Денсаулық

Тұмаудан сақтан!

Облыста қазан айынан бері 2953 адам жіті  респираторлық вирустық инфекция жұқтырған және тұмаумен ауырған. Оның 1377-сі — 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі таңда тұмау жұқтырған 1 жасқа дейінгі 286 бала ем алып жатыр.

Күз-қыс айларында күн салқындап, бірде жылып, бірде суытқан ауа райының құбылмалылығынан адамдар тұмауға шалдығып жатады.  Осы кездер тұмаудың өршитін уақыты. Сондықтан облыс бойынша жіті респираторлық вирустық инфекцияға, тұмауға қарсы жедел-профилактикалық шаралар күшейген.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева  арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қазіргі  ахуалды айтты.

Оқушылар арасында тұмауға шалдыққандар саны 400-ге жуықтаған, ал жүкті әйелдер арасында 244 жағдай тіркелген.

Тұмау жұқтырғандар Ақтөбе қаласында көп анықталды. Қазіргі таңда ЖРВИ-мен 648 адам ауруханаға жатқызылса, тұмаумен 133 адам түскен. Тұмау асқынып, өкпесі қабынған 73 адам ем алып жатыр. Бірақ жансақтау бөлімінде ем алушылар жоқ.

Ағзада осы екі вирустың тіркелуі аурудың ауыр түрлеріне әкеледі. Дер кезінде дәрігерге қаралу керек. Қазір өз бетімен емделушілер бар. Бірақ емін толық жүргізбегендіктен  вирус қайта асқынып, өкпе қабынуы қаупі жоғары. Дегенмен жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бетперде тағу — әркімнің өз еркі. Бірақ әр адам көпшілік орындарда, автобустарда барынша сақтанған дұрыс, — дейді М.Сербаев.

Бүгінгі күні тұмауға қарсы 182190 адам егілген.

Дәрігер мамандардың айтуынша, тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы — екпе алу. Тұмауға қарсы екпе облыстың барлық қалалық, аудандық емханаларында жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта облыста 63 бригада жасақталған.

Қазір 135 кереует бар. Оның 90-ы балаларға арналған. Жүктілік кезеңі 36 аптаға дейінгі әйелдер тұмаумен ауырса, облыстық клиникалық ауруханаларға жатқызылады. Ал 36 аптадан кейінгі жүктілік кезеңінде ауырса, перзентханаларға жіберіледі. Облыста дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button