Тарих

Тілекең, тау-ағам және басқалары

«Шалқар» газетіне-90 жыл

Біз – аналарымыздың санаға сіңірген қағидасымен әке айтқанын бұлжытпай орындауға ұмтылған ұрпақпыз. Жарықтық әкем мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген шағымнан журналистік кәсіпке құмарлығыма қарсы келмеп еді. Ол кезеңде бұл мамандыққа оқытатын факультет С.М.Кироватындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана. Онда да газет-журналда немесе радио-теледидарда істеген екі жыл жұмыс өтілің болуы шарт. Сөйтіп, 1966 жылы кәмелеттік аттестат қолға тиген бойда жаңадан құрылған Мұғалжар аудандық «Еңбек таңы», «Коммунист» газеттерінің редакциясында корректор болып еңбек жолымызды бастағанбыз. Баспаханада баспашы болдық, газеттің әдеби қызметкерлігіне ауыстық.

Бір күні әкемнен: «Жұмыстан шық, Шалқарға кел» деген тәртіп жетті. Кейін ұқтық  «Ембіде қалып қояр» деп алаңдаған екен. Мамандық бойынша жұмыс бола қоймай, Аққолқа мұнай-газ барлау экспедициясының базасында жүкші, аудандық «Союзпечать» агенттігінің нұсқаушысы қызметтерін өткергеніміз бар. Дәтке қуат қыларымыз ҚазМУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқуға тырнақ іліктіргенбіз.

Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің атағы дүрілдеп тұрған шақ. Абырой болып, мұнда да әдеби қызметкерлікке қабылдандық. Таралымы өзге аудандардағы басылымдардан анағұрлым артық, безендірілуі мен мазмұны жөнінен ауызға іліккен газет редакциясында аты-жөніне сырттай қанық сақа буын өкілдері жұмыс істейді екен. Редактордың орынбасары — журналистиканың майын ішкен Тілеужан Шойғарин, радиохабарларын ұйымдастырушы— Ұлы Отан соғысының қан-қасап майданында жертөледе газет шығарғандардың бірі Шынықұл Қарамергенов. Редакторымыз Тауман Төрехановтың ел ішіндегі беделі сұмдық, өзі, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі. Кесімді пікірін тайсалмай айтады, көсіліп жазада біледі. Штаттағы қызметкерлердің ең жасы – Мұқанбетәли Есмағанбетов екеумізге осындай мықтылармен бірге жұмыс істеу едәуір олжа сыйлады.

Әсіресе Тілекең — Тілеужан әкейдің — орны бөлек. Сауатсыздықты жою мектебінде оқыған, айтарлықтай діни сауаты бар, «батырақ тілші» деңгейінен редакторлыққа көтерілген, мінезі жұмсақ адам. Аудандық газет Одақтағы бас басылым «Правда» газетінің жарты көлеміндей болып, аптасына үш рет шығарылады. Кеңестік дәуірдегі идеологияның мықты пәрменін ешкімде жоққа шығара алмас, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндерінде ертеңгілік аудандық газет поштаның сұрыптау бөлімінде тапсырыстағы таралымнан бір саны кем болмастан жатуға тиіс. Қазіргідей компьютер, электронды пошта, ватсап жоқ дәуірде тас ғасырдың линотипімен, жазық баспа машинасымен қаруланған баспаханаға да қойылар талап қатаң. Оның үстіне газет бетін тұрғылықты өңір тынысын баяндайтын материалдармен толықтыру машақаты да жетіп артылады, жиналыс-кеңестер есебін кешіктірмей орысшадан қазақшаға аударамыз, әйтеуір бір жүгіріс.

Осындайда Тілекеңнің көмегіне жүгінеміз, қай кезде де қойындәптері тың деректерге толы. Әлгі бос тұрған «отыз жолдық» немесе «елу жолдық» орындарға қысқаша хабарларды ылдым-жылдым нақты деректермен дайындап бере қояды. Жасы біразға келіп қалған, ортадан жоғары бойлы, толық адамның өтінішімізді кері қайтармай әлдебір мекемедегі шараға қатысып, содан тартымды есепті газетке ұсынатын әбжілдігін айтсаңшы!

Қолымыз босаған сәтте ол кісіні әңгімеге тартамыз. Есте сақтау қабілеті күшті, оқиғаның болған жерінен, адамдардың аты-жөнінен еш жаңылыспайды. Таяуда ғана құрылғанына тоқсан жыл толғанын атап өткен ауданның өткен жолдарынан біраз қызықты жайды Тілекеңнен естігенбіз.

