Дәстүрлі байқау жалғасын тапты

Байқау
Байғанин ауданының Мәдениет үйінде қазақтың көрнекті ақыны, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтіңөмірі мен шығармашылығына арналған «Ән мен жырдың Ақбұлағы» атты республикалық ән байқауы өтті.
Байқау аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмемен және
«Ауылдың балалары» ансамблінің театрландырылған қойылымымен ашылды.
Ән кешінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов қатысып, тоғыз жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан өнер бәйгесі өңіріміздің мәдени өмірінде айтулы оқиғаға айналғанын атап өтті.
18-35 жас аралығындағы талантты әншілердің өнерін облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, әнші, композитор Сейсен Айтжанов, Б.Тәжібаев атындағы қоғамдық қордың төрағасы, әнші, композитор Орал-Қосай Байсеңгір, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология ғылымының кандидаты, доцент Мұхтар Миров бастаған қазылар бағалады.
Қатысушылардың сахнаға шығу реті садақ ату дәстүрімен шешілді.
Ән байқауының қорытындысы бойынша бас жүлде Қарғалы ауданынан келген Көркем Сүндетбаеваға бұйырды. І орынды Атырау облысы Қызылқоға ауданының әншісі Назира Шоқан алды.ІІ орынғаАқторғын Есболаева жайғасса, ІІІ орынды Марат Жақсылық пен Ердәулет Қуандық иеленді. Қатысушыларға Алғыс хатпен бағалы сыйлықтар табысталды.
Насиба ЗАРЛЫҚОВА.