Қойшығұлдың қуанышы

Белгілі ғалым, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің ғасырлық мерейтойына орай біздің газетімізге шыққан мақаласында: «Әдебиетке келгендердің бәрі бірдей генерал бола бермейді. Ол жасақтың офицерлері, сержанттары, қарапайым солдаттары да болады. Әрқайсысының сіңірген еңбегіне қарай әдебиет тарихы бетінен елеп-екшеп орын береді. Солардың ішінде Ж.Тілепбергеновтің әсем орны, биік сөресі бар», — деп жазған еді (қараңыз: «Ақтөбе» газеті, 1995 жыл, 2 қараша). Жиенғали Тілепбергенов 1895 жылы дүниеге келген. Туған жері — қазіргі Мұғалжар ауданының аумағында. Өз ауылындағы бастауыш мектептен кейін Орынборда оқып, 1915 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне ауысады. Осы медреседегі қазақ жастарының 1915-1918 жылдары шығарған «Садақ» атты қолжазба журналдың Б.Майлиннен кейінгі редакторы болды. 1918 жылы медресені бітіріп, елге оралған соң еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Сондай-ақ ол — облыстық «Кедей» (қазіргі — «Ақтөбе» газеті), Солтүстік Қазақстан облыстық «Бостандық туы», Қызылорда облыстық «Сыр бойы», Темір аудандық «Социалды майдан» газеттерінде лауазымды қызметтер атқарып, қазақ баспасөзінің іргесін қаласқан тұлғалардың бірі. Оқу-ағарту саласында да қызмет етті.
Көзі тірісінде жазушының баспасөзде жарияланған шығармаларынан бөлек, «Таңбалылар» атты повесі жарыққа шықты, пьесалары сахналанды.
Жазушы Жиенғали Тілепбергенов — 1932-1933 жылдардағы аштықтың миллиондаған құрбандарының бірі. Алдағы жылы сәуірде оның дүниеден өткеніне 90 жыл болады…

Жиенғали ТІЛЕПБЕРГЕНОВ.
Көп ауылдың қырманы да ығы-жығы, адам есесін айыра алмайтындай көп.
Көп ауылдың шетіндегі бес-алты зорат, олардың біреуі үлкен, біреуі кішкене, біреуі биік, біреуі аласа, біреуі таусылуға айналған. Қырманның бір жақ шетінде борасын қар сықылды қырманнан шығарылған салом, бір жақ шетіне жақын үйілген қызылдаулы тары болып көрінетін еді. Сол қырмандардың орталығындағы Қойшығұл қырманы еді. Күн де батты, Қойшығұл да тарысын елеп болды. Басын қара ала арқанмен байлаған үш ағаштан шылапшынның түбін тесіп, істеген елегін алып жатқанда қызы Жамилә қызылдаған тарының айналасын сыпырып жатты.
Сол кезде бұлардың қасына Қаражан келіп:
— Уа, қырман тасысын! — деді.
— Айтсын! — деп Қойшығұл тарысын ағаш күрекпен үйе берді.
— Мынауыңның қарасы тәуір ғой, қай жердің тарысы еді?
— Ана құмшықтың сыртындағы алпыс таяқ жердің тарысы ғой.
— Қанша түсер?
— Шамалағаным жоқ, енді қараймыз ғой, — деп Қойшығұл ағаш күректің сабымен шөмеле болып үйілген тарының айналасын бір сызып, «бисмилла» деп күректің басын тарының төбесінен батырып қарап, алты тұтамнан бір елісін артық шығарды.
Қаражан:
— Алпыс пұтқа дау жоқ, — деді.
— Орып жатқанда-ақ өзімнің ойлағаным сол еді, — деп Қойшығұл айтты.
— Мына екі үлкен зоратың қай жердің тарысы?
— «Тауын жарған» келшіктің бергі басындағы екі десятинаның тарысы.
— Бергі мына кішкене зоратың ше?
— Құрмашжанға енші қылып шашқан ана жердегі сексен таяқтың зораты. Советтің солдаты несібелі бола ма деймін, бауы көп шықты.
— Солдаты несі?
— Солдат болмай қайтер дейсің, мойнына қызым шүберек байлап, мүғаліммен бірге ойнайды да жүреді ғой.
— Ау, отағасы-ау, ана шұнағың сойылып болды. Шикілей бөліп алатын ба едік, қайтетін едік? Күн кеш болды, ертең бұтап аларсың тарыңды, — деді Қаражан сөзін басқаға бұрып.
— Өзім де сүйтемін, тек айналасын жинап кетейін деп жатырмын. Серкелерің тойғызатын семіз бе екен?
— Отыз пұтқа алынып, сойылып жатып семіз болмаса, не болады? Құдай біледі, тойғызатын шығар, неше мешкей болсақ та, жеті кісіміз ғой.
— Қайдан білейін, өңкей топырақ жұтып жүрген қара борбай тойса? — деді Қойшығұл күрегіне сүйеніп. Бөліп алғасын берекеті бола ма? Тоймай қаласыңдар ғой, өздерің біл. — Өздеріміздің де ойлағанымыз сол еді, ақсақал мақұл көрсе, бір жерде асып, бір жерден желік десіп едік. Сіздің үйдің қасында сойылып жатыр, сіздікіне асылады дағы, — деді Қаражан.
— Асылса асылсын, — деп Қойшығұл Жәмиләға: — Қарағым, сыпырғыңды таста, әжең сиырын сауып болса, үйге от жағып, қазанды аса берсін де, сиырларды мықтап байласын, қырманға түсіп кетпесін.
Ай жамбастыққа жетіп, көтеріліп келеді. Май қазанның бетіне шығып, Қойшығұлдың үйінде ақ шұнақтың еті қайнап жатыр. Маңдайлары отқа қызып, қайнап жатқан еттің иісі
мұрындарына келген соң жұрт көңілденейін деді білем:
Қаражанның төменгі жағында отырған бала жігіт Сырым серпіліп, манадан бергі домбыраны тек шертіп отырғанын қойып:
— Баласы егіншінің қара борбай
Жеп кетті егісімізді қара торғай, — деп әндетіп жіберді.
— Уә, пәлі! — десіп бәрі де көңілденіп кетті.
Сол кезде ауылдың сыртынан көп баланың қосылып ән салған дауыстары естілді.
— Бізден басқа да «серне» қылып, ән салып жатқандар бар ма? — деді Қаражан.
Есік жақтағы ішек-қарын аршып болып отырған Күніш:
— Мұғалім балалары ғой, екі-үш күннен бері күндіз де, кешке де ән салдырып ойнатады да жүреді.
Көп ауылдың қырманының сыртындағы кең тақырда, Қопа мектебінің мұғалімі Ержанұлы мектеп балаларымен, ауыл жастарымен Қазақстанның бес жылдық тойына әзірленіп жатыр еді. Әлгі Қойшығұлдың аулына естіліп жатқан ән — осылардікі еді.
Бұлардың ішіне Қойшығұл қызы Жәмилә да қосылған. Ән салушылардың біреуі осы Жәмилә.
Ай күндізгідей жарық. Түн — желсіз, тынық, жылы. Мектеп балалары — пионерлері, комсомол жастары, ауыл жастары қызу әзірленуде. Жастар көңілді.
Жәмилә күндіз әкесімен бірге қырман айдасып, тары елесіп шаршағанын ұмытып, көңілді жүр. Тіпті үйіндегі «серненің» етін де ұмытып еді.
Жәмиләны шақырып Күніш келді.
— Ерке қыз, ағаң кейіп жатыр, «түн ішінде қайда кеткені?» деп, жүр үйге!
— Жамилә ойын бітпей бармайды, — деп балалар шулады.
— Жәмилә кетсе, біз де кетеміз, — деп Алтын, Күміс, Ұштап, Камила, Бәтима, тағы бөтен қыздар шулады.
— Той өткенше кейімес, — деп мұғалім айтып еді, Жәмилә қасына барып:
— Әжем кейімесе кейімес, әкем кейиді, бұрын білмей жүр еді, өздерің барып сұрап алмасаңыз, мен қорқамын, қайтамын, — деді.
— Ауылдарың жатып қалды ма?
— Жоқ, «серне» қылып жатыр.
— Онда кімдер бар?
— Онда жылқышы қайнағаның баласы, үлкен бала жалғыз бала, домбырашы жігіт, әйтеуір барлығы жеті-сегіз 11 кісі бар, — деді Күніш.
— Онда жақсы болды, мен Жәмиләны да алып келейін, оларды да мұнда шақырайын. Мен барып келгенше, балалар тарап кетпейсіңдер ме? — деді мұғалім.
— Жоқ, жоқ, тарамаймыз, тарамаймыз!
Мұғалім Ержанұлы қасына екі баланы ертіп, Жәмилә, Күніштермен бірге Қойшығұлдікіне кетті. Сырым «Нар идіргенді» ылпытып отыр еді.
Құлжан ағаштан істік істеп алып, Қойшығұл қатынына қалқыған майға кесу ағашты батырып, жандырып жарық қылдырып, ақшұнақ қойдың етін аударып жатқан.
— Кеш жарық! — деп Ержанұлы есіктен кіріп келді, басқалары да кірді.
— Ешкің арық, жоғары шық, жоғары шық, — деп Қойшығұл төрден орын әзірлеп, жалпылдай қалды.
— Осы ара болады, — деп мұғалім оттың қасына жігіттер арасына отырды.
Амандық сұрасты.
— Қарағым, Құрмашжанның молдасы екен ғой, аман ба, қарағым? Төрге шығып неге отырмадың, мына «серненің» еті пісіп жатыр, — деді Қойшығұлдың қатыны.
— Мен отырмайым, бір қызметпен келіп едім.
— Айта бер, шырағым!
— Біз мектеп балалары, ауыл жастары болып, тойға әзірленіп жатыр едік.
Ержан сөзін бөліп:
— Тойың не жолдас, келіншек алайын деп жатқан жоқсың ба? — деді.
— Жоқ, Қазақстанның бес жылдық тойы, ертең жоқ бүрсігүні республика болып, автономия алған күні. Соған, міне, бес жыл толады. Сол күн қазақ кедейінің бақытты күні, теңдік алған күні, оның ішінде биыл Қазақстан үкіметі қазақ елінің ордасы Қызылордаға көшіп барып, ордасын тігіп, туын көтеріп, әлі бес жыл толғанына сол Қызылордада үлкен той болайын деп жатыр. Сол күні біз де, қазақ кедейі, шаруасы болып, той жасауымыз керек. Бұл той, әсіресе, сендердің тойларың. Қойшығұл сөзін бөліп:
— Қарағым, сол Қызылорданы айтшы. Бұрын шет жақта тұрғаныңа көңілім бітпей жүр еді, анау күні қазақтың қақ ортасына көшіп барды дегенге үйде отырған жаман шал болсам да көңілім бітіп қалып еді, — деді.
Мұғалім Ержанұлы Қызылорданың жайын, бес жылдық той жайын, өздерінің әзірлену реттерін, байлардың бұған қалай қарайтынын, кедейлердің, шаруалардың қалай қуануға тиіс екенін, бәрін де түсіндірді.
Жантайып жатқан Қаражан басын көтеріп:
— Бұл дұрыс қой. «Айт аттыныкі, той тондынікі» деген. Бөтен айт-тоймен біздің жұмысымыз жоқ, атымыз, тонымыз жоқ. Анда-санда өңкей кедейлер болып, «серне» қылғаннан басқа жерде ернімізге қызыл тиіп көрген емес. Ой, айт пен тойды байлар-ақ алсын, біздің тойымыз нағыз мынау той, — деп сөзін аяқтай:
— Жолдас, той күні біз барсақ болады ғой, қайда болады? — деді.
— Е, неге болмасын, менің мұнда келгендегі жұмысым — әуелі Жәмиләні той өткенде қарттан сұрап алу, екіншісі сіздерді де әзірлікке шақыру еді, — деді мұғалім.
— Болады, бәріміз де барамыз, қашан барайық? — деді Қаражан.
— Ертең сәскеде біз бәріміз мектепке жиналамыз, сонда келе қалыңыз, той күні не істеп, не қоятынымызды жобалап қоямыз. Кәне, ақсақал мына Жәмиләны жіберіңіз, далада балалар күтіп отыр?
— Е, олай болса бара ғой, қарағым, мұндай қуанышты тойдан қалдырып қайтейін, —деді Қойшығұл.
— Ертең, бүрсігүні қырманды қойып, бәріміз барамыз, — деп жігіттер қалды. Жәмиләні ертіп мұғалім кетті.
***
Күн түс кезі. Желсіз шуақ. Мектеп айналасында балалар шулап толып жүр. Қойшығұл жалаңаштанып ұра қазып жатыр. Сырым домбырасын алып, Қаражан күпісін жамылып, бес-алты жігіт болып мектепке кетіп бара жатыр. Жәмилә орнынан тұрып, шешесінің қасына жылап келді.
— Қарағым, неге жыладың, ерте тұрып мектепке баратының қайда?
— Ертең тойда басыма тартатын орамал жоқ, Күміс пен Бәтималардың әдемі қызыл орамалдары бар екен, — деді Жәмилә.
— Ендігі базарға ағаң тары апарып сатады, сонда алып берер. Бұл той кедейлердікі ғой, айыптамас, — деп шешесі жұбатты. Жамилә мектепке кетті. Жұрттың бәрі: — Мектептің үлкен бөлмесіне екі кісі жіберуіміз керек, кәне соған кімді жібереміз? — деді.
Бір бала тұрып:
— Үш кісіден жіберуіміз керек, біреуін — оқушыдан, біреуін — комсомолдан, біреуін — шаруа жастарынан, — деді.
— Бұ да мақұл, кім-кімді жібереміз? — деді мұғалім.
Қалаға оқушыдан — Құрмашты, комсомолдан — Ысқақты, шаруадан Қаражанды жібермекші болды. Жалағаш мектебінде де сондай үш кісі белгіленді. Бұлар айтатын сөздерін кең тақырға шыққан соң үйренбекші болды. Сырым әншілерге қосылатын болды. Қызыл Туға жазу жапсыруды Жәмилә мен Бәтимаға тапсырды.
Ертең той күні ойнайтын ойын, жүретін жүріс, сөйлейтін сөз, салатын әнді қарау үшін барлығы кең тақырға шықпақшы болды. Ертең әрбір кісі өз ауылының адамын қалдырмай жинап келуді міндетіне алды.
1925 ж.
СӘЛЕМДЕСУ
Үрім-бұтақ, нәсілім, қаным, асылым — қазақ балалары! Аман-есен елдеріңе барып қайттыңдар ма? Міне, сендерге де екі жасар жас «Садақ» қол қусырып, сәлем беріп тұр. Былтыр сендерден айырылғаннан бері менің денім сау, өзімнің атамекенім қазақ жұртын аралап бойымды көтеріп, бір жасап қайттым. Көрген-білгендерімнің бәрін бірдей алдарыңа салуға қаламым қысқа, тілім шолақтау. Жасаған денге саулық, ажалға сабыр берсе, қыстай бәрін де алдарыңа салармын. Жүрген жерімнің күн батысы — Астрахан — бөкейлік, қазақтың қазақтық туын тіккен жері, Қазақ атасы болған Жошы ханның туын тігіп, қоныс қылған жері — Алтын орданың жұрты. Күн шығысы — түу-түу Алтай, Тарбағатай таулары әуелгі Шыңғысханның көп мекеніне барып қайттым. Арқадан түу Ертіс дәмін татып қайттым. Құбыла жағы — Еділ-Жайық, Жем, Темір суларын татып, тіпті Түркістан бойларын кезіп қайттым. Олардың бәрін сендерге қазір айтпағанмен, оқушы сендер ерінбесеңдер мен айтармын-ау! Бірақ сендерден де осындай естіп-білгендеріңді, былтырғы уәделерің бойынша жұрттың алдына салуларыңды тілеймін. Тек бұнда бір көрген түсімді ғана айтып өтем:
— Бір күні түсте қымызға қанып, таһарат алып, Орал тауы мен Алтай тауының арасындағы кең, жұмсақ төсекте ұйықтап жатыр екем. Тарбағатай тауының арасынан бір бөлек кісі көрінді. Әуелі басында шалмасы бар, қолында асасы бар, астында көк есегі бар ақсақалды бір шал келіп, сәлем берді.
— Әликсәлем! Ана соңыңдағыларың кім?
— Оларды соңынан айтармын! Әуелі мынау не? Бұны шеше аласың ба? — деп, қолындағы бір түйінді көрсетті.
— Көппен ойласпасам, біле алмадым.
Артына қарап, қолын бұлғады. Бір әдемі қыз бен бір жігіт қол ұстасып келді. Үстеріне неше түрлі асыл киімдер киген. Қарауға адамның көзі тоятын емес. Екеуі де бірінен-бірі өтеді. Біріне-бірі жарасып, әзілдесіп келді. Екеуінің қолында екі түрлі жеміс бар, бір-бірлеп үзіп жеседі. Оның да не екенін адам білетін емес.
Әлгі қарт маған қарап, күлімсіреп, аналарды көрсетіп:
— Бұлар кімдер? Танисың ба? Үстіндегілері неден істелген киімдер? Қолындағы жемістері қандай жеміс?
— Біле алмадым. Бұндайды көрген емеспін!
Тағы артына қарап, қол бұлғады. Бір кемпір мен бір шал келді. Ол екеуі де қол ұстасқан. Иықтарына салған қоржындары бар. Келіп маған сәлем берді. Әлгі қарт аналарға қарап, «Түгел ме?» деді. Сосын аналар қоржындарын ақтара бастады. Неше түрлі жеміс, азық-түлік толып тұр. «Азырақ кебіңкіреген екен» дейді. Қайтадан жинап, салып қойды. — Бұл екеуі кімдер? Қоржындағылар не, білесің бе?
— Бұндай кісілерді де, бұндай азықтарды көрген емеспін. Бөтендермен ақылдаспасам. Артына қарап, тағы қолын бұлғады. Бір кебеже қарын, кең құрсақ үлкен семіз кісі келді. Қолында бір безбені бар. Арқасында тағы бір нәрсесі бар.
Бұл кісіге қарап-қарап, әлгі қарт «Дұрыс па екен?» деді. Ол арқасындағысын алып, бір-бірлеп безбенге салып, өлшей бастады. Болғасын қайта жинап: «Азырақ бір-біріне ауысайын деген екен, жөндедім!» деді. Маған қарап:
— Бұ кісі кім? Безбені не? Арқасындағысы несі?
— Бұны да біле алмадым, өзің баяндамасаң! Егер уақытың болса, маған білдірсең екен!..
Маған қарап, күліп қойды да:
— Осыны білмегенің бе? Ендеше, саған айтайын:
— Бұлар былтырғы сенің іздеген материалдарың еді. Мынау — қолымдағы түйме — өзіңнің иелеріңнің әуелгі қолданған неше түрлі жұмбақтары еді. Мынау қыз бен жігіт — роман, яғни махаббат еді. Үстіндегі киімдер неше түрлі тасурлар еді, халық әдебиеті, бұрынғы қыз бен жігіттердің қолданған сыпаттары еді.
Мына кемпір мен шал — неше түрлі ертегілер еді. Қоржындағылары халқына беретін азықтары еді. Бірақ кәзір кебіңкіреген.
Мынау безбен тұтқан би неше түрлі мақал, тақпақтар еді. Осымен халықты өлшеп ұстап тұрады. Бірақ қазір халық бұзылыңқыраған.
Міне, осыларды саған беруге әкеліп едім. Һәм бұзылғандарды түзетерсіз! Бұрынғы қалпына келтір! — деді де: «Мен үш мың жылдан бергі Қыдыр атаң…» деп көзден ғайып болды.
Ұшып тұрсам, дәнеңе жоқ. Жалма-жан сендерге айтайын деп, оғымды кезеп алып, бері қарап ұштым…
1916 ж.



