Ауылдан шыққан қайраткер

ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ЕЛІМІЗДІҢ ІЛГЕРІ ДАМУЫНДА БІЛІМ-БІЛІГІ МЕН ҚАЖЫР-ҚАЙРАТЫН АЯНБАЙ ЖҰМСАҒАН, КӨШ БАСТАҒАН ДАРА ТҰЛҒАЛАР БОЛҒАН. СОЛАРДЫҢ БІРІ — НҰРДӘУЛЕТ КҮЗЕМБАЕВ.
ОЛ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДА ЕЛ БАСҚАРУ ІСІНЕ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУЫМЕН, ЖАЛПЫ ЖҰРТҚА ЖАНАШЫРЛЫҒЫМЕН, МЕМЛЕКЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ОҢТАЙЛЫ ШЕШУГЕ МҮДДЕЛІЛІГІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ.
Өрнекті өмірбаян
Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Нұрдәулет Күзембаевтың есімі өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақтың алыстағы ауылынан шығып, білімге ұмтылған, жастайынан ел басқару қызметіне араласқан зиялы азаматтар қатарында аталады. Ол 1912 жылы Байғанин ауданының Доңызтау өңірінде дүниеге келіп, жастайынан көне араб тілінде және қазақша сауатын ашады.
Кейінірек жазған естелігінде сол күндерді ол былайша еске алады: «Мен әжемнің баласы едім. Сондықтан көпшілік балалардай туған әке-шешенің еркелетіп, мәпелеуін, әлпештеп-қолпаштауын көре алмадым». Бұл арада айта кетерлік бір жай, бала Нұрдәулет өз әке-шешесіне көзі тірі болса да жақындай алмаған. Бұл — қашаннан қалыптасқан қазақы дәстүрге бағыну еді.
Солай дегенмен ол талпынып, бұғанасы қата бастаған тұста Темір қаласындағы орысша-қазақша жеті жылдық мектепке оқуға келеді. Осында бірден екінші класқа алынып, Әбілжан деген мұғалімнің қамқорлығына алынады. Ол Мақан Уманов, Дмитрий Никифоров деген мұғалімдерден орысша үйренеді. Гимназист Мақан Уманов орысшаға өте жетік ұстаз болады.
Арада бірер жыл өткенде шаруа жастар мектебіне ауысқан шәкірт өзін үздік оқушы ретінде көрсетеді. Сол тұста өлкелік оқу бөлімі бастығының орынбасары болған Құдайберген Жұбанов мектепке инспекторлық қызметпен келеді. Сақтаған Бәйішев те осы тұста жоғары кластарда білім алған екен. Мәскеуден троцкистердің мәселесіне қатысты жер аударылған Озерный, Ястребов сияқты математик, физик мұғалімдердің дәрістері Нұрдәулеттің болашағына жол ашқандай болады.
Ол 1932-1937 жылдары революция бесігі атанған Ленинград қаржы-экономика институтында оқиды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ол Қазақ Жинақ банкінің инспекторы болып осы саладағы еңбек жолын бастайды. Кейін Қазақ КСР Халық Комиссариаты Кеңесіне консультант болып келеді. Ал 1939-1940 жылдары Шығыс Қазақстан облысында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары дәрежесіндегі лауазым тізгінін тағы да екі жылдай ұстап, содан соң Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Іс басқарушысы болып тағайындалады.
Нұрдәулет Күзембаев он жылдай уақыт Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, сол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кадрларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосады.
Оның мұнан кейінгі қызметтік сатылары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, облыстық статистика басқармасының бастығы, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы болып жалғаса береді. Соның бәрінде де ол ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен көрінеді.
1944 жылы шілде айында Нұрдәулет Күзембаевты Орталық Комитеттің Қаулысымен Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жібереді. Отыз екі жастағы жалындап тұрған жігіттің алдында тұрған міндет жүгі аз емес-ті. Сондықтан ол әуелі барлық ауданды аралап, шаруа жайымен танысып шығады. Осы арада бір қызық мәселені еске алуға тура келеді. Кеген ауданында апиын қызғалдағын өсіреді екен. Сол уақыттағы «шөлді өңірді жедел түрде гүл жайнатып жіберіңіздер!» деген орынсыз талаппен қолға алынған бұл іс басқа көп тірлікке зиянын да тигізеді екен. Жас төраға бұған тыйым салады.
