Басты жаңалықтар

«Бақытты отбасы» орталығы көмек көрсетуге дайын!

Ақтөбеде әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қиын жағдайдан шығару, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында бірегей отбасын қолдау орталығы ашылды

«Бақытты отбасы» орталығы сәулеті мен ішкі дизайны келіскен «Анаға тағзым» ғимаратында  орналасқан. Енді бұл ғимаратқа кез келген ата-ана келіп, құқықтық-психологиялық бағытта көмек ала алады. Медиатор, психолог, заңгер мамандарын іздеген жандардың да осы жерде тегін маман кеңесіне жүгінуге толық мүмкіндігі бар. Ал өз кәсібін бастағысы келетін аналар үшін шеберлік сағаттары өткізіліп тұрады.

Бүгін орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жұмысымен танысты.

Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие — барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мақсатында бүгін өңірде «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы ашылып жатыр. Бұл орталық тұрғындардың сұранысына сай қызмет етіп, облысымызда бақытты отбасылардың санын арттыруға үлес қосуға тиіс! Жоба бүгін ғана өз бастауын алды, нәтижесін көру үшін уақыт қажет. Бүгін арнайы сіздер үшін адал еңбек пен маңдай тердің арқасында белгілі бір жетістікке жеткен республикамызға танымал қыз-келіншектерді шақырдық. Олар сіздерге өздерінің табысты еңбек жолын айтып, шеберлік сағаттарын өткізеді. Абай атамыз: «қазақтар құдайдан мал сұрайды, бірақ құдайдың беріп тұрғанын білмейді. Адамға малды алдын ала беріп қойған. Не берді? — құдай адамға мал табатын қуат берді. Он екі мүшенің қуаты —  құдайдың бергені» деген екен.

Бүгінгі іс-шара, табысқа бастар жолдағы алғашқы қадам. Біз сол бір қадам жасаған жандарға көмектесуге, оларды қолдауға дайынбыз. Ол — менің міндетім, Мемлекет басшысының тапсырмасы, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде жуырда өңірде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын, оның аясында тұрғындар үйлерін кепілдікке қоя отырып, 2,5 пайызбен несие ала алатындарын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және  отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі  Ұлттық комиссияның белсенді мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай Ақтөбеде ашылып жатқан орталықтың ерекшелігіне тоқталды.

— Бүгін Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен республика бойынша  39-отбасыорталығы ашылып жатыр. Бұл орталықтың өзгелерден өзгешілігі — тек аналар қауымына ғана емес, әкеден бастап балаға дейін түрлі бағытта көмек көрсетеді. Ана бақытты болу үшін — бала бақытты болуы керек, ал бала бақытты болса, тұтас отбасы бақытты болады. Тепсініп, талап етіп тапқан табыстан бақытты болып кеткен жан көргенім жоқ. Тек адал еңбек еткен адам ғана мол несібеге ие бола алады.

Бұл жерді мүмкіндіктер мекені деп қабылдаған жөн. Мұнда отбасылар психологиялық, құқықтық көмек алып, мемлекет бағдарламалар туралы ақпарат ала алады. Яғни сіздердің аяққа тұрып кетуілеріңізге мүмкіндік жасалады.Орталық алдағы уақытта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істейтін болады, — деді Назипа Шанай.

«Бақытты отбасы» орталығының ашылуына арнайы Тараз қаласынан қос қолы жоқ болса да, аяғымен іс тігіп жеке кәсібін жүргізіп отырған  «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова арнайы келіп, шеберлік сағатын өткізді.

Мен осы іс-шараға өзімнің көп жылғы тәжірибеммен бөлісіп, көпбалалы аналарға істің көзін үйретсем деген оймен Тараз қаласынан арнайы келіп отырмын. Ерекшелігім — дүниеге екі қолсыз келгендігім. Істі аяқпен жасаймын. Қасымда екі әпкем бар. Мен іс бастаған уақытта мұндай орталықтар болған жоқ. Қазір кәсіп бастаймын деген аналарға мүмкіндік өте көп. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз несие ала алады. Мен де  бизнес- жоспарымды дайындап мемлекет тарапынан бірнеше грант ұтып алдым. Кәсібімді енді бастаған алғашқы жылдары 5 қыз жасауын ғана дайындаған едік, өткен жылы санасам, бір жылда 100 қыздың артынан апаратын көрпе-төсегін тігіппіз. Әрине, мен мұндай көрсеткішке оңай жеткенім жоқ. Бұл — менің 8 жыл өткеннен кейінгі жетістігім.

