Денсаулық

Ғасыр дерті

1 желтоқсан — Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Осыған орай жыл сайын әлемде ақпараттық іс-шаралар, түрлі акциялар өткізіледі. Алдын алу шаралары ең алдымен жалпы халық арасында жүргізіледі. Соның ішінде жұқпаны жұқтыру қаупі жоғары топтарға аса көңіл бөлінген. Дерттің дауасы табылмады ма? Онымен күрес қалай жүргізіліп жатыр деген сұрақтарға өңіріміздегі ЖИТС орталығының мамандарынан жауап іздеп көрген едік…

Биыл 66 адамнан анықталды

Облысымызда адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) жұқпасының бірінші жағдайы 1989 жылы тіркелген болатын. Бүгінде 406 адам диспансерлік бақылауда, оның 91 пайызы ем алып жатыр. Ақтөбе облысы АИТВ инфекциясының таралуы жағынан салыстырмалы түрде төмен өңірлерге жатады.

Осы жылдың 10 айындағы статистикаға сүйенсек, 66 адамнан иммун тапшылығы вирусы анықталды. Оның 86 пайызы ауруды жыныстық жолмен, 7 пайызы парентеральді жолмен, яғни инъекциялық есірткіні қолданған кезде жұққан. Дертті жұқтырғандардың 76 пайызы ерлер болса, 24 пайызы — әйелдер. Жасөспірімдер арасында ауру дерегі тіркелген жоқ.

Облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, аурудың алдын алу шаралары мектеп қабырғасынан жүргізілуі тиіс. Биылғы жылы дерттің алдын алу мақсатында 453 түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып, оған 9707 адам қатысты.

Облыстық ЖИТС орталығында үш сенім пункті мен бір достық бөлмесі жұмыс жасайды. Мамандар жылжымалы сенім пунктінің көмегімен күндізгі және түнгі уақытта негізгі топтар шоғырланатын жерлерге барып, алдын алу шараларын жүргізеді.

«Зияндылықты төмендету» бағдарламасы аясында негізгі топтарға қажетті ақпарат беріліп, сақтану құралдары таратылады және қамтылғандардың 80 пайызын адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясына жасырын түрде экспресс тәсілмен тексеру қарастырылған. Халықтың негізгі топтары арасындағы жұмысқа аутрич-қызметкерлер мен  үкіметтік емес ұйымдар да тартылады. Облыста ағымдағы жылы 16 аутрич-қызметкер мен 4 үкіметтік емес ұйым алдын алу шараларына үлес қосты және негізгі топтардың арасынан барлығы 4 мыңға жуық адам АИТВ инфекциясының алдын алу шараларымен қамтылып отыр.

Алдымен бұл дерттің қандай жұқпа екенін түсіндіріп кеткен дұрыс, ол — иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына әкелетін созылмалы инфекциялық ауру. АИТВ — адамның иммун тапшылығы вирусы. ЖИТС — жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы.

— Қазіргі таңда адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясынан толық емделіп шығу мүмкіндігі жоқ, алайда бұл жұқпамен кәрілік кезеңге дейін өмір сүруге мүмкіндік бар. Ол үшін уақытында тексеріліп, АИТВ инфекциясы анықталғаннан кейінгі уақытта арнайы емді қабылдау өте маңызды.

2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан АИТВ инфекциясына қарсы антиретровирустық терапия дерттің бірден-бір дауасы болып отыр. Осы жұқпаға қарсы жүргізілетін антиретровирустық терапия вирустың ағзадағы жүктемесін анықталмайтын деңгейге дейін төмендетеді де, бұл кезеңде АИТВ инфекциясының иммундық жүйеге зиянды әсері азаяды және вирус басқа адамға жұқпайды, — дейді эпидемиология бөлімінің дәрігері Самат Мұртазин.

Облыстық ЖИТС орталығында емдеу және алдын алу бөлімі бар, осы бөлімде науқастар жұқпаның сатысына байланысты  диспансерлік қадағалаудан өтіп тұрады. Қадағалау кезінде  арнайы талдаулар жасалынып, нәтижесіне байланысты инфекционистер ем тағайындайды. Оларға инфекционистерден бөлек психотерапевт, психолог, гинеколог, дерматовенеролог, фтизиатр, заңгер және әлеуметтік қызметкерлердің көмегі қарастырылған.

— Бұл дерттен науқастың толық айығып кетуіне кепілдік жоқ. Толық емделіп шыққаннан кейін де қайта жұқтыру қаупі бар. Тіпті қосымша АИТВ-ның басқа штамын жұқтырып, жағдайын одан әрі нашарлатып алуы мүмкін. Сондықтан оларға профилактика шараларын қатаң сақтау ұсынылады.

АИТВ инфекциясы адамнан адамға үш жолмен жұғады. Олар: қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы және анасынан баласына (жүктілік кезінде, босану кезінде және ана сүті арқылы). Осы жұғу жолдарына байланысты бұл инфекция инъекциялық есірткі тұтынатын нашақорлар мен жыныстық серіктестері көп адамдар арасынан жиі тіркеледі. Соңғы жылдары жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар  саны көбейіп кетті. Ал анасынан баласына жұқтыруды болдырмау үшін арнайы алдын алу шаралары жүргізіледі, ол үшін әйел адам жүктілік кезінде міндетті түрде 2 рет АИТВ-инфекциясына тексеріледі және оның ер-азаматын да бір рет тексерістен өткізген жөн. Жүкті әйелде АИТВ инфекциясы анықталып жатса, антиретровирустық терапияны бастайды және босанғаннан кейін ана сүтімен тамақтандырмай, жасанды тамақтандыру қолданылады. Себебі ана сүті арқылы вирустың нәрестеге жұғу қаупі басым, — дейді облыстық  ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева.