Мынау — соның бір үзігі. Ұлы Отан соғысы аяқталар тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Дәбен Бөкешов деген азамат келген. Турашыл, ешкімнің аяғына жығыла бермейтін, партиялық тәртіпті қатаң ұстанған қызметкер. «Тұрғылықты халықтың күй-жағдайы жақсарып кетсін» деді ме, ауылдарға іссапармен шыққан өкілдің құрметіне қой немесе тоқты-торым сойдыруға мүлде тыйым салдырыпты. Біздің кейіпкеріміз— газет редакторы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі қызмет ретімен темір жол бойындағы Шоқысу стансасына барып, аталас інілерінің бірінің үйіне түссе керек. Қожайын көп жолы түсе бермейтін сыйлы қонағына лақ сойып, дәм татыруға ыңғайланады. Мұны естіген Тілекең азар да безер болады, інісі әй-шәйға қаратпай малды бауыздап үлгереді. Бірінші хатшы пәрменін жадына ұстаған әкеміз перронда тұрған жүк пойызына отырып, Шалқардан бір-ақ шығады. Асылында біз бірімізді-біріміз аяқтан шалуға құмар жұртпыз, «Шойғарин мал сойдырды» деген әңгіме аупартком хатшысы Бөкешовке жетіпті. Содан шұғыл бюро шақырылып, редактордың «оғаш» қылығы күн тәртібіне қойылады. Тілекең сасқаннан қой сойған қожайынды қатыстырып, одан түсінік алуды өтінеді.Талқылау үстінде ағасының дайын дәмге қарамай кеткеніне ренішті үй қожасымән-жайғасонда ғанақанығыпты.

Орайы келгенде айтқан жөн, сол бірінші хатшы Бөкешов соғыс майданынан аман-сау оралған жас коммунистер Пана Оралбаевты, Алтынбек Әкімжановты, Жадығұл Құлмағамбетовті аудандық партия комитетінің аппаратына қызметке алып, келешегіне даңғыл жол ашып берген.

Жаны жұмсақ Тілекеңде иланғыштық басым еді. Мұнысын көп пайдаланған — әріптесіміз Мұқанбетәли. Сәуірдің бірінші тәулігі, күлкі күнінде, осы әріптесімнің ажары кіріп қалады: дәлірек айтсақ, редакциядағы ардагер журналиспен балдызы тұрғысында әзілдің орайын келтіргіш. Көрші бөлмедегі телефоннан қоңырау шалып:

— Тілеке, мен халықтық бақылау комитетіндегі Мәтәлімін ғой. Қазір отырыс өткізбекшіміз, соған келе қойсаңыз, — дейді.

Бір ғажабы Мұқанбетәлидің төраға Нұралин дауысын айнытпай салатынын қайтерсің?! Сәлден кейін Тілекеңнің отырысқа ыждағаттап кетіп бара жатқаны. Онымен қоймай ағеден қартты аудандық кеңес төрағасының орынбасары Түгел Айшуақов болып шақырады. Барса, әлгі лауазым иелері кабинетінде болмай шығады. Табиғатынан терісі кең Шойғариннің апшып, ашу шақырғанын көрмеппіз.

Жаны жәннатта болғырдың және бір қасиеті — тым балажан. Қызы Майсадан кейін көрген баласы Қасен Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүргенде әр айдың 18-інде кесте бойынша алатын аванс ақшасын тұтасымен пошта арқылы Қасенге салып жіберіп, мойнынан үлкен жүк түскендей масайрап жүруші еді.

Редакция кеңсесінің бір бөлмесінде алты адамбыз: редактордың орынбасары Тілекең, бөлім меңгерушілері Хайрулла Тыныбеков, Мұқанбетәли Есмағанбетов, әдеби қызметкерлер: Маркен Асанов, Ұмытқан Тұрлыбекова және мен. Пенде болғасын әрқайсысының өзіндік мінезі болуы заңды. Жаратылысынан сергек, жүріс-тұрысы орнықты Ұмытқан апамыз Тілекеңді әке тұтты. Газет тірлігінен қол босай қалса, бір әңгіменің тұздығын келтіріп, ақсақалымыздың шабытын лаулатып жібереміз. Жарықтық қызды-қыздымен анайы әңгімені бастап жібереді де, артық кеткенін сезіп:

— Өйбу, Ұмытқанжан отыр екен ғой, ай сендерді ме, —деп, үстел үстіндегі қағаздарын жинастырып, жылдам шығып кетеді.

