Әдебиет

Ізтай Мәмбетов

МӘМБЕТОВТЕР

Талайлардың фамилиясы — Мәмбетов,
Жүр өмірде жайраң қағып, әндетіп.
Біреулері көк орманды көбейтіп,
Келе жатыр кең даланы сәнді етіп.

Біреулері баптап тары, күрішті,
Біреулері қайнатады құрышты.
Енді бірі қала орнатып, үй салып,
Жанарынан жақсылық боп нұр ұшты.

Бір Мәмбетов жаудыраған жас әлі,
Аяғын да апыл-тапыл басады.
Бірақ ертең қосу үшін үлесін
Мәмбетовтер шежіресін ашады.

Бір Мәмбетов көзіндей боп көненің,
Аймалайды арман еткен өренін.
Бір Мәмбетов сахнада саңқылдап,
Бір Мәмбетов жазып жатыр өлеңін.

Біз, әйтеуір, қалыспаймыз басқадан,
Жалғасады кәрі қадам, жас қадам.
Бір Мәмбетов асуы хақ асудан,
Бір Мәмбетов болса егер де аспаған…

Мәмбетовтер ырза қылып өр елін,
Еселейді еңбегі мен өнерін…
Мың Мәмбетов мәртебесін мадақтап,
Бір Мәмбетов жаза берер өлеңін.

Қара көз

Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көп қарайсың көрген сайын қадалып.
Қарағаның қандай жақсы, қарағым,
Қандай тұнық сырға толы жанарың!

Жанап мені өткеніңде жымиып,
Жалт қараймын, көп қараймын қиылып.
Күлімдеген қара көздер сүзіле
Жаутаңдатты-ау, жаутаңдатты-ау ізіне.

Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көңіліңде жақсы бір ой бары анық.
Сыр ашарда батылырақ болайын,
Қарай берші, қарай берші қадалып.

Ізім қалсын

Ақтөбе-ау, айналайын, сөзді ұғарсың,
Өзімдей ыстық жүрек, қызу қансың:
Сағынып кеттім-дағы,
Жеттім тағы,
Тағы да топырағыңда ізім қалсын.

Өзіңнен өрен жайған балаң едім,
Сен жақсы жолдасымдай санама ендің.
Әр үйің, әр орамың болды таныс,
Жолымды көз жұмсам да таба бердім.

Жылдардың әлдиіне өсе бердім,
Көк өндір ағашындай көшелердің.
Сезбеппін —
Сонда сен де бірге өсіпсің
Қуатты қолдарымен не шебердің.

Мен мұны бұрын емес, бүгін білдім,
Көркіңе иілдірдің, сүйіндірдің.
Сәт сайын жолықтырып бір жаңалық,
Танытпай талай жерді, үңілдірдің.

Баяғы зілмәңкелер құлатылған,
Бой түзеп биік үйлер мына тұрған.
Айнадай асфальт жатыр алды-артымда,
Көшіпті «бауырмал саз, құм антұрған».

Бітпеспін санап бүкіл жаңалықты,
Болыпсың дәуірге сай қала мықты.
Кетіпті жас шалғындай өмір басып
Жолдарын жүрген кеше балалықтың.

Ақтөбе, ыстық ұям, сөзді ұғарсың,
Өзімдей отты жүрек, қызу қансың,
Тағы да аралайын алшаң басып,
Тағы да топырағыңда ізім қалсын.

Өгей шеше

Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,
Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.
Көп өтті көңілсіз күн керуені,
Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.
Жатырқап сонда саған кілт қарадым,
Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.
Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,
Жанына үңілмеді жұрт баланың.
Дөңбекшіп көз ілмедім түніменен,
Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.
Елестеп туған анам жарқын жүзі,
Қалықтап кетпей қойды үні менен.
Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,
Ояттың «Бар, — деп, —
Ізтай, сабағыңа!»
Дір етті алғаш сонда бала жүрек,
Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.
Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,
Апталар айды қуып жылыстады.
Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,
Әке де аңдамады жұмыстағы.
Ұмытпан інім мені шақырғанын,
Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.
Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:
«Апыр-ай, қарағым!» — деп аһ ұрғаның.
Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,
Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.
Сипадың маңдайынан еркелетіп,
Сонда алғаш келді сені ана дегім…
Есімде алыс жолға аттанғаным,
Онда да саған сырды ақтармадым.
Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,
Жанымда жабырқаулы жатты арманым.
Жасырды көз жасымды алагеуім,
Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.
Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,
Сонда алғаш іштей сені ана дедім.
Аузынан жырып алып сары шалдың,
Барыңды маған сақтап, маған салдың.
Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,
Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.
Өзіңмен көрісуге құмарландым.
Бітердей көңілдегі бар арманым.
Сағынған жас жүректің жалынымен
Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым…
Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,
Баламды бауырыңа алып бала қылдың.
Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбымның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім.

Тілші

Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Келеді желе жортып ат шаналы.
Колхоздың қалып жатыр зулап кейін,
Қар көмген егіндігі, бақшалары.

