Дарынды оқушылар жарысы
Жыл оқушысы
Кеше «Жыл оқушысы» конкурсының облыстық кезеңі өтті. Жарыста Ақтөбе қаласындағы мектептердің оқушыларымен бірге ауыл балалары да бақ сынады.
Дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының ғимаратында ұйымдастырылған сайысқа 43 бала қатысты.
Жарыстың мақсаты — оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне, рухани-танымдық жағынан өздігінен жетілуіне мүмкіндік жасау, олардың көшбасшылық қабілетін дамыту.
— Азаматтық және өмірлік ұстанымы бар, шығармашыл дарынды оқушыларды анықтау үшін ұйымдастырылған шарада қалалық және аудандық кезеңде жеңімпаз болған дарынды балалар қатысып жатыр.
Конкурсқа қатысу үшін міндетті шарттардың бірі — қатысушы оқу озаты немесе оқу екпіндісі болуы шарт. Тоқсандық бағалау бойынша төрттік бағасы үшеуден көп болмауға тиіс, — дейді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жания Есенжолова.
Конкурста олар 6-7 сынып, 8-9 сынып, 10-11 сынып оқушылары болып үш топқа бөлініп жарысады.
Облыстық кезеңнің нәтижесінде конкурс жүлдегерлері «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, мақтау қағазы және сертификаттарымен марапатталады. Республикалық кезеңге 3 топ бойынша 3 жеңімпаз оқушыға жолдама беріледі. Ел бойынша өткізілетін сайыс онлайн форматта ұйымастырылады.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.