Бүгінгі таңда екі қыз тәрбиелеп отырмын. Мен балаларым үшін мақтаныш болғым келеді. Адам дүниеге перзентті  өзі үшін әкеледі. Алла адамның ниетіне қарай береді. Аналарға айтарым, он екі мүшең сау болса — сол байлық. Масылдық – ең жаман қасиет, — деді өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен шебер келіншек.

«Егістен сөреге дейін» және «Балкондағы сиыр» жобаларының авторы, «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлмайрам Баймақованың сөздері де жиналған жұртшылыққа ерекше шабыт сыйлады. Оның қолға алған жобалары тұрғындардың еш делдалсыз, тікелей табиғи өнім алып отыруына мүмкіндік береді. Өңір басшысы бүгінгі таңда 14 гектар аумаққа егістік егіп тастаған еңбек адамының бұл ісінің көпке үлгі боларлық екенін айтты.

— Бірден үлкен кәсіп бастаймын мен шығындалудың қажеті жоқ. Алдымен шығыны аз шағын іспен айналысу қажет. Кез келген кәсіпті бастаған сәтте сәтсіздіктер, қателіктер болады. Тек сол сәтте мойымай, кейінге шегінбей, оның барлығын «үлкен кәсіп жолындағы қателіктер» ретінде қабылдаған жөн. Менің қолға алған жобаларым осы айтып отырған сөздерімнің рас екендігін дәлелдеді, — деді Гүлмайрам Баймақова.

Шара барысында әлеуметтік желілерде бизнес жүргізуді үйретуші инфобизнесмен, көпбалалы ана Алтын Каникар, «Шаңырақ» қоғамдық қорының басшысы Еділ Аймағамбетов,  жас та болса, ерекше талантымен қазақтың ұлттық өнерін кеңінен насихаттап жүрген «Күнкей» сән үйінің иесі, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Сәбина Наурызалина сөз сөйлеп, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Аға буын атынан жиналғандарды Сағынай Құсайынов құттықтады.

Жаңадан ашылып жатқан орталықтың аз қамтылған отбасылардағы материалдық жағдайын жақсартып, отбасы институтын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірген облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Алтын оймақ» бөлмесіндегі Анар Бексұлтанованың шеберлік сағатына қатысты.

Шараға аз қамтылған отбасылар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар, өз кәсібін бастағысы келетін әйелдер қауымы, әлеуметтік саланы басқаратын  облыстық басқарма басшылары, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері,  депутаттар, кәсіпкер-меценаттар,  үкіметтік емес ұйымдар және белсенді аналар  шақырылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

КИІЗ БАСЫП, КЕСТЕ ТІГЕДІ

Сәрсенбінің сәтінде Ақтөбеде қалалық отбасын қолдау орталығы ашылған еді. Осыған орай түрлі мамандық иелеріне, тілек білдірген қала тұрғындарына әрқилы шеберлік сабақтары өткізілді.

Солардың бірі — киіз басу сабағы.

Ақтөбедегі мектептердің технология және көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері киіз басу мен біз кесте тігуден шеберлік сабақтарына қатысты.

Мұғалімдерге киіз басу сабағын Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, көптеген байқаулардың жүлдегері Әсел Хайролла өткізді.

Киіз басудың екі түрі болады: сулы және құрғақ әдіспен басу. Бүгін сулы әдісті қолдандық. Мен қатысушыларға жапондық нунокиіз технологиясын, яғни киізге мата арқылы өрнек салуды үйреттім. Әрине, көлемі шағын ғана болды, мұндай дүниелерді үйді сәндеуге, асүйде ыдыс қоюға, сыйлыққа беруге пайдалануға болады, — деді бізге шебер.