Ұйғыр ауданының сол кездегі орталығы — Подгорный селосы суға тапшы, тастақты жерде орналасқан, бау-бақша егуге де қолайсыз мекенде екен. Жергілікті басшылар аудан орталығын Шонжыға көшіруге ұлықсат етуді сұрайды. Бұл мәселені де зерттеп көрген Нұрекең «Егер Үкіметтен ештеңе сұрамайтын болсаңыздар, көшіп алыңыздар!» деп рұқсатын береді. Бұл, шын мәнінде батыл қимыл еді. Негізінде ол республика деңгейінде шешілетін жай ғой.
Тұлға тағылымы
Нұрдәулет Күзембаевтың басшылық қызметтерде болған тұстарынан тағылым алар жәйттер аз емес. Мәселен, өзі жасайтын баяндамасын басқа біреуге дайындатуды дағдыға айналдырмаған. «Ешбір жиындарда біреудің дайындаған сөзін пайдаланып көргенім жоқ. Біреудің лебізін айтуға тілім келмейтіндей көрінетін. Өз ойымнан, өз жүрегімнен шықпаған пікірді пікір деп есептемедім. Барлық сөзді стенографисткаға өзім айтып жаздыратынмын. Бұл да көпшілікке тіс жарып айта қоймаған бір сыр еді» деп толғаныпты ол бір тұста.
Нұрдәулет Күзембаев сол уақыттағы Қазақстанға тіпті Одаққа белгілі ірі тұлғалармен қызметтес болған. Олармен қатар жүрген, бір-біріне сөзін өткізіп, сыйласа да білген, қажетті жерінде іс мүддесі үшін сынға да барған.
Мәселен, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Ілияс Омаровпен арадағы қарым-қатынасы өзгелерге үлгі боларлықтай. Күзембаев Халық комиссариаты кеңесінде іс басқарушы болғанда, Омаров Бақылау халық комиссариатынан Сауда халық комиссариатына әуелі орынбасар, сосын басшы болып ауысады. Одан кейін Халық комиссариаты кеңесі Төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Орталық Комитеттің хатшысы қызметтерінде болады. Осы уақыттардың бәрінде олар үнемі хабарласып, бір-бірінің жағдайын білісіп, өзара құрдастық әзіл-қалжыңдарын айтып, тілектестік-ниеттестік ойларын білдіріп жүреді. Сөзге жүйрік Ілияс жолдасының қасқа басына көп соқтығады екен. Тіпті өлеңмен жазған эпиграммалары да сақталып қалған.
Қазақтың даңғыл ақыны Жамбыл Жабаевпен жолығуының өзі бір хикая. «Әйгілі Жамбыл қарт мен облыстық атқару комитетінде төрағалық қызметімді атқарып жүргенімде маған арнайы келіп танысты. Бүкіл қазақ халқын айдай әлемге жария етіп, өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан жыр патшалығының алыбы — ұлы Жамбыл жыраумен ұзақ сұхбаттастық», — деп жазылған естелікте. Сол кезде ғасыр биігіне жақындап қалған қарияның бүкіл жағдайын жасап тұруды облаткомның жауапты хатшысы Есқазинге тапсырады.
1945 жылдың мамыр айында Жамбыл ауылында Жеңіс тойы өткізіледі. Ат шаптырып, көкпар тартылады, балуандар күреседі. Ең бастысы, Жамбыл жыры тыңдалады. Біздің кейіпкеріміз сол әсерлі сәттің куәсі болады. Бұл мемлекеттік қайраткердің руханият әлеміне жақындығының бір белгісі еді.
Ғылым жолы
Нұрдәулет Күзембаев мемлекеттік қызметпен шұғылдана жүріп, ғылыми зерттеулерін де тоқтатпайды. Соның нәтижесінде 1964 жылы ғылым кандидаттығын қорғайды.
