Денсаулық

«Саламатты қазақстан»: салауатты өмір салтын ұстан!

Өткен жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — азаматтардың денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда елімізде аталған жобаны жүзеге асыру үшін түрлі іс-шаралар қолға алынды. Осы орайда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбраеваны әңгімеге тартқан едік.

— «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қандай мәселелер қамтылмақ?

—  Жоба негізінен алты бағыт бойынша жүзеге асады. Олар — азаматтардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдар тиімділігін арттыру, азаматтардың денсаулығын одан әрі нығайту  және негізгі әлеуметтік-елеулі аурулардың деңгейін төмендету, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру, медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізу, сондай-ақ дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін  және сапасын арттыру да осы жоба аясында атқарылатын негізгі бағыттардың бірі.

Бағдарламаны жүзеге асыру тек қана денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, барлық тиісті орындар атсалысуы керек. Бағдарлама аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік аурулар деңгейін төмендету, дұрыс тамақтану, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының денсаулығы, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық құтқару қызметін жолға қою секілді өзге де мәселелер қамтылады. Қазіргі күні аймақта осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылуда.  Әсіресе, соңғы жылдары жиі кездесетін инфаркт, инсульт, қант диабеті, туберкулез ауруларының  алдын алу шаралары күшейтілді. Ана мен бала денсаулығы да  басты назарда. Сондай-ақ аса қауіпті инфекциялық аурулардан сақтандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Осы орайда облыс әкімі жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі және кеңес жанындағы арнайы жұмыс тобы қыруар шаруа тындырды. Қазіргі күні кеңес мүшелері  мәдениет, спорт, білім беру, санитарлық қадағалау, ішкі саясат басқармалары және ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс істейді.

— Аталған бағдарламаның бір тармағы ана мен бала денсаулығы екенін айттыңыз. Осы тұрғыда орталық тарапынан қандай шаралар қолға алынуда?

— Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін облыстың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктері жеткілікті. Қазір емдеу орталықтарында «Дені сау бала» кабинеттері жұмыс істейді. Біздің орталықпен бірлесе отырып ана мен бала денсаулығын қорғау тақырыбында түрлі семинарлар өтеді. Оның ішінде отбасын жоспарлау, жүкті әйелдердің гигиенасы, сәбиді ана сүтімен қоректендіру, қыз балалар тәрбиесі тақырыптары бойынша өзекті мәселелер сөз болады. Оның ішінде жүкті аналарға айрықша назар аударылады. Мәселен, қант диабетімен ауыратын аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, әйел жүкті екенін білгеннен кейін тұрақты түрде дәрігерге қаралуы керек. Өйткені қандағы қант деңгейін түсіретін дәрілерді ішу балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жүкті ана ағзасындағы қантты бақылауға алғаны абзал.

Сүт безі қатерлі ісігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жиі  жүргіземіз. Мәселен, аталған сырқат көбіне репродуктивті жастағы әйелдер арасында көп кездеседі. Сондай-ақ бауыр, жатыр қосалқылары мен қалқанша безі аурулары сүт безі ауруының пайда болуын күшейтеді. Сонымен бірге бұрын босанбаған, бір-ақ рет босанған немесе бала емізбеген, түсікті жиі жасатқан әйелдердің мұндай сырқатқа шалдығу қаупі жоғары. Жалпы, бұл аурудың құрығына іліккен әйелдер шылым мен ішімдіктен, күннің көзінде және моншада ұзақ болудан сақтанып, физиопроцедураларға абайлап қатысқаны жөн.

Семинар кезінде жас келіндерге емшек сүтінің маңыздылығын айтамыз. Ана сүті сәби үшін таптырмайтын құндылық екенін ұмытпағаны дұрыс. Қаладағы барлық емхананың дәлізінде ақпараттық парақшалар ілулі тұр. Өткен жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасынан ана мен бала денсаулығына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға  қатысты 19 бейнекөрініс көрсетілді. Биылғы жылдан бастап жоғары оқу орындарының жастары арасында эстафета өткізуді қолға алдық. Шараға белсене қатысқан оқу орнына ана мен бала бейнесіндегі шағын мүсін беріледі. Қазірдің өзінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен  Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жастары аталған шараны өткізді. Оларға акушер-гинекологтар дәріс оқыды.

— Жасөспірімдерді  зиянды әдеттерден сақтандыру үшін қандай нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр?

— Жас ұрпақты есірткі, ішімдік, темекі сияқты зиянды әдеттерден сақтандыру бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Күнделікті өмірде орын алып жүрген үлкенді-кішілі қылмыстардың дені осы ішімдік пен есірткінің салдарынан болатынын біз жақсы білеміз. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана ұрпағым жаман болсын демейді. Дегенмен, соны түсінбей, ата-анасының тапқан-таянғанын шашып, айығуы қиын дертке ұшырап жатқан жастарымыз бар. Әркез осыны ескеріп отыратын біздің орталық жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда бірсыпыра жұмыстар жүргізді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан жастардың арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Біздің бұл бағыттағы жұмыстарымызды облыстық ішкі саясат басқармасы да қолдап отырады.

