Тарих

Ахмет Байтұрсынұлы —Алаштың рухани көсемі

Уақыт көші ілгері озған сайын қазақ феномені Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі әлемдік мән-мағынаға ие бола түсті. Биыл Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы ЮНЕСКО-ның 41-Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізіліп, елімізде, сондай-ақ алыс шетелдерде де кең көлемде атап өтіліп жатыр.
Сан ғасырлық тарих көшінде халқының басын қосқан, жарқын болашаққа бастаған, беделін асырған, намысын оятқан, абыройын қорғаған тұлғалар аз болмаған. Тағылым аларлық осы ерекше тұлғалардың өмірі мен өнегесіне зер салғанда, олардың арасынан мемлекеттің, елдің тізгінін ұстаған хандар мен билерді, елді жаудан қорғаған батырларды, халықтың тұрмысы мен жағдайын толғаған жыраулар мен ақындарды, әні мен күйін әуелеткен өнерпаздарды, жол нұсқаған ойшылдарды көреміз. Осындай айтулы тұлғалардың ішінде халқы «Ахаң» деп құрмет тұтып, «Ұлт ұстазы» деп мәртебелі ат берген Ахмет Байтұрсынұлының ерекше орны бар.
Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) — Алаштың рухани көсемі, қазақ зиялыларының көсемі, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет, қоғам қайраткері, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, түркітанушы, аудармашы, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, педагог-ағартушы. Шындығында да, ол қалдырған мұраны саралай келе, ұлт ұстазы Ахмет айналыспаған саясаттың да, ғылымның да саласы жоқ екендігіне, оның артына қалдырған мұрасы мен айтқан ойларының осы күні де өзінің өзектілігін жоймағандығына көз жеткіземіз.
А.Байтұрсынұлы — қазақ елінің оқу-ағарту саласын жолға қоюға күш салып, ерен еңбек еткен, бала оқытып, ұстаз болған, бала оқытудың әдістерін көрсеткен, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазған ғалым, педагог, ұлы қайраткер болды. Ол ғалым-ағартушы ретінде: «Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды», — деп қазақ мәдениеті көгінде өзінің ағартушылық көзқарасын нақты көрсете білді.
Табиғатынан ерекше дарын иесі А.Байтұрсынұлының 1914 жылы жарыққа шыққан «Тіл құрал» оқулығы қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық заңдылықтарын ана тілінде талдап, жүйелеп, танытып берген қазақ тілінің теориялық мәселелерін танытатын тұңғыш оқулығы, қазақ тіл білімінің ғылыми тұрғыда жазылған ана тіліміздегі бастамасы болды.
А.Байтұрсынұлы тіл тазалығы, тілді терең меңгеру, ұлттық тәрбие баланың алғашқыда өз ана тілінде сауат ашуына байланысты екендігін атап көрсетіп, «Тіл – құрал» еңбегінде: «Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше, әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуы тиіс», — деп жазды. Оның бұл пікірі қазіргі таңда да өзекті болып тұр. Осы орайдағы тағы бір маңызды ой, ел Президенті Қ.Тоқаев: «Халықтың тілі — халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», — деген болатын. (ҚР Президенті Қ.Тоқаев, 27.05.2020 ж., «Егемен Қазақстан»).
Қазақ тіл білімі ғылымында Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін тұңғыш реформалаушы және соған сәйкестендіріп, емле ережелерін құрастырушы, қазақ жазуы мен әліпбиінің тағдырын шешкен ғұлама ғалым деп бағаланады. А.Байтұрсынұлы араб жазуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап,1910 жылдардан бастап оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзеп, жаңа әліпби құрастырып шығарады. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы реформалаған қазақ графикасы дүниеге келіп, 1924 жылы Орынборда өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы оны ресми түрде қабылдайды. Бұл әліпбиді халық «Байтұрсынұлы алфавиті», «Байтұрсынұлының төте жазуы» деп атаса, сол кездегі орыстың белгілі ғалымдары, профессорлар Е.Поливанов пен Н.Яковлев өте жоғары бағалады. Қазіргі таңда кирилл таңбаларын қолданып жазып жүрсек те, енді латын таңбаларымен жазуға көшіп жатсақ та, жазуымыздың теориялық негіздері А.Байтұрсынұлы қалдырған ізбен жүре береді. Демек, бұл жағдай оның қазақ жазуының теориясын қалыптастыру бағытында қалдырған мұрасының маңызы зор екендігін таныта түседі.
Қорыта айтқанда, егеменді ел болып, тіліміз мемлекеттік дәреже алған қазіргі таңда да Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген даналық сөзін естен шығармай, жаһандану кезеңіндегі шет тілдерінің қыспағында қалмай, тілімізді дамыта түсуге, ана тілімізді терең оқып-үйреніп, ана тілімізді сүйетін ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосуымыз қажет. Қазақ руханиятының көсемі, ұлт жанашыры, ұлы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы, артында қалған мұрасы оның ХХ ғасырдың ірі құбылысы, сол ғасырдың данасы екендігін танытады. Ахмет Байтұрсынұлы туралы «ХХ ғасырдың ұлы реформаторы» деп текке айтылмағанын оның түпсіз терең мұрасын зерттегенде, оның сөздеріне құлақ асып, ой жібергенде ғана анық көз жеткіземіз. Сондықтан ғалымның ғылыми мұрасы бүгінгі күні де, болашақта да ұрпағының кәдесіне жарай беретін асыл қазынасы деп есептейміз.

Нұрбол САДУАҚАС,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button