Жас жігіт суыт жүріп асығады,
Ақбоздың тежемеді басын әлі.
Бөленіп мың қуаныш есігіне,
Бір ойдан бір ой алыс асып әрі.

Газеттің бұл солдатын тілші дейді;
Жан адал, күйсін мейлі, күлсін мейлі.
Елінің ер еңбегін өзі көрген
Жүрек боп кеудесінде дүрсілдейді.

Тынбайды ол жазғы ыстықта,
жауындарда,
Күздегі қара суық, дауылдарда.
Кейде авто, кейде жаяу, кейде осылай
Барады отарларға, ауылдарға…

Аралап бүгін жырақ жайылымды,
Қойшының көкей сырын бәрін білді.
Тозыңқы қойын дәптер қолында оның,
Сан рет ашылды да, қайырылды.

Сырғанай сықырлатып ақша қарды,
Зуласын аялдамай ат шаналы:
Жеріне өзі келген, сөзі керек,
Сүйсінтіп малшы ағаны, жақсы ағаны.

1957 жыл.

Жоқ қазір

Қызық қуған қызыр күнім жоқ қазір,
Қызға ұсынған қызыл гүлім жоқ қазір.
Таңды таңға ұластырып ұзартпай,
Тарқамайтын қызулығым жоқ қазір.

Ақ боранмен алысу да жоқ қазір,
Жүйрік желмен жарысу да жоқ қазір.
Бұлт қабақты түйілтіп кеп қалатын,
Алақұйын зәр-ашу да жоқ қазір.

Дос болмаққа ергіш көңіл жоқ қазір,
Қас болмаққа көнгіш көңіл жоқ қазір.
Адалдықты аңғалдыққа апарған,
Бала көңіл, сенгіш көңіл жоқ қазір.

Кейбір дауыс ізгі хорда жоқ қазір,
Кейбір атау сөздік қорда жоқ қазір.
Соның бәрін елемейтін, қыңбайтын
Жастық шіркін біздің қолда жоқ қазір.

Жолда

Терезе
Түріп пердені,
Қызығып қырға қарадым.
Толтыра жұттым кеудені
Өмірдің сабат самалын.

Тұманы таңның азайып,
Ағарып қалды айнала.
Даламыз толы ғажайып, –
Шайқалған егін жай ғана.

Жарысып бізбен келеді,
Қатарлас қонған жас терек.
Паровоз дабыл береді,
Жаңғырта жерді төске өрлеп.

Тас жазу кенет бөктерде,
Көркейтіп жолды тұрды бір.
Оқыдым зулап өткенде:
«Жасасын бейбіт нұрлы өмір!».

Осынау сөзден жолдағы
Жылылық жанға тартады.
Алғашқы сезім таңдағы,
Ойды алға сүйреп барады.

Осынау өшпес ұранды
Қайталай берді жас-кәрі.
Тізіліп сонда тұрғандай
Әлемнің асыл тастары.

Табантал

Жадымда жүрсің, Табантал,
Жасырын ағып жылысқан.
Жайқалып өскен жағаң тал,
Жанымнан алғаш жыр ұшқан.

Жадымда сонау балалық,
Талыңды тай ғып жүгірген.
Табанды тасқа жара ғып,
Қалыспай қызық дүбірден.

Өзінше думан екен-ау,
Ойын да болса, сол бір шақ.
Елжіреп әлі кетем-ау,
Ол жайлы кенет ой туса-ақ…

Жағаңда жүрдім жайраңдап,
Қимылын көрдім құрбымның.
Құдірет күшке қайран ғап,
Өзіме бітпес сыр қылдым.

Көркіңді көрдім, көп түйдім,
Өн бойың өмір, жағаң тал.
Өлеңге сөнбес от құйдың,
Қыз толқын өзен, Табантал.

Алғашқы мұң

Қызым Кәмшатқа

Қимаса да сәбиін екіге өткен,
Ана бүгін айырды көкіректен.
Тұңғыш уайым осы екен адам жанын
Тұңғыш рет тірідей жетім еткен.

Жұбана алмай нәресте жүрді налып,
Иіскеледі мамасын, сүйді барып.
Бірті-бірте басылды уыз қайғы,
Дербес өмір басталды күлім қағып.

Түсер талай қиындық басқа да әлі,
Алдында ғой асуы, асқарлары…
Ана сүті алғашқы мұңы болып,
Адамзаттың ғұмыры басталады.

Жаңбырдан соң

Қабақ түйіп қара бұлт тұрды сәл-ақ,
Өте шықты селімен қырды сабап.
Көк жүзіне керіліп келе қалды,
Мәңгі-бақи тозбайтын сырлы садақ.

Күміс моншақ құйылып жас қайыңнан,
Қосылып ап бұлаққа, тасты айырған.
Көкірегін көтерді алып таулар,
Аталардай тойдағы ас қайырған.

Бір желпінді еңбеккер алап күллі,
Кеудесіне құлпырта қадап гүлді…
Масаттанып осынша байлығына
Адам сонда күлімдеп қарап тұрды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button