Орталық қызметі туралы не білеміз?

Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы 1989 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Орталықта эпидемиологиялық, алдын алу, емдеу және ұйымдастыру-әдістемелік бөлімдері және зертхана жұмыс жасайды. — Аталған бөлімдерде 50-ге жуық  медицина қызметкері жұмыс жасайды.

ЖИТС орталығы заманауи технологиялармен жабдықталған. Орталық ұлттық стандарқа (ISO) сәйкес аккредитациялаудан сәтті өткен. Қазіргі таңда  адамның иммун тапшылығы вирусы рубонуклеин қышқылын сандық форматта анықтау үшін Bioneer автоматты платформасында полимеразды тізбекті реакциясын анықтау диагностикасы жүргізіліп келеді. Осы жабдықтардың арқасында дәрігерлердің денсаулығына да төнер қауіп сейіліп келеді.

Адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы қан арқылы жұғатын болғандықтан қанмен жұмыс жасау барысында бекітілген санитарлық нормалар мен ережелер қатаң түрде сақталуы қажет. Қанмен жұмыс жасайтын барлық медицина қызметкері сақтану құралдарымен қамтамасыз етіліп отыр, — дейді дәрігер-лаборант Ардақ Шегреева.

Маманның айтуынша, жұқтырған адамды тек қан талдауы арқылы анықтауға болады. АИТВ инфекциясын жұқтырғаннан кейін дәрігерлер вирустың бар-жоғын айта алмайды. Себебі қан талдауынан кейін вирустың ағзаға енуіне жауап ретінде пайда болатын антиденелер анықталады. Антиденелердің пайда болуына белгілі бір уақыт қажет. Ол — орташа есеппен 1 немесе 3 ай.  Осы кезеңді жасырын кезең немесе «терезе» кезеңі деп атайды. «Терезе» кезеңінде талдау дұрыс нәтиже бермейді және басқа адамға жұғу қаупі жоғары болады. Сондықтан ауру жұқтырған науқас  бір немесе үш ай сайын қайта тексеруден өтеді.

АИТВ инфекциясына тексерілу ақысыз, аты-жөні жария етілмейді. Ол үшін тексерілгісі келген адам өзінің тіркелген емханасына немесе ЖИТС орталығына хабарласа алады. Емханаларда жастарға арналған «Жастар денсаулық орталықтары» да қызмет көрсетеді. Сол жерде жастар тексеруден анонимді түрде өте алады. Қазіргі таңда сілекей көмегімен адамдар арнайы экспресс-тәсілмен өзін-өзі тексере алады. Ондай экспресс-тесттер дәріханаларда сатылады.

Дерттің алдын алу шаралары қандай?

Орталықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева АИТВ инфекциясының алдын алу шараларын былайша баяндап берді.

Бұл инфекцияның төрт сатысы бар. АИТВ-инфекциясының төртінші сатысын «жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы» деп атайды, қысқаша ЖИТС. Егер адам жұқтырғаннан кейін тексерілмей жүре берсе немесе арнайы тексеруден өте тұра емді бастамаса, ЖИТС сатысына тез жетеді. Жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы сатысында кез келген инфекцияларды жұқтыру қаупі өте жоғары болады, себебі иммундық жүйе әлсірейді.

Адамның иммун тапшылығы инфекциясын қайта жұқтырып алмау үшін антиретровирустық препараттарды уақытша қабылдау ұсынылады. Осы препараттарды ауру анықталған кезеңнен бастап 72 сағат өтіп кетпей қабылдау керек. Ауру негізінен жыныстық қатынас арқылы жұғатындықтан науқастар аса сақтықпен ем қабылдауы керек. 

Инфекцияны жұқтырып алғаннан кейін белгілі бір клиникалық белгілер пайда болуы мүмкін. Олар әр адамда әртүрлі болады. Жиі кездесетін клиникалық белгілерге дене қызуының ұзақ уақыт бойы көтерілуі, мысалы, 1 айға дейін, ұзақ уақыт бойы іші өтуі, лимфа бездерінің бірнеше жерден ісінуі жатады. Ол белгілер кейбір адамдарда байқалмауы да әбден мүмкін. Сондықтан АИТВ-ны жұқтырып алғанын науқас адам бірнеше жыл бойы білмей жүре береді. Сондықтан маман ретінде әр адамның өз денсаулығына немқұрайды қарамай, алдын ала тексерістен өтуін сұраймыз, — дейді.

Қазіргі таңда адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясынан толық сауығып кету мүмкін емес. Бұл инфекцияның арнайы емді қабылдамаған жағдайда басқа адамға жұғу қаупі басым. Соның ішінде анасынан баласына ана сүті арқылы жұғады. Уақтылы ем алмаған науқас иммундық жүйе қалыптастыра алмайды. Бұл науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы дертімен қоғам болып күресуіміз керек. Әрине, АИТВ жұқтырған науқас психологиялық қысымда болады. Диагнозын естіген жан бұл дертке көндіге алмауы мүмкін.  Сондай кезеңдерде науқастармен психотерапевт, психолог жұмыс жасайды. Кейбір кездерде  осы аурумен өмір сүріп жатқан АИТВ адамдардың көмегіне жүгінеді. Олар ерікті түрде көмектесіп, дерт жұқтырған жандарға күш-жігер береді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button