Жаңа дүние үйренгендеріне ұстаздар да риза болысты. №51 мектеп-гиназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі Әсемгүл Қоштақова:

Негізінен, оқушыларыма киізбен жұмыс жасауды бұрыннан үйретіп жүрмін. Бірақ тек құрғақ әдісті қолданатынбыз. Бүгін жаңа әдіс үйренгеніме қуаныштымын. Бұл әдіспен өте әдемі бұйымдар жасауға болады. Сабақ үстінде мұндай жұмысты үйрету қиын, өйткені 40 минут уақыт жетпейді, алайда бүгінгі үйренгенімді үйірмелерде пайдалана аламын. Ұйымдастырушыларға және Әсел Хайроллаға бүгінгі сабағы үшін рақмет айтқымыз келеді. Мұндай дәрістер өте керек, — деді.

Біз кесте тігу сабағын белгілі шебер, этнограф, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Бұлбұл Кәпқызы өткізді.

Мұның бәрі — мыңдаған жылдары бойы халқымыздың қанына сіңген өнер. Өзім бұл өнерді алғаш әжемнің инесін сабақтап берген сәттен бастап серік етіп келемін. Қазақтың қолөнері үзілмеуі керек. Сондықтан оны жастарға үйрететін осындай мүмкіндіктің неғұрлым көп болғанына қуанамын, — деді Бұлбұл Кәпқызы.

Бұл сабақтарға 10 мұғалім қатысты.

Айна САРЫБАЙ.

ӘР АДАМНЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ!

«Өмірде табысқа жетудің сыры — еш қиындықтан қорықпау және ештеңені кейінге қалдырмай, ойлаған ісіңді бүгіннен, осы сәттен бастап кету», — дейді кәсіпкер Анар Бексұлтанова.

Тараздық кәсіпкер Анар көптен тігіншілікпен айналысады, қазір оның қыз жасауына көрпе-төсек әзірлейтін тігін цехы бар. Ол — қарапайым кәсіпкердің бірі емес, елінің, халқының мақтанышына айналған адам. Туғаннан екі қолы жоқ болғанына қарамастан, ол аяғымен тігуді, жазуды, сурет салуды үйренді, ана болды, өз ісін ашып, сәтті жүргізіп келеді.

Анармен Ақтөбедегі қалалық отбасын қолдау орталығының ашылу салтанатында кездестік. Ол өзінің Ақтөбе жеріне келуді көптен армандағанын айтты.

Мен Кіші жүздің қызымын. Әрине, қазақтың барлық жері — барша қазаққа ортақ, әсіресе туған жеріңе жер жетпейді. Бірақ ата-бабаның топырағын бір көруді, осы жерге бір келуді мен әрдайым армандаған едім. Бүгін — сол арманымның орындалған күні, — деді ол.

Анар екі қолсыз туса да, басқалармен бірге өмір көшіне ілесіп, табыстарға жетіп жүргені үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиеге риза екенін айтты.

Мен ағайын-туыспен етене араласатын, толыққанды, көпбалалы қазақы отбасында өстім. Бұл да халқымыздың даналығының бір көрінісі болса керек — үйде ешкім мені басқалардан бөлектемейтін, қатар-құрбыммен бірге мектепке бардым, университетке түсіп, жоғары білім алдым, — дейді Анар.

Ол биология пәнінің мұғалімі болуды мақсат еткен. Алайда дипломын алып, Тараз қаласының көп мектебін аралап шыққанымен, ешкім жұмысқа алғысы келмепті. «Тым болмаса, бір айға алып, қалай жұмыс істейтінімді бақылап көріңіз», — деп те өтініш жасапты. «Сіз І топ мүгедегісіз. Сізге жұмыс істеу ауыр, сондықтан мемлекет жәрдемақы төлейді ғой. Қалайша түсінбейсіз?» — деген жауаптан кейін бала күнгі арманынан бас тартуға тура келетінін түсінген. Алайда бәрібір жұмыс тауып, қоғамға араласамын деген ойы іске асты: облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жүргізуші болып орналасты. Осы жұмысты абыроймен атқарып келе жатқанына 20 жылдан асқан.

Сонымен бірге кішкентайынан өзі қызыққан тігіншілік кәсіпті де серік етті.

Ұлттық қолөнерге бала күнімнен ғашық едім. Өйткені айналамның бәрі — нағашы апам, әкемнің алты қарындасы және басқа да жақындарым қашан көрсең, іс тігіп, тоқып отыратын шебер адамдар. Мен де соған қызығып, аяғыммен тігін тігуді үйрендім. Алдымен тіккен бұйымдарымды жақындарыма сыйға тарттым, сосын арзан бағаға тапсырыс алатын болдым. Ал бір күні:«Мемлекет тарапынан шағын кәсіп ашуға қолдау беріліп жатыр, біз де неге іс бастап көрмейміз?» деген ойға келдім, — дейді Анар.

Бастапқыда қайтарымсыз грантқа бизнес-жоспарын ұсынып көріпті, бірақ өте алмаған. Сонда-дағы алған бетінен қайтпауды ойлап, қарыз алып, іс бастапты.

Жаңа кәсіпті Шынар, Дина есімді әпкелерімен бірге бастады.

Шынар да осы сапарда Анармен бірге Ақтөбеге келіпті. Өзінің иманжүзді келбетіне жұмсақ жымиысы әдемі жарасқан қалпы ол да әңгімегеқосылып:

Бастапқыда тәуекел етіп, жеке адамнан қарыз алған едік. Сосын қажет материалдардың есебін шығарып, көрші қырғыз елінен сатып әкелдік. Бірақ кейіннен грантқа да қол жеткіздік. Мемлекеттік гранттың арқасында жақсы іс машиналарын, көрпе қабитын станок сатып алдық. Жаңа техника ісімізді біраз жеңілдетті, — деді.

Анар ісін жолға қойғаннан кейін мемлекеттік бағдарламалар, түрлі конкурстар арқылы бірнеше рет грант алғанын айтты:

Адам бір рет бетім қайтты екен деп салы суға түсер болса, ешқашан ештеңеге қол жеткізе алмайды. Егер кездесулер кезінде кәсіпкер ретіндегі әңгімем арқылы, өз тағдырым арқылы мен, тым құрыса, бес адамға қозғау салып, іс бастауына ұйытқы болсам — Ақтөбеге келгендегі мақсатымның орындалғаны,— дейді.

… Кешегі Әлия, Мәншүк, Хиуаздардың жалғасындай қазақтың қайсар қызы:

Мен өмір бойы «мүмкіндігі шектеулі» деген аттан қаштым. Өмірде әр адамның мүмкіндігі мол,— деп, алдына әлі де көп мақсаттар қойып отыр.

Ол Тараз қаласында «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігін ашып, мүгедек жандарды кәсіпке, жаңа өнер, іс үйренуге баулып жүр.

Өзінің екі қызы өсіп келеді.Үлкен қызы Әдеміні өзіне көмекші етіп, қазақтың қолөнерін жалғастыруға баулыса, кіші қызына: «Саған кондитерлік фабрика ашамыз», — дейді екен.

Әрине, солай боларына үмітіміз мол. Өйткені сәтті іс қашанда оң талап, жақсы сөзден басталады емес пе?!

Индира ӨТЕМІС.

«ӘЙЕЛ КӘСІБІН» ҮЙРЕТЕДІ

Кеше ашылған «Бақытты отбасы»орталығында әр сала өкілдері шеберлік сағаттарын өткізді. Олардың арасында ісмер, кәсіпкер, мобилограф, аспаз, т.б. бар.

Айталық,әлеуметтік желілерде бизнесін жүргізу бойынша коуч-мотиватор Алтын Каникар көрген-білгенімен бөлісті.

— Өзім көпбалалы анамын. Әйелдің үй мен түздің шаруасына қатар үлгеруі үшін қандай қиындықтарға баратынын бір адамдай білемін. Кәсіпкерлікпен айналысамын.

