Денсаулық

Бала сылаумен өседі

Әр ата-ана баласының денсаулығына бейжай қарамайтыны белгілі. Өмірге ұрпақ әкелген соң, оның денсаулығының мығым боп өсуіне тікелей ата-ана жауапты. Дегенмен бүгінде баланың мерзімінен бұрын дүниеге келуі, бір жасқа дейінгі балаларда бұлшықет тонусының бұзылуы, мойынның қисық бітуі, дисплазия, жамбас сүйектерінің қисық бітуі сынды сырқаттар көптеп кездеседі. Бұларды емдеу тәсілдерінің бірі — массаж. Қазақта «Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі» деген сөз бар. Ендеше, бірінші әңгімеміз бала массажы туралы болмақ.

Массажды үйрену үшін…

Балаға массаж түрлі аурудыңалдын алу ретінде де, ем ретінде де жасалады. Алдын алу массажын үй жағдайында жасауға болатын болса, емдік массажды міндетті түрде мамандандырылған дәрігер жасайды. Алайда соңғы кезде аз уақыттың ішінде курс оқып алып, кәсіби массажист мамандардың атын жамылатындар көбейіп кетті. Әлде шынымен қысқа уақыттың ішінде бұл кәсіпті толық меңгеріп шығуға бола ма?

Балаларға массаж жасауды үйрететін «Bala massage»орталығының басшысы Асұлан Сайымов курс оқу үшін медициналық білім міндетті емес екенін алға тартады.

Біздің орталықта білікті дәрігерлер сәбилерге емдік массаж жасайды әрі жас аналарға, студенттерге, жалпы массажға қызығатын жандарға курс оқытамыз. Сабақ 2 аптаға созылады, оның ішінде массаж туралы жалпылама түсінік те беріледі, іс жүзінде де көрсетіледі. Ал әр сенбі қатысушылар семинар-тренингке қатысады. Оқу соңында сертификатпен қатар куәлік беріледі, — дейді интерн-педиатр Асұлан Сайымов.

Оның айтуынша, массажды көп аналар өздерінің балаларына жасау үшін ғана оқиды. Яғни олар үй жағдайында сауатты массаж жасап үйренеді. Аналарқазіркүн салқындағанда қақырық шығаруға көмектесетін дренажды массаж жасап үйренгісі келеді екен.

Кішкентайларға массаж жасауды үйренгісі келетіндердің қатарында ер адамдар да жиі кездеседі. Олардың дені студенттер, мейіргер болып жұмыс істейтіндер.

Дәрігер кеңес береді

Баланың денесі өмірінің бірінші жылындапластилин секілді болады. Яғни баланыкөптеген аурудан денесін уқалау, сылап-сипау арқылы емдей аласыз. Әрине, дені сау бала массаждың көмегінсіз-ақ толыққанды жетіледі. Дегенмен бала денсаулығынамассаж артық етпейді.

Аталған орталықтың басшысы Асұлан Сайымов жас аналарға үй жағдайында жасалатын массажға байланысты кеңестерімен бөлісті.

—Баланың салмағы 6 келіге жеткен кезден бастап массаж жасауға болады.Егер сәбиде жоғары температура болса немесе терісі зақымданған жағдайдамассаж жасауға кеңес бермейміз. Массаж жасауға бала тамақтанғаннан кейін 30-40 минуттан соң ғана кіріскен дұрыс.Тальк немесе майлы желе қолданбаған дұрыс, өйткені олар баланың терісінің тесіктерін бітеп тастайды. Баланың нәзік терісіне зақым келтірмеу үшін сақиналарды, сағаттар мен білезіктерді шешіп тастаған абзал.

Егер бала массаж кезінде мазасызданып жыласа, процедураны тоқтату керек. «Массажды баланы жылатып жасау керек» деген кереғар түсінік бар. Бұл баланың психикасын зақымдайтынын ескеріңіз. Қазіргі әжелер буыны қатпаған баланың бір қол, бір аяғынан көтеріп, сілкілеп жатады. Бұл үлкен қате. Себебі сәбидің денесі анатомия-физиологиялық ерекшелігіне сай бір жасқа жеткенде ғана қатая бастайды,дейдіинтерн-педиатр.

