Олар — жоғары оқу орны мақтаныштары
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне — 65 жыл!
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің негізі 1957 жылы қаланды. Еліміздің медицина саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған жоғары оқу орны «Дәстүрлер. Білім. Даму» девизімен жұмыс істеуде.
— Бүгінде біздің университетіміз батыс аймақтағы іргелі ұжымдардың біріне айналды. Мұндағы профессор-оқытушылар құрамының жоғары әлеуеті, білім берудің биік деңгейі, оқу орны түлектеріне деген сұраныс, сондай-ақ қуатты клиникалық базаның қалыптасуы мен инновациялық зерттеулердің жүйелі түрде жүруі жетістіктер негізіне айналып отыр, — дейді университеттің басқарма төрағасы — ректор, медицина ғылымдарының докторы Әсет Қалиев.
Алпыс бес жылдық тарихы бар жоғары оқу орнының түлектері қатарынан бірнеше министр өсіп шықты, сондай-ақ елімізге танымал ғалымдар, дәрігерлер, қолы жеңіл хирургтер халыққа қызмет көрсетуде.
Қос министр
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті өзінің қос түлегі, Денсаулық сақтау министрі дәрежесіне дейін көтерілген Жақсылық Досқалиев пен Ажар Ғиниятты лайықты түрде мақтан тұтады.
Жақсылық Досқалиев 2000 жылдың тамыз айында ҚР Денсаулық сақтау жөніндегі агенттігінің Төрағасы болып тағайындалып, 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды.
Ол — Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының 1979 жылғы түлегі. Жақсылық Ақмырзаұлы жоғары оқу орнының емдеу ісі факультетін үздік бітіріп, еңбек қызметін Алға аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастап, содан кейін бас дәрігердің орынбасары болады.
1988 жылы КСРО Медицина Ғылым академиясының Бүкілодақтық ғылыми хирургиялық орталығындағы клиникалық ординатураны бітіріп, өзі білім алған Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оралады. Осында аға лаборант, одан әрі жалпы және госпитальдық хирургия кафедрасында ассистент болып қызмет істеп, 1989 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ол осылайша ғылым жолына бет бұрып, А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтындағы клиникалық және эксперименттік хирургияда қызмет атқарды, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер жолынан өтті, ал 1995 жылдан эндоскопиялық хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. 1994 жылы докторлық диссертациясын қорғаған Жақсылық Ақмырзаұлына үш жылдан соң профессор атағы берілді.
Ғылымда белгілі бір жетістіктерге жетіп, тәжірибе жинақтаған, республикада медицина саласында беделге ие болған ол Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясының, оған жалғас Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының ректоры қызметтерін атқарады.
Бұдан кейін қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілген ол 2007 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, мұнда әлеуметтік-мәдениет саласын дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы болды.
2013 жылдан бастап республикалық трансплантация орталығын басқарған ол медицинаның күрделі саласында ауқымды ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды.
ҚР Медицина ғылымдары академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденімен, М.Ломоносов орденімен және «Гипократ» орденімен марапатталған Жақсылық Ақмырзаұлы — 200-ден астам ғылыми еңбектің, 12 монографияның, 50-ден астам өнертабыстың авторы.
«Халық сүйіктісі» сыйлығын табыс ету аясында 2017 жылы Жақсылық Досқалиев Қазақстанның «Жыл дәрігері» атағына ие болды.
Қазіргі уақытта ол трансплантология саласын дамыту бағытында жемісті еңбек етуде.
Ажар Ғиният Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын, одан кейін Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін, Алматы менеджмент университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Атырау қалалық емханасында учаскелік педиатр болып бастап, Ақтау қаласының №1 медициналық санитарлық бөлімінің инфекционист-дәрігері, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, осы облыста денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, денсаулық сақтау департаментінің директоры қызметтерін атқарады.
2008 жылдан — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы, департамент директоры қызметінде болады.
Ажар Ғиниятқызы 2017 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2020 жылдан — Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, ал 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды.
Ол «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Үздік мемлекеттік қызметші» атақтарының иегері. |
Еңбек ері атанған дәрігер
Бүгінде Серік Ақшолақовтың есімін көпшілік жақсы біледі. Ол 1952 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген.
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1975 жылы бітірген ол еңбек жолын облыстық ауруханада нейрохирург болып бастайды. Содан соң ғылым жолына бет бұрып, Мәскеу нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында клиникалық ординатор, аспирант болады, осында тәжірибелі мамандардың тәлімін алады.
Оның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары бас миы ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек-ми жарақаттарын емдеу мәселелеріне арналған. Серік Ақшолақов нейрохирургиялық ауруларға қатысты барлық хирургиялық әдістерді өз іс-тәжірибесінде қолдана отырып, мидың ең күрделі саналатын базальдік бөлімдеріне, ми бағанасына, қарынша жүйесіне, ми тамырларына хирургиялық операция жасайды. Серік Қуандықұлы — бірқатар патенттер пен авторлық куәліктің иегері, 300-ден астам ғылыми еңбегі және 19 монографиясы жарық көрді. Ақшолақовтың жетекшілігімен 30-дан астам клиникалық ординатор дайындалып, 5 докторлық және 25 кандидаттық диссертация қорғалды.