Содан көп ұзамай комитетке қарасты экономика ғылыми институтының директоры қызметіне тағайындалады. Бұл ғылыми мекеме мемлекеттің экономикасын көтеру бағытында арнайы жоспар қабылдайды. Аталған жоспар бірнеше бағытты қамтып, республикада өндірістік күштерді орналастыру, еңбек ресурстары мен тиімділігін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру жөнінде Үкімет басшыларына тиімді ұсыныстар енгізіліп отырған.
1987 жылы белгілі академик Сақтаған Бәйішевтің басшылығымен экономика ғылымдарының докторлығына диссертациясын қорғап шыққан Нұрдәулет Күзембаев келер жылы экономика ғылыми институтында бөлім басшысы қызметіне ауысады. Одан кейін Алматы ауылшаруашылық институтында оқытушылық қызметін атқарады.
Оның ғалым ретінде республиканың экономикасына байланысты төрт монографиясы, бес кітабы жарық көрген. Сондай-ақ төрт аспирантқа ғылыми жетекші болып, олар экономика ғылымының кандидаттары дәрежесіне ие болған.
Міне, мұның бәрі оның ғылым жолындағы табанды еңбегін, ізденістері мен ұмтылыстарын көрсетеді.
Туған жерге тартылыс
Өзі үлкен лауазымды қызметте жүрген кездерінде туып-өскен жерін ұмытпай, қолдан келгенінше қамқорлығын жасап отырған. Мәселен, 1949 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының геолог, зоолог ғалымдарының басын қосып, Доңызтауда жер-су зерттеу жұмыстарын ұйымдастырған. Сол жылы 22 мамырда Қазақ ССРМинистрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновпен бірге аудан орталығы Жарқамыста облыс басшыларының қатысуымен халықпен кездесіп, жиналыс өткізеді. Содан кейін олар шалғайдағы Доңызтауға барып, елдің қиын жағдайдағы өмірін көрген. Соның нәтижесінде 1949 жылы 23 шілдеде Республикалық Министрлер Кеңесінің №641«Байғанин ауданының Доңызтау тобындағы колхоздарының шаруашылығын нығайту туралы» Қаулысы қабылданып, ол өлкеде суландыруға бағытталған артезиандар қазып, су тораптарын салуға техникалар бөлу, орта мектеп, дәрігерлік пункт пен дүкен құрылысын жүргізу тәрізді тиімді шаралар қарастырылған. Жақсының шарапаты деген осы болар, сірә.
— Биыл Нұрдәулет Күзембаевтың туғанына 110 жылдығына орай игі шаралар ұйымдастырылып, Байғанин ауданымен облыс орталығында оған көше атын беріп, Оймауыт ауылында мемориалды тақта орнатылса деген ұсынысымыз бар. Бұл мемлекеттік қайраткер, Қазақ елінің патриот перзентінің рухына арналған құрмет болар еді,— дейді Қазақстан Республикасы прокуратурасыныңқұрметті қызметкеріЕлубай Жұмабаев.
* * *
Нұрдәулет ата өзінің өмірлік қосағы Ақмарал Зұлқарнайқызымен жарасты ғұмыр, тату-тәтті тірлік кешеді. Олардың үлкені Ғазиз — Ленинград тау-кен институтының түлегі, кейін еңбек ете жүріп, ғылым кандидаты атағын қорғайды. Оның әйелі Галина Леонидовна — белгілі қазақстандық журналист, «Невада-Семей» қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі. «Gala-TV» продюсерлік орталығының негізін қалаушы және басшысы болды.
Ғазизден кейін отбасында Дана, Зада, Жанар, Әлия есімді төрт қыз дүниеге келеді. Олардың барлығы да еңбек етіп, әкелерінің жақсы атағын жалғастырады.
Нұрдәулет Күзембаев қоғамға сіңірген еңбегі, ғылымдағы жетістіктері үшін «Ленин», екі мәрте «Еңбек Қызыл» ту, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады.
…Мемлекеттік қайраткер, көрнекті ғалым 84 жасында өмірден өтті. Оның бүкіл ғибратты ғұмыры елге қызмет етуге арналды. Сондықтан абзал жанның аяулы есімі ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берері анық.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