Бала массажы оңай ақша табудың жолы емес

Сәулет саласында 16 жыл жұмыс істеген Света Садвақасова балалар массажын үйрену үшін тек курс оқумен шектеліп қалмай, арнайымедбике мамандығын да игеріпті.

Балалармен жұмыс жасағанды жастайымнан ұнататынмын. Кеш болса да сүйікті ісімді тапқаныма қуанамын. Ал қазір сәбилерге массаж жасап жүргеніме 10 жылға таяп қалыпты. Осы уақыт ішінде әртүрлі ауруы бар бес мыңға жуық балаға өз көмегімді көрсеттім. Қазір солардың алдыңғы буыны 3-4-сыныпта оқитын шығар.

Бастапқы кезде туысқандарымның балаларына массаж жасадым. Қазір соның нәтижесінде балаларда кездесетін көптеген ауруды массажбен емдей аламын,—  дейді ол.

Света Садвақасова «балаға массаж жасау — оңай ақша табудың жолы»  деп ойлайтындардың бар екендігін айтып, қынжылады.

Бұл салада курс оқытуды енді бастап жатырмын. Көбіне медициналық оқу орындарын бітірген қыздардан сұраныс көп.Бірақ көп адам кішкентайларға массаж жасап, оңай ақша табамын деп ойлайды.Бұл дұрыс емес, себебі жаңадан туған нәрестенің денсаулығы ойыншық емес.Сіздің алдыңызға келген баланың денсаулығына сіз жауапты боласыз. Мен алдыма келген әр бала ауруынан көз алдымда айығып кетуі керек деген мақсат қоямын. Бұған үлкен жауапкершілікпен қараймын, — дейді ол.

Света Садвақасова әлі күнге дейін білім алуын тоқтатпайтынын айтты. Ол өз еліміздің, шетелдің білікті массажистерінен оқып, техникасын меңгеріп, тәжірибесін толықтырып отырады. Сонымен қатар ол өткен жылыАлматы қаласындабалалардың тіл бұлшықеттеріне массаж жасай отырып, сөйлеу дағдысын дамытатынлогомассаж курсын оқып, қазір біраз адамға өз көмегін көрсетіп жүр.

Өзіңіз жасап үйренсеңіз…

Массаждың бала денсаулығына пайдасы көп. Ол нәрестенің психикалық дамуынан бастап, ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады. Ал массажды өз анасы жасаса, екі есе пайдалы. Массаж ана мен баланың эмоционалды байланысын күшейтеді, баланың күйзеліске түсу деңгейін төмендетіп, жақсы ұйықтауына көмектеседі.

Өз балаңа массаж жасау үшін медициналық біліміңнің керегі жоқ деп санайды үш баланың анасы Манар Жолдыбай:

Екі балама өз уақытында физиологиялық дамуы үшін массаж алдым. Үшінші балама дәрігерлер 3 курс массаж, емдік денешынықтырудың да 3 курсын алуға кеңес берді. Осы кезде «неге арнайы курс оқып алып, балама массажды өзімжасамасқа» деген ой туындады. Екінші жағынан, егер ұсыныс түсіп жатса, қосымша табыс көзіне де айналар деп ойладым.

Бала массажын оқығанда біз тек теориямен шектеліп қалмадық. Сабаққа балаңызбен бірге барып, өз балаңызға массаж жасау арқылы үйренуге болады. Сабақта өткен әр тақырыпқа жеке-жеке тоқталып, тереңірек оқыдық. Дәріс  барысында пікірталас жиі болатын.

Дегенмен мендәрігердің нұсқауыменғана массаж жасаймын, — дейді ол.

Беймезгіл уақытта бала кенеттен ауырып, жылап қалса, өзіңіз массаждың техникасымен денесін уқалап тыныштандырсаңыз артық етпейді. Қолайсыз ауарайында да баланы массажға тасып жүру қиын. Ал үй жағдайында сауатты массаж жасай алсаңыз қандай жақсы.

Бала — сізге берілген аманат. Оның денсаулығына мән беріңіз. Егер де қандай да бір ауытқушылық байқасаңыз, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button