Су тасқыны: індеттен де сақтану керек

Маман кеңесі
Су тасқыны кезінде басқа қауіптермен қатар, түрлі жұқпалы аурулардың таралу қатері де өршиді.
Сондықтан оның алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлуге тура келеді.
Атап айтқанда, біріншіден, жеке гигиена талаптарын сақтаңыз. Тасқын су мен су шайған жерлер індет тарататын паразит, бактерия, басқа да микроағзалармен ластануы мүмкін. Сондықтан қолыңызды қайта-қайта таза сумен сабындап жуыңыз. Әсіресе тамақтанар алдында сабындап жуу керектігін ұмытпаңыз. Таза су болмаған жағдайда антисептикті пайдаланыңыз. Дене күтіміне, терінің саулығына мән беріңіз. Тасқынның суына қолыңызды малмаңыз және су тиген заттарды ұстамаңыз.
Індеттің алдын алу мақсатында ауызсу қауіпсіздігі өте маңызды. Суды тек қайнатып ішіңіз немесе бөтелке, құтыдағы суды пайдаланыңыз. Ашық су көздерінен (өзен, көл,құдықтардан, су толған шұңқыр) су ішпеңіз.
Сонымен қатар тамақты да тек пісіріп жеңіз. Тасқын суда қалған тамақты пайдалануға болмайды. Ал тез бұзылатын өнімдер міндетті түрде тоңазытқышта сақталуы керек.
Тамақты тек мерзімі өтпеген, тұрып қалмаған өнімдерден әзірлеңіз.Өнімдер герметикалық қаптамада сақталуы керек, ал сырты зақымдалған консервілерді пайдаланбаңыз. Тамақты дайындау технологиясы және тазалық ережелерін, тасымалдау, сақтау шарттарын қатаңұстану қажет.
Ет, құс еті мен жұмыртқаны қуырып немесе қайнатып, әбден пісіріп жеу керек. Ет, тартылған ет, балық өнімдері шала пісірілсе не сақтау шарттары орындалмаса, уланып қалу қаупі артады.
Пышақ, тақтай, тағам әзірлегенде керек басқа да асүй құралдарын шикі және піскен асқа бөлек-бөлек қолданыңыз. Әсіресе шикі ет, балыққа қолданылған құралдарды дайын өнімдерге мүлде жақындатпаңыз.
Асүй жабдықтарын, барлық ыдысты үнемі зарарсыздандырып тұрыңыз. Шикі ас және дайын тағамды ешқашан бірге сақтамаңыз. Асүй мен тағамдар сақталатын орындарды жәндіктер мен кеміргіштерден қорғаңыз. Ол жерге үй жануарларын да жібермеңіз.
Тасқын суы басқан жерде су қайтқаннан кейін де жалаңаяқ жүруге болмайды. Тері ауруларын тудыратын паразиттерді жұқтыруыңыз мүмкін. Сондай-ақ тасқын су кірген ғимараттарда болсаңыз не басқалай жағдайларда денеңізге су тисе, мұқият жуыныңыз, зарарсыздандырғыш құралдарды да пайдаланыңыз.
Лас су немесе топырақпен жұмыс істеуге тура келсе, қорғаныш қолғаптарын киюді ұмытпаңыз. Қолыңызды кесіп не басқалай жарақат алсаңыз, міндетті түрде антисептикпен өңдеу керек.
Сонымен қатар мұндай жағдайда Агепатиті, іш сүзегі және сіреспеге қарсы екпенің болуы да маңызды екенін алдын ала ескеріңіз. Егер қызу көтерілуі, құсу, іш өту немесе тері бөртпесі сынды белгілер пайда болса, өз бетіңізше емделмей, дереу дәрігерге барыңыз.
Бұл сақтық шараларын орындау көп аурудың алдын алуға көмектеседі. Өз денсаулығыңызды ойлаңыз! Денсаулық — өмір негізі, бірінші байлық екенін есте ұстаңыз.
Жәмила БАЛМАҒАМБЕТОВА,
Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы.