Мәдениет

Ақтөбедегі жыр мектебі

«Балаға әуел бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақын етіп тәрбиелеу керек, себебі орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» депті Жүсіпбек Аймауытов. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің бірі атадан балаға жалғасып келе жатқан жыр-термесінде жатыр.

Кеңес үкіметі кезінде жыршы-жыраулардан қорыққаны соншалықты «халық жауы» деген желеумен аттырып немесе түрмеге жапты. Солардың ішінде Алтын Орданың бектер бегі болған Едіге батыр жырын оқулықтан алып, жырлауға қатаң түрде тиым салған. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жырды жасырын жырлағанымен, кейін біртіндеп ұмытыла бастады. Жасыратыны жоқ қалалық жерлерде шаңыраққа түскен келіннің бетін ашатын адам таппаған кездерді де көзіміз көрді. Тәуелсіздік алған жылдары сандығының түбіне сақтаған «Едіге» жырын жарыққа шығара бастады. Жыр табылғанымен оны орындайтын жыршы табыла қоймады.

Қазіргі кезде «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының оңтүстіктегі Түркімен, Өзбек республикалары Сібір татарларынан бастап Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерге дейін сақталғаны айқын болып отыр. Жырдың алпыстан астам нұсқасы бар. Мұндай алпыс нұсқалы эпос жер бетінде жоқ. Фольклортану ғылымы, «Эпостың көп нұсқалы болуы, оның басты қаһарманының халық сүйіктісі екендігінен» деп түсіндіреді. Расында, осы алпыс нұсқаның барлығы: «Едіге  деген ер екен, елдің қамын жер екен» деген байламға барып тіреледі.

Едіге батырдың елмен қайта қауышуына елеулі еңбек сіңірген филология ғылымдарың докторы, профессор, едігетанушы Жұманазар Асанның еңбегі орасан зор болды. Жергілікті азаматтар «Ер Едіге» атындағы республикалық қоғамдық қор құрып, көптеген ғылыми конференциялар өткізіп, Ақтөбенің төріне Едігенің ескерткішін орнатуға өз үлестерін қосты.

Осы атқарылған жұмыстардың жемісі болар 2021 жылдың 16 наурызында Ақтөбе халық шығармашылығы орталығы жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылып, елдің рухын көтеріп тастады.

 — Бұл мектепте елімізге белгілі кәсіби жыршылар Бөрібай Картен, Әділбек Сарин, Есентүгел Әзи қырыққа жуық балаға дәріс беріп келеді. Оқу тегін. Біздің ұжым А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, С.Бәйішев университеті, аудандық Мәдениет үйлері, Ақтөбе қаласындағы №78 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы, №60 орта мектебі, Шығармашылық академиясы және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебімен тығыз байланыс жасап, жас жыршыларды тәрбиелеуде.

Жыршыларымыз түрлі деңгейдегі байқау-фестивалдарға қатысып, жиырмадан астам жүлдеге ие болды,

«Ер Едіге» жыр мектебінің «Жыршылық өнер» атты бағдарламасы жасалып, әдістемелік құрал ретінде аудандарға таратылды. Сонымен қатар жыраулық өнерді меңгерген жыршылардың терме-толғауларын СD үнтаспаға жазып алынды.

2021 жылы «Ер Едіге» жыр мектебінің ұйымдастыруымен «Едіге деген ер екен…» атты облыстық және республикалық жыршылар байқауы өтті.

2022 жылдың 5 мамырында осы мектептің ашылғанына бір жыл толуына орай «Сөз сөйлейін бөлмелеп» атты жыр кешін өткіздік.

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз мектептер мен жоғарғы оқу орындарында «Жыр — халықтың қазынасы», «Жыр — жауһар» тақырыптары бойынша дәріс-концерттерді өткізуді де қолға алды. Жыршылық өнерді көпшілікке насихаттау мақсатында Мәртөк, Қурайлы, Сазды, Саржансай, Алға ауданының Үшқұдық ауылдарына гострольдік сапармен жыр кештерін өткізіп, халықтың ыстық ықыласына бөлендік. «Ер Едіге» жыр мектебі — болашақта үлкен орталыққа айналып, халқымыздың киелі жыр өнерін дәріптеуге, зор үлесін қосатыны сөзсіз. Жыл сайын жыршылыққа құмартқан жастардың да саны артып келеді, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Халық шығармашылығы орталығы жыр мектебін ашу арқылы жас жыршыларды тәрбиелеп қана қоймай, жыршы-жыраулардың жырларында көрсетілген жер атаулары мен тұлғалар туралы деректерті анықтау мақсатында экспедициялық ұйымдастыру жұмыстары да қолға алыныпты.

— Жыраулық мектептің ашылғанына бір жарым жыл уақыт ішінде алды он дастанға дейін жаттаған шәкірттеріміз бар. Бұл — біз үшін үлкен жетістік. Ақтөбе топырағынан шыққан шайырларымыздың мақам саздары мен жырларын үйретуден бастадық. Шәкірттеріміз «Қобыланды батыр», «Едіге», «Мұса хан», «Нар қыз» «Асау-Барақ» дастандармен бірге сөз жүйрігі атанған Нұрпейіс Байғанин, Әбубәкір Кердері, Сарышолақ Боранбайұлы, Шернияз Жарылғасұлы тәрізді ақындардың жыр-термелерін жаттап айтып жүр. Бір қуанарлығы облыстық, республикалық жыр додаларында жүлделі орындарға ие болған шәкірттеріміз елдің абыройын асқақтатып келеді. Болашақта жырды қобыз, жетіген аспаптарымен де орындатуды да жоспарлап отырмыз. Ендігі мақсатымыз, Ақтөбеде жыраулық мектептің қалыптасқанын республика көлемінде насихаттау үшін, Астана мен Алматыда өнерімізді көрсеткіміз келеді, бірақ оған қаражат мәселесі шешілмей тұр, — дейді жыраулық мектептің жетекшісі Әділбек Сарин.

—  Мен А.Жұбанов атындағы музыка колледжінінің 4-курс студентімін. «Ер Едіге» жыр мектебі ашылғанда алғаш қуанғандардың бірімін. Бұл жерден үйренерім көп екен, ұстаздарым жырдың мақам саздарын үйретіп, жыршылық жолға салып келеді. Осының арқасында көптеген жыр додасында жеңіске жетуіме септігін тигізгені үшін, ұстаздарыма алғысымды білдіремін,  — дейді Бақыт Арыстанғалиева

Ұлттық мұрамызды ұлықтап жүрген азаматтарға іштей сүйсінесің. Себебі жырда өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып тұрған бір құдірет күш бар. Ол күш – ұлттық мінез.

Ақтөбе қаласында өткен облыстық, республикалық жыршылар сайысында өнер көрсеткен жас жыршылар үлкен сахнада да өнер көрсетуге дайын екендерін дәлелдеді. Алдағы уақытта басшылық тарапынан қолдау табылып жатса, жыршылардың тілегі орындалып қалар деген сенімдеміз.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button