Басты жаңалықтар

«Дулаттың» жабындылары

Соңғы жылдары облыста құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты қазір металл жабындыларына сұраныс едәуір артқан. Ақтөбе қаласындағы «Дулат» шатыр орталығы өңір халқын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келеді. Біз аталған орталық мамандарымен тілдесіп, олардың жұмысымен танысып қайтқан едік…

Сапалы өнімге сұраныс көп

«Дулат» шатыр орталығы он жылдан бері құрылыс материалдарын сатады.

Бұл жерде тұрғын үйлердің төбесін жабатын металл жабындылар, атап айтсақ, профлист, металлочерепица, үйдің сыртын қаптайтын сайдинг және қоршаулар шығарылады.

Сату бөлімінің менеджері Нұрқасым Дүйсембаевтың айтуынша, орталықта шығарылатын барлық өнімдер тапсырыс берген күннен бастап бір-екі күнде дайындалып, тұтынушыға тегін жеткізіледі.

— Нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті, сондай-ақ өндіріс қуаттылығын арттыру үшін біздің орталық жоғары технологияларды пайдаланады. Қазір біздің цехымызда дайын өнім шығарылады. Біз шикізатты Ресейдің Магнитогорск қаласынан алдырамыз. Барлық металдың арнайы сертификаты бар. Шикізат темір өндіретін, бояйтын зауытта өндіріледі. Бізге сол металдар жүк көлігі немесе теміржол арқылы келеді. Сапасы жоғары. Мысалы, он жыл бұрын сатқан металл жабындылары әлі күнге дейін сол қалпымен тұр. Біз өз өнімдерімізді сатқанда, оның сапасына он жыл мерзімге дейін кепілдік бере аламыз. Қазір орталықта металл жабындыларының бірнеше түрі бар. Мәселен, қалыңдығы 0,35 миллиметр болатын жабындының бір шаршы метрі 2600 теңге, ал қалыңдығы 0,45 миллиметрлік жабындының бір шаршы метрі 3200 теңге тұрады. Сондай-ақ сайдингтердің бір шаршы метрі 3500 теңгеге сатылып жатыр, — дейді орталық менеджері Нұрқасым Дүйсембаев.

Бүгінде «Дулат» шатыр орталығында жалпы саны отызға жуық адам жұмыс жасайды. Оның жиырмаға жуығы цехта, қалғаны сату, есеп бөлімінде еңбек етеді. Мұнда келушілер цехқа кіріп, өз көзімен жұмыс процесін көре алады. Жұмысшылар тапсырыс берушінің қалауымен металл жабындыларының өлшемдерін алып, оны компьютер арқылы бағдарламаға салады. Одан соң орам-орам металды арнайы пішінге келтіріп, кеседі.

— Цехымызда бір күнде жүздеген шаршы метрге дейін металл жабындысы шығарылады. Қазіргі таңда дайын өнімдерді Қызылорда, Атырау, Ақтау қалаларынан келіп, сатып алып жатқандар көп. Сондай-ақ тапсырыс берушілер де аз емес. Біздің өнімдерге сұраныстың артуының басты себебі — жабындыларымыздың сапасы жоғары және бағасы қолжетімді. Қазіргі таңда цехымызда жаңа қондырғылар бар. Оның барлығы шетелдерден сатып алынған. Өзім осы жерде 2018 жылдан бері бригадир болып жұмыс жасаймын. Қарамағымда алты адам бар. Біз тапсырыс келген соң кесуші мен оператордың көмегімен арнайы бағдарлама арқылы металл орамдарын түрлі түстерге, қалыпқа салып, кесіп береміз. Бір тұтынушының тапсырысы бір-екі күнде дайын болады, — дейді цех бригадирі Бек Назарбаев.

Цех бригадирінің айтуынша, пандемия кезінде облыста өзге құрылыс материалдарымен қатар, металл жабындылары да едәуір қымбаттаған. Мысалы, 2020 жылы металлочерепицаның бір шаршы метрі 4000 теңгеден сатылыпты. Оның бастапқы бағасы 1900 теңге болған. Қазір 2800 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ цехта арнайы тапсырыспен аула қоршаулары да шығарылады. Қоршаудың 1,5 метрі шамамен 5000 теңге тұрады.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде құрылыс материалдарын шығаратын екі мыңға жуық компания бар. Оның 130-дан астамы — орташа және ірі кәсіпорындар. Қалғаны — ұсақ кәсіп­орындар. Алайда бұлардың бәрі қо­сылып, нарықты отандық өніммен қамти алмайды.