Жыл сайын Дүниежүзілік темекі шегушілікке қарсы күрес күніне орай  жоғары және арнаулы оқу орындары жастарының қатысуымен түрлі шаралар өтеді. Өткен жылы облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе отырып кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі мен спирттік ішімдіктер сатуды болдырмау мақсатында акция  өткіздік. «Жасөспірім» деп аталатын мұндай акция биыл да өз жалғасын табады. Жоғары оқу орындарында, кәсіпорындар мен мектептерде ішімдік пен темекінің зияндылығы туралы дәрістер оқылды. Мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылады. Мәселен, былтыр осы бағытта 24 акция өтсе, оған 3272 жас қатысты.

— Ал жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатындағы жұмыстар жөнінде не айтасыз?

— Соңғы жылдары туберкулез, тұмау және өзге де жұқпалы арулардың алдын алу бағытында  түрлі шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оның ішінде туберкулезбен күресті күшейтудің 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын іске асыруға арналған шаралар өз нәтижесін берді. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері мамандарының қатысуымен семинарлар өткізілді. Мұндай шараларға дәрігерлер мен ата-аналар және оқушылар да қатысады. Біздің дәрігерлер қала және аудандардағы білім ордаларына барып аурудан сақтану жөнінде кеңес береді. Мәселен, өткен жылы аталған сырқат туралы кең мағлұмат беру үшін облыс бойынша 389 білім беру мекемесіне сауалнама жүргізілді. Тұмаудың алдын алу бойынша өткен сабақтар да оқушылардың ынтасын туғызды. Осы шара бойынша мектепке дейінгі мекемелерде тексеру жұмыстары жүрді. Ата-аналармен әңгіме-кеңестер өтті. Қазіргі көп айтылып жүрген тұмаудың ең қауіпті түрі туралы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы былтыр 529 дана плакат, 99945 дана ақпараттық материал  шығарды. Бұл мағлұматтар қазақ және орыс тілдерінде таратылды.

— Денсаулықты сақтаудың тиімді жолы — дұрыс тамақтану. Бағдарламаның бір саласы осы жөнінде екен…

— «Ас — адамның арқауы» деп халық тегін айтпаған. Барынша дұрыс тамақтанғанда ғана денсаулықты сақтауға болады. Тоя тамақтанған ағзаға зиян. Асты мөлшермен ішіп, түрлі дәрумендерге бай көкөніс өнімдерін үнемі пайдаланып отырған дұрыс. Кешкілік тойып тамақ ішпеген жөн. Шамадан артық ішілген тамақты ағза бойға сіңіре алмайды. Осыдан келіп зат алмасу жүйесі бұзылады. Қазіргі таңда жиі кездесетін аурудың  бірі — семіздік. Семіз адамдардың қалыпты адамдармен салыстырғанда 10-15 жылдай аз өмір сүретіні дәлелденген. Жалпы, салауатты өмір салты дегеніміз — адам денсаулығы, дене тәрбиесі, спорт, таза ауада дұрыс демалу, яғни салиқалы өмір сүру. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселенің өмірлік маңызын тағы да көрсетіп берді. Салауатты өмір салтын насихаттап, дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға, есірткіден, темекіден, алкогольді ішімдіктерден аулақ болуға тиіспіз. Сау кезімізде денсаулықтың бағасы мен қадірін елемейтініміз өкінішті. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады».  Сау болғанның өзінде, әр адам өзін-өзі шынықтырып отыруы қажет. Қарапайым ғана тіршілік қағидаларын сақтаса, ұзақ өмір сүруге болады. Мәселен, күнде ертеңгілік 30-40 минуттай ертерек тұрып, ең болмағанда 500-600 метр жер жүгіріп, жаттығу гимнастикаларын жасауға, суық сумен шайынуға болады ғой. Бірақ бұған көпшілігіміз мән бермейміз. Биыл қаладағы барлық департаменттер мен мекемелерге хат жолдадық. Яғни ертеңгілік уақытта қызметкерлер жаттығу жасауы керек.

— Алдағы уақытта тағы қандай шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар?

— Орталық «Салауатты өмір салты» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Бағдарламада 17 бағыт бар, оның ішінде барлық мәселе қамтылған. Мамыр айында медицина қызметкерлерінің және қала тұрғындарының арасында спорттық жарыстар өткізіледі. Мәселен, былтыр футбол, волейбол жарыстары ұйымдастырылса, қыста  шаңғы, коньки тебуден сайыс өткізілді. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасынан салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған бейнекөріністер көрсетіліп, облыстық «Ақтөбе» газетінде мақалалар үнемі жарияланып тұрады. VІІ қысқы Азиада ойындарына байланысты облыста кіші қысқы Азиада спорттық жарыстары өтті. Жалпы, мұндай шаралар жалғасын таба береді.

Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button