Денсаулық

Жатыр мойны обыры: екпе не үшін салынады?

Былтыр қыркүйектен бастап елімізде жатыр мойны обырын қоздырушы — адам папиллома вирусына қарсы қыз балаларды жалпыұлттық вакциналау басталды. Бұл маңызды іс-шара елімізде қауіпті инфекцияның таралуын және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған. Ал біздің облыста вакциналау қалай жүріп жатыр? Қанша қыз бала екпе алды? Осы ретте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшановамен тілдескен едік...

Елімізде жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі орында тұр. Әсіресе 25-44, яғни фертильді жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі — осы ауру. Мәселен, жылына екі мыңнан астам әйелге осы диагноз қойылса, оның 300-ге жуығы көз жұмады екен. Дегенмен ақ халаттылар қатерлі ісіктің алдын алуға болатынын, тіпті айығып кету мүмкін екенін айтады.

Жыл сайын елімізде осы аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылымизерттеулер бойынша, адам папиллома вирусын жұқтырған адам жатыр мойны обырына шалдығады. Сондықтан екпенің маңызы зор. Бұл вирусқа қарсы вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Әйелдердің арасында адам папиллома вирусының таралуы бірқатар елдерде вакциналаудың арқасында 90 пайызға төмендеген. Демек,екпе арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болады.

Жалпыұлттық вакциналау басталғалы облыста 4965 қыз бала екпе алды. Бұл — егілуге тиіс балалардың 23 пайызы. 11 жастағы 2008, 12-13 жастағы 2957 қыз балаға вакцина салынды. 2605 қыз балаға екпе салынған жоқ. Оның ішінде 188-іне — уақытша медициналық көрсетіліміне, 5-еуіне тұрақты медициналық көрсетіліміне байланысты салынбады. Ал 2412 қызбаланың ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан. Көпшілік ата-ана қандай екпе салынатыны жөнінде сұрайды. Қазіргі таңда адам папиллома вирусына қарсы 3 рекомбинантты вакцина бар. Олар — екі, төрт және тоғыз валентті вакцина. Қазақстанда аталған вирусқа қарсы америкалық «Мерк Шарп және Доум» компаниясы шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Бұл вирустың онкогенді түрлерінен қорғайды. Вакцинадан кейін қандай да бір жағымсыз әсер тіркелген жоқ. Облыста вакциналау әлі жалғасып жатыр, — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Райхан Қойшанова.

КЕРЕК КЕҢЕС

Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін міндетті түрде етеккір циклін бақылау керек. Жылына бір рет емханаға барып, окоцитологиялық ПАП- сынамадан өту керек. Шағым болған жағдайда гинеколог дәрігерге қаралған жөн. Ал 30-70 жас аралығындағылар әрбір 4 жыл сайын скрининг тәсілімен тексеруден өтеді.

Райхан Қойшанованың айтуынша, екпе ата-аналардың немесе баланың заңды өкілінің келісімімен және дәрігердің қарауынан кейін салынады. Бұл тіркелген емханаларда, білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жасалады. Екпе тегін салынады. Вакцина иық бұлшық етіне енгізіледі.

Адам папиллома вирусының жоғары онкогендік қауіпті типтерінен туындаған инфекциялардың көпшілігі организмнен өздігінен жойылады, кейде өзгеріске ұшырайды. Өзгеріске ұшыраған вирус уақыт өте келе қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Егер вирус инфекциясының алдын алса, ісікке дейінгі өзгерістер мен қатерлі ісік дами алмайды, — дейді Райхан Қойшанова.

Сондай-ақ екпеге қатысты қандайда бір мәлімет білгісі келген адамдар ресми дерек көздердегі мәліметтерге ғана құлақ асқаны жөн. Бұл ретте egu.kz сайты,  Денсаулық сақтау министрлігі, Санэпид бақылау комитетінің және денсаулық сақтау басқармаларының ресми парақшалары бар. Сондай-ақ 7701 нөміріндегі call-орталықтан иммундау және АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша толық ақпарат алуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button