Денсаулық

Фтизиопульмонологтар бас қосты

Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың төрағалығымен жиын өтті. Іс-шарада 9 айдың қорытынды есебі жасалып, баяндамалар тыңдалды. Жиынға медицина ұйымдарының бас дәрігерлері, фтизиатрлар мен фтизиопедиатрлар қатысты.

Кеңесте сөз алған фтизиопульмонология орталығының басшысы Ерлан Тәтімов жыл басынан бері туберкулез ауруының алдын алу және емдеуге қатысты жүргізілген іс-шаралар жөнінде баяндады.

— Туберкулезбен сырқаттанушылар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3,47 пайызға өсті. Жаңа озық зертханалық технологияны енгізудің арқасында туберкулез жұқтырған науқастарды уақтылы анықтауға қол жеткіздік, — деді орталық басшысы Ерлан Тәтімов.

Жиында Қобда, Қарғалы, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір аудандарымен қатар, №7 қалалық емханасының, Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің бас дәрігерлері аталған медициналық мекемелердің фтизиопульмонология қызметі бойынша есеп берді.

Сонымен қатар іс-шараға ZOOM арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының  директоры Мәлік Аденов қатысып, туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан нәтижелі жұмыстарды атап өтті.

Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында оқу семинарлары өткізіліп, 635 қызметкер біліктілікті арттыру курстарында оқыды. Жиында туберкулез сырқатынан емдейтін дәрілердің сапасы үнемі қадағаланатыны айтылды.

Қазіргі уақытта туберкулезбен ауыратындар тек 6 ай амбулаторлық жағдайда емделу үшін ғана әлеуметтік көмек ала алады.

Өкінішке қарай, туберкулезді қайта жұқтыру деректерінің артуы байқалады: 2019 жылы — 0,7 пайызға, 2020 жылы – 1,2 пайызға, 2022 жылдың 9 айында 2,2 пайызға жеткен.

Туберкулезбен ауыратындар үшін берілетін дәрі-дәрмектің құны өскенімен, емделушіге шаққандағы тариф өзгерген жоқ.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button