде «Еңлік-Кебек» қойылған екен. Ал Темірбек Жүргенов Қазақ КСР-інің халық ағарту комиссары болып тұрған тұста, Ташкенттен Ғұмар Омаровты алдырып, жолдамамен біздің театрға режиссер етіп жіберген.

Өкінішке қарай, 20-40 жылдары театр жұмысы арасында үзіліп қалып тұрды. Ақыры 1948 жылы соғыстан кейінгі қиындықтарға байланысты деген сылтаумен,театрды республикалық бюджеттен қаржыландыру тоқтатылған. Осы жылы театрға «колхоз-совхоз театры» деген мәртебе беріп, Ойылға көшіріп жібереді. Есесіне, 1964 жылы Ақтөбеде өлкелік орыс театры ашылған.

Тәуелсіздік қарсаңындағы рухани түлеу жылдарында өңір халқы, әсіресе зиялы қауым осы әділетсіздікті қайткенде түзеуге күш салды. Ақыры 1991 жылы 9 шілдеде облыстық атқару комитетінің «Ақтөбе қаласында қазақ драма театрын ашу туралы» шешімі шықты.

Жаңа ашылған театрдың алғашқы директоры Қорлан Бөлеков кейін өзінің естелігінде: «Сол кездегі облыстық басқарманың бастығы Қази Жасекенов мені театр директоры етіп бекітті. Облыстық саяси ағарту үйінің екі қабатын театрға берді. Өздеріңіз білесіздер, онда сахнасы бар, жиын өткізетін залы болатын», — деп, Қази Жасекеновтің де осы іске үлкен үлес қосқан жандардың бірі екенін атап өткен еді.

Айта кету керек, сол тұстағы республиканың мәдениет министрлігі «материалдық базасы не маманы жоқ» деп, бұл іске қолдау көрсете қоймаған. Соған байланысты ұжымның жалақысы, театрдың басқа да жұмыстары бірнеше ай бойы демеушілер тарапынан қаржыландырылыпты.

Ал алғашқы қойылым — Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы 1992 жылдың 24 маусымында өтті.

Камералық хордың құрылуы

1991 жылы Ақтөбеде қазақ камералық хоры құрылды. Бұл ұжымда сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қази Жасекеновтің бастамасымен құрылған еді.

Ұжым 52 адамнан тұрды. Оған жетекшілік ету үшін Алматыдан Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласының хормейстрі, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда хор дирижерлігі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтін Тұрым Алагөзов шақырылған.

Бастапқыда репертуар ұлттық музыка өнерін дәріптеу мақсатымен жасақталған. Алғашқы ұжымда Несібелі Қоңырбасова, Наталья Фоменко, Надежда Ткаченко, т.б. болды. Кейіннен хор құрамында Светлана Айтбаева, Мирас және Құралай Бекжановтар сынды белгілі әншілер де өнер көрсетті.

Бүгінге дейін ұжым еліміздің көптеген өңірлерінде, Латвия, Ресей, т.б. шетелдерде өнер көрсетті. 2007 жылы халықаралық «Жұбанов көктемі» хор музыкасы фестивалінде І орын,  ал 2008 жылы «Астана ән қанатында» халықаралық фестивалінде ІІ орын алды. Сондай-ақ 2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Поющий мир» халықаралық фестивалінде І орынды жеңіп алды.

«Ақтөбе» ансамблі

«Ақтөбе» вокалды аспапты ансамблі — қалалық Мәдениет үйі жанындағы белгілі өнер ұжымдарының бірі. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі — Қази Жасекенов.

Ансамбль репертуарында Абайдың, халық композиторларының, сондай-ақ өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақ композиторларының әндеріне көбірек көңіл бөлінеді.

Ансамбльдің тұңғыш концерті 2008 жылдың желтоқсан айында өтіп, содан кейін аз уақыт ішінде ол ақтөбелік өнерсүйер қауымның сүйікті ұжымына айналды. Сонымен бірге, ұжым аудандарда, еліміздің көптеген өңірлерінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.

А.САРЫБАЙ.

 

***

ДОС ЛЕБІЗІ

Қази Жасекенов 1954 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 1978 жылы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Шымкент педогогикалық мәдениет институтын бітіргеннен кейін, жолдамамен Ақтөбе қаласына келді. Осы кезден бастап өмірінің соңына, яғни 2017 жылға дейін облыстың мәдениет саласында жемісті қызмет етті.

Облыстық мәдениет басқармасын басқарып тұрған жылдарында оның бастамаларына республиканың сол кездегі мәдениет министрі, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков көп қолдау көрсеткен екен.

Бұл жөнінде бізге Қази Жасекеновтің ұзақ жылдардан бергі досы, қазір Астана қаласында тұратын Жалғас Иманғазин айтты. Ол бүгін Ақтөбеде өтетін Қази Жасекеновті еске алу шараларына қатысуға арнайы келіпті.

Қази екеуміз 1978 жылы Ақтөбеде жұмыс барысында таныстық. Менің де Ленинградтан жоғары білім алып келіп, жұмысқа енді орналасқан кезім еді. Онымен тез тіл табысып, тіпті отбасыларымызбен жақын араласып кеттік. Қазидың өзі өнерлі отбасынан шыққан, оның әкесі Құдайберген де мәдениет саласында жемісті қызмет еткен адам. Мен ол кісіні де жақсы білгендіктен, ұйымдастырушылық қасиет, сонымен бірге үнемі әзіл айтып, көңілді жүретін мінез Қазиға әкеден дарыған деп айта аламын. Оның ұмытылмайтын тағы бір ерекше мінезі — адамға, қоғамға деген жанашырлығы еді. Қазір ойлап қарасам, ол өзінің жеке басынан гөрі, басқалардың жайын, қоғамдағы түрлі мәселелерді шешуді көбірек күйттеген екен. Мен кейіннен Алматыға, одан соң Астанаға көштім. Бірақ біз бір-бірімізді үнемі іздеп тұрдық. Мен Ақтөбеге, ол Алматыға келгенде әрдайым кездесуші едік. Сонда байқайтыным — қазіргі өнер жұлдыздары, ал сол кездегі өнер жолына енді қадам басқан жастар оған хабарласып, түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңес, көмек сұрап жататын. Жалпы, жастар ғана емес, бір қиындыққа тап болған кез келген адамға жәрдем беруге даяр тұратын. Ал жолдастыққа, достыққа келсек, ондай дархан мінезді адаммен дос болудың өзі — бір бақыт! Біз өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге бөлістік. Отбасында Қази мен Сәлима екі бала тәрбиелеп өсірді, бүгінде екеуі де өмірден өз орнын тапқан, табысты жандар.

Қазидың Ақтөбе өңірінің мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі көп. Өтпелі кезеңдегі маман, қаржы тапшылығы секілді қиындықтарға қарамастан, жанын сала еңбек етті. Өңірде жаңа музейлер ашуға, Әлия Молдағұлованың музейін жаңа жәдігерлермен, деректермен қамтуға, басқа да үлкен істерге көп еңбек сіңірді. Қазидың еңбегі үлкен құрметке лайық, сондықтан оған арнап еске алу шараларының ұйымдастырылуын шексіз қуанышпен қабыл алдым. Мұндай шаралар алда да жалғасын табады деп үміттенемін, — деді Жалғас Хасенұлы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button