Мәскеуден елге оралған соң, 1996 жылы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына орналасып, нейрохирургия кафедрасын қолға алады. Осында клиникалық ординатура ашып, оны аспирантураға ұластырады. Диссертация қорғайтын кеңес құруға ықпал етеді. Сондай жұмыстардың нәтижесінде 10 жылда 5 ғылым докторы, 25 ғылым кандидаты даярланады.
2004 жылы жасаған тәжірибелері мен ғылыми ізденістерді жариялап, жұртшылыққа жеткізу үшін «Қазақстанның нейрохирургиясы және неврологиясы» атты журналды шығарады.
Бүгінде Қазақстан нейрохирургия қауымдастығы Дүниежүзілік нейрохирургтар қауымдастығына, Азия және Еуропа нейрохирургтерінің қоғамдастығы құрамына кіреді. Бұл әлем дәрігерлерімен кең көлемде араласуға мол мүмкіндік беруде.
Азия нейрохирургтары қауымдастығының X Конгресі Астанада өтуі бір жағынан Серік Ақшолақовтың, ол басқаратын орталық жұмысының беделі нәтижесі еді.
Қазақстандық нейрохирург-дәрігері, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов өзі білім алған ортасы — бүгінгі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде білім алғанын үнемі мақтанышпен айтып отырады.
Ол — «Парасат» орденінің, Дүниежүзі дәрігерлер қауымдастығының «Әлем дәрігері» құрметті атағының иегері, Ресейдің Н.И.Пирогов атындағы сыйлығының лауреаты, Ақтөбе облысының құрметті азаматы.
Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.
БАСТЫ МАҚСАТ — АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ
Әсет ҚАЛИЕВ,
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің басқарма төрағасы-ректоры
Университеттің 65 жылдық мерекесі — біздің ұжым мен оқу орнының мыңдаған түлектері үшін ерекше бір салтанатты кезең.
Мерейтой — елеулі жетістіктерді саралау сәті ғана емес, сондай-ақ дамудың жаңа қадамдарын жасау мүмкіндігі. Егер университеттің жүріп өткен жолдарын салыстырмалы түрде дәрігерлер мен ғалымдардың бірегей жетістіктерімен есептейтін болсақ, онда мерекелік салтанат мерейі бірнеше есе арта түсер еді.
Жоғары оқу орны институт ретінде негізі қаланған кезден бастап еліміздегі неғұрлым танымал және беделді білім ордалары қатарына енді.
Осы жылдар ішінде университетіміздің кадрлар даярлау, ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру, интеллектуалдық әлеуетті нығайту бойынша атқарған жұмыстары қомақты деп айтуға болады.
Біздің түлектеріміз арасында есімдері өз елімізде ғана емес, шетелдерде де танымал академиктер, ғалымдар, ғылым докторлары, дәрігерлер жетерлік.
Ғылыми саладағы жетістіктеріміз де аз емес. Осы кезеңде 215 патент, 839 авторлық куәлік алынды, 2000-нан астам ғылыми жаңалық, ақпараттық технологиялар білім беру және ғылыми процестерге енгізілді.
Студенттер арасында ғылыми жұмыстарға ұмтылыс айрықша байқалуда. Біздің студенттеріміз әртүрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындар мен марапаттарға ие болып келеді, университеттің мәдени және спорттық өміріне белсене қатысады. Жаңа толқынның бұрыннан қалыптасқан дәстүрлерді лайықты жалғастырып, университеттің жетістіктерін молайта беретіндіктеріне сенімдімін, бұның өзі білім сапасына ғана емес, сондай-ақ ұлт денсаулығына да игі әсерін тигізері сөзсіз.
Уақыт алға үздіксіз қозғалуда, осыған байланысты жаңа міндеттер мен мақсаттар пайда болуда, енді инновациялық технологияны, халықаралық стратегиялық әріптестікті дамыту күн тәртібінде тұр.
Жоғары оқу орны қабырғасындағы жинақталған орасан кәсіби тәжірибе бізге ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік береді, ал біздің түлектеріміз өздерінің нақты істерімен жоғары деңгейді ұстап тұрары анық.
Болашаққа ұмтылыс — университеттің бүгінгі күнгі қызметінің мәні.
Рас, бізде проблемалар әлі де баршылық, соған байланысты оқытушылар мен студенттер үшін қолайлы орта қалыптастыру, сапалы білім беру мен ғылыми процестерді жүзеге асыруға қажетті ахуалды орнықтыру, клиникалық базаны күшейту бағытындағы мақсаттар мен міндеттер айқындалды.
Барлық құрылымдардың өзара тиімді, қалыпты жұмысы нәтижесінде біз алға белгіленген меже — бәсекеге қабілетті білім беретін және ғылыми-зерттеу жүйесі дамыған жоғары оқу орны бола отырып, университеттің QS 1000+ рейтингіне енуіне жол ашатын боламыз.