Біз мәз боламыз. Сол сәттер еске түссе, балаша күлеміз келіп… Қазір сол алтаудан қалған Мұқанбетәли екеуміз.

Ешкімге жамандық ойламаған, жылт еткен игі істі жариялауға құмар әкемізді Шалқардың үлкен-кішісі ардақтады. Оның тағы бір қасиеті аңыз-әпсаналарды, көне тарихты зерделей білетін. Сонан да болар, Ұлықұм мен Кішіқұмға маңдай тіреген Нұрпейіс Байғанин, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дінмұхамед Қонаев сияқты игі жақсылар Тілекеңе ризашылығын айтып жүрді. Өткенге көз салсақ, ауданды әрқайсысы үзіліссіз он бір жыл басқарған үш адам— Төлеу Алдияров, Ахметжан Төребаев, Рахат Сыдықов екен. Марқұм Төкең өзі қызмет еткен кезеңде ауыл-селоларды аралағанда Тілеужан әкейді өзімен бірге алып жүрді. Ал Ахаң журналист ағасының 70 жасқа толу шараларының басы-қасында ұйытқы болды.

Кейіпкеріміз Қазақстан жазушыларының 1939 жылы өткен екінші съезіне, 1959 жылы Мәскеу қаласында КСРО журналистерінің бірінші съезіне делегат болып қатысты. Осы мақаламен бірге оқырман назарына ұсынылып отырған фотосуреттің сыртында Тілекеңнің өз қолымен жазған анықтамасы бар: «Бұл сурет — 1959 жылы 12 ноябрь күні Москвада СССР Журналистер одағының I съезінде (съезд жүріп жатқан бір үзілісте) түскен суретім».

Қашан да еңбектің бағасын беретін — халық. Шалқарлықтар 2006 жылдың қараша айында журналистика абызының 100 жылдығын кең көлемде атап өтті. Аудан орталығында газшылар қалашығының үлкен көшелерінің біріне оның есімі берілді, аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ардагердің саналы ғұмырынан мағлұмат берер жәдігерлер қойылды.

Енді бірер сөз Тау-аға аталып кеткен Төреханов жайында. «Гогольдің шинелінен шықтық» дегендей шалқарлық аға буын журналистер осы кісінің тәлім-тәрбиесін ілтипатпен еске алады. Өзім қарауында жұмыс істеген он екі жылда іскер басшының үлгісінен көп жайға қанығып, шыңдалғанымды ризашылықпен айтамын. Аудан басшылығына келген азаматтардың қай-қайсысы да редакторымыздың пікірімен санасты. Сол тұста теміржолдың және Бұқара-Урал магистралды газ құбырының өңірдегі әлеуетті мекемелерін өзге ұлт өкілдері басқаратын. Солардың өзі Тауман Төреханов айтқан ұсыныс-пікірлерге қарсы уәж айта алмай тоқтағанына талай куә болдық. Басшымыздың беделі нәтижесінде ол редакторлық еткен «Коммунизм таңы» газетінің сөзі жүріп тұрды, таралымы бір де кеміген емес.

Тау-аға соңғы отыз жылдан бері отбасымен Алматы қаласында тұрады. Жасы тоқсаннан асса да қаламын қолынан түсірген жоқ. Оған дәлел — талғампаз оқырман ықыласына ие болған тарихи және ғұмырнамалық кітаптары.

Шынықұл Қарамергенов Ақтөбеде құрылған №101 атқыштар бригадасының құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге оралған соң журналистика саласында еңбек етіп, соғыс және еңбек ардагерлері жайында танымдық-тағылымдық мағынасы зор жазбалар қалдырды. Көбіне-көп тұйықтау жүретін. Баласы Шынболат әке мұрағатындағы сол жазбаларды компьютерге жүйелеп түсірген екен, өкініштісі баспадан кітап қылып шығару ниетіне сұм ажал мүмкіндік бермеді. Таяу кезеңде келіні, яғни Шынболаттың зайыбы Салтанаттың өтінішімен кітапты шығарудың басы-қасында жүргеніміз бар…

…Биыл аудандық «Шалқар» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толды. Осы мереке тұсында сол кезеңнің елеулі бір белестерінде қызмет атқарған, есімдерін ел құрметтеген абзал ағалар туралы аз ғана сөз айтуды жөн көрдік.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті

журналисі.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button