Білім

Біздің облыстан бастау алған бірегей жоба

Ақтөбеде «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы қолға алынды

Елімізде тұңғыш рет Ақтөбеде «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы бастау алды. Мақсат — шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру, тұрғылықты жеріне қарамастан баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауқымды шараны ресми түрде іске қосты. Басқосуғашағын жинақты мектеп директорлары, тәжірибелі педагогтер қатысты.

Аталған жобаға облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысады. Бұл мектептерде оларға дәріс беруге үздік білім нәтижелері бар 6 жетекші мектептің 25 білікті педагогі тартылып отыр. Бұл білім шаңырақтары — дарынды жасөсіпірімдерге арналған  облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы  №21 мамандандырылған гимназиясы, Хромтау №3 орта мектебі, Хромтау №6 гимназиясы. Үздік ұстаздар математика, физика, химия, биология,  ағылшын тілі пәндері бойынша шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқарады.

Жиында облыс әкімі сөз  алып, білім саласын қолдауда мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек туралы айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде  балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен қала мен ауыл мектептерінің білім сапасында алшақтық бар. Айырмашылыққа әсер ететін бірнеше фактор анықталды. Осы мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Бүгінде 114 мектепке кабинеттер сатып алу, мектеп жиһазын жаңарту, оның ішінде кітапханалар мен асханаларды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін 282 мектеп модернизацияланады. 

Ауыл балаларына қолдау көрсетуді мақсат еткен «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасының нәтижелі болатынына сенімдімін, — деп облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаманы қолдаған ұстаздарға алғыс білдірді.

Айта кету керек, облыстағы 424 білім шаңырағының 281-і — ауыл мектебі (Бұл мектептердің жалпы санының 66 пайызы). Оның 204-і — шағын жинақты мектеп. Қазір аталған мектептерде 45 978 бала білім алып жатыр. Ауылдардағы шағын жинақты мектептердің басым бөлігінің ортақ мәселесі — білікті мамандардың тапшылығы мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігі.

Алға ауданында 29 мектеп бар. Оның 13-і — шағын жинақты білім шаңырағы. Соның бірі біздің ауылдағы — Қарақобда мектеп-балабақшасы. Онда 58 бала оқиды. Ақтөбеде бастау алған бүгінгі жобаның шағын жинақты мектептердің педагогтеріне де, оқушыларына да берері мол. Мұғалімдеріміз облыстағы үздік, білікті педагогтерден тәжірибе жинаса, оқушыларымыз сапалы білім алады. Бұл ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылығын азайтуға септігін тигізетін үлкен мүмкіндік, — деді Қарақобда мектеп-балабақшасының директоры Еркінбек Зиядинов.

Шарада үздік педагогтер де сөз алды.

Қала мен ауылдағы оқушылардың білім деңгейін теңестіру мақсатында қолға алынған ізгі бастаманың қатысушысы болу — біз үшін үлкен мәртебе. Дарынды балалар ауылда да бар. Бірақ маман тапшылығының кесірінен олардың барлығын дер кезінде тани алмай жатамыз. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы кеңейетініне сенімім мол, — деді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі, «Ақтөбе облысының үздік педагогі» Нұрбек Абдуллин.

Айта кету керек, ізгі бастамаға өз үлестерін қосатын 25 үздік педагог аталған жоба аясында тегін қызмет көрсетеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button