Бүгінде облысымызда ағаштан басқа құрылыс материалдарының бірқатары шығарылады. Мысалы, өңіріміздегі «Лотос-Ақтөбе» мен «Көктас-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестері кірпіш шығарса, «Экотон Батыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұяшықты бетон бұйымдарын өндіреді. Былтыр облыста бір дана кірпіштің бағасы 53-55 теңге болса, биыл 65-70 теңгеден сатылуда. Ал экотонның бір кубы 29 мың теңге тұрады. Сондай-ақ ең арзан бір дана профлистің бағасы 8 мың теңгеден басталады.

Тұтынушылар не дейді?

Биыл «Дулат» шатыр орталығы жоғары сапалы өнімдері үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Үздік сапа» номинациясын жеңіп алды. Болашақта кәсіпорын отандық өнімдерге сұраныс артса, цех жұмысын дамытып, оның аумағын кеңейткісі келеді. Ең бастысы, қазір орталық өнімдері халықтың көңілінен шығып тұр.

Биыл қаланың шетінен үй салдық. Үйдің төбесін жабатын құрылыс материалдарын осы «Дулаттан» сатып алдық. Бағасы да қолжетімді, сапасы да жақсы. Ең бастысы, қажетті материалдарды өлшеп, санап, өздері жеткізіп береді.

Соңғы кезде пандемияға байланысты елімізде, оның ішінде облысымызда құрылыс материалдарының бағасы ерекше қымбаттап кетті. Осындай кезеңде үй салу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу өте қиын. Құрылыс деген қалтаңды «тесіп» шығады.

Көп жылдан бері үй салуды жоспарлап жүр едік. Бұйырған кезі биыл болды. Қазір күн суытқан соң құрылыстың қалғанын тоқтатып қойып отырмыз. Алдағы уақытта тағы гараж, басқа да нысандар салатын болсақ, оған да материалдарды осы орталықтан аламыз деп ойлаймын. Тұтынушыларына жеңілдік жасап, сапалы қызмет көрсеткен  орталықтың мамандарына алғысым шексіз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Марал Жанәбілқызы.

Ақтөбеліктерге есімі таныс хирург дәрігер, онколог Ербол Жұмабеков те үйінің төбесіне қажетті металл жабындыларын осы «Дулат» орталығынан алыпты. Оның айтуынша, орталық жабындылары күн көзіне оңып кетпейді, сапасы жоғары, бағасы да әлдеқайда арзан.

— Бірнеше жылдан бері үй салып, құрылыс жүргізіп жатырмыз. Былтыр үйдің төбесін «Дулаттың» металлочерепица жабындыларымен жаптық. Сапасы жақсы әрі жеңілдік те қарастырылған. Қазір қаламызда жабындылар сататын жеке сауда нүктелері көп. Алайда көп адам осы орталықты мақтайды. Мен осы орталықты таныстарымның айтуымен тауып алдым. Бірнеше күнде тапсырысым дайын болды. Еш қиындықсыз үйімнің шатырын жауып алдым. Қазір ұсақ-түйек жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы орайда «Дулат» шатыр орталығының барлық қызметкеріне рақметімді айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін, — дейді ол.

Он жылдан бері облыста өз бригадасын құрып, жеке тұрғын үй салып жүрген Қайрат Сәрсеновтің айтуынша, өткен жылдары пан­демияға қарамастан, өңірде үй салғандар көп болыпты. Демек, құрылыс бұйымдарының саудасы да қызған. Алайда бұрынғы бағаға қарағанда құрылыс материалдарының бағасы едәуір қымбаттаған.

— Қазіргі таңда Қазақстанда бетон, газоблок, құм, тас және құр­ғақ қоспалар ғана өндіріледі. Ал арматура, цемент, плитка, қыш тақтайша, ламинат сияқты аса қажетті өнімдер түгелдей сырт­тан әкелінеді. Тауар баға­сына кеден мен логистика, те­міржол мен әуе  тасымалы құнын қосыңыз. Міне, осыдан келіп баға қымбаттайды. Осы мәселені қозғағанда, көп адамдар құрылыс материалдарының көбін өзіміз шығарсақ, арзан дүние тұтынар едік деген пікір айтады. Алайда біздің елімізде шық­қан өнімдер де қандай да бір жолмен қымбат болып келеді. Қайда барсақ та шыр айналып, тү­бі сол қымбатшылық деген тұйыққа тірелесің. Дегенмен өз басым отандық өнімді қолдаймын. Осы орайда шикізатты көрші Ресейден алса да, өз өнімдерін түрліше пішінмен жасап, бүгінде өңір халқын сапалы жабындылармен қамтып отырған «Дулат» сауда орталығының қызметі мақтауға тұрарлық. Бір қуаныштысы, бұл орталықтан алған жабындылар көп жылға дейін өңін бермейді. Яғни алған өнімің жұмсаған ақшаңның құнын өтейді, — дейді бригадир.

Оның айтуынша, қазір қала аумағында сырттан жабындылар әкеліп, қымбат бағаға сататындар көп. Алайда олардың сапасы көңіл көншітпейді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button