«Әйел кәсібі» атты тренингімде көпбалалы аналардың үйде отырып-ақ қандай кәсіппен айналыса алатынын, оны әлеуметтік желілерде дамыту жолын үйретемін.  Бұны жүргізіп келе жатқаныма екі жылдан асты. Осы аралықта еліміздің он қаласын аралап, курсты ақысыз негізде өткіздім. Қазіргі таңда соның игілігін көріп жүргендер баршылық. Арасында ақтөбелік қыз-келіншектер де бар. Олар әртүрлі кәсіппен айналысады.

Курс туралы айтар болсам, 2019 жылы өзім сияқты көпбалалы аналар сүйікті ісін қайтсе кәсібіне айналдыра алады, оны ғаламтор арқылы жарнамалаудың озық үлгісі қандай деп көп ойландым. Сөйтіп, кәсіпкерлікке баулитын спикер ретінде жұмысымды бастап кеттім.

Сондай-ақ «Каникар клуб» атты әйелдерге арналған клубым бар. Онлайн форматта жұмыс істейтін клубтың да мақсаты — үйде баламен отырған әйелдің табыс табуына мүмкіндік беру. Менің өмірлік ұраным — «Әйел бақытты болса — бала бақытты». Ал бала елдің болашағы екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан мейлінше қыз-келіншектерге көмектесуді парыз санаймын.

Бүгінге дейін тренингтеріме 3 мыңға жуық адам қатысты. Соның 200-і ақылы сабағыма қатысып, білімін арттырды. Қазіргі таңда сол топтағы әйелдердің 30 пайызы жаңадан кәсібін ашты. Жеке брендін қалыптастырды,— дейді ол.

Психолог ретінде де жұртшылықпен жұмыс істейтін ол кез келген кәсіпті бастамас бұрын адам әуелі ой-санасын ретке келтіріп, іштегі үрей-қорқыныштан арылу керектігін атап өтті. Онсыз қай іс те алға баспайды…

Спикердің кәсіпкерліктің бірнеше түрімен айналысып, мерекелік шоу-бағдарлама өткізетін агенттікті де басқаратынын білдік.

Ал ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттықкомиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи қазіргі таңда республика бойынша мұндай орталықтардың саны 38 екенін айтты.

— Облыс әкімдігінің қолдауымен, міне, бүгін елде 39-шы орталық ашылып отыр. 2019 жылдан бері жер-жерде жұмысын бастаған орталықтардың ішінде Ақтөбедегінің орны бөлек. Өйткені бұл жалпы отбасын қолдауға бағытталған. Ал бұған дейінгілері тек әйелдерді, соның ішінде қиын жағдайға тап болған көпбалалы аналарды демеу үшін құрылған еді. Осы тұрғыдан алғанда аталған орталық үлкен жұмыс атқаратынына сенемін.

Бұл — дүниежүзіне тән мәселе. 2011 жылы әлем бойынша отбасы бақытының индексін анықтау жұмыстары жасалды. Ертең Астанада осы бағыттағы халықаралық конференция өтеді, — дейді Н.Шанаи.

Орталықта сала мамандары мемлекеттік бағдарламалардың игіліктері туралы айтып, психологиялық көмек көрсетеді. Бұл ең алдымен отбасы мүшелерінің өзара түсінісіп, бір-бірінің жанын ұғу үшін қолға алынған. Сонымен бірге бос уақытты тиімді өткізу мақсатында бірнеше өнер өкілдері, атап айтсақ, суретшілер, тігіншілер, аспаздар, т.б. шеберлік сағаттарын өткізеді деп жоспарланып отыр. Массаж жасауды үйрететін де бөлім бар.

— Осы жоба аясында біз сауықтыру кабинетін ашып отырмыз. Мұнда жас аналар массаждың бірнеше түрін, алғашқы медициналық көмек көрсетудің дағдыларын үйренеді. Арнаулы курсқа тек әлеуметтік осал топтағы әйелдер қатыса алады. Тегін. Оларға Ақтөбе медициналық колледжінің өкілдері сабақ беріп, соңында сертификат табысталады. Яғни қатысушылар массаж жасауды табыс көзіне айналдыра алады.

Жұмысын енді бастайтын кабинетте 4 маман кесте бойынша еңбек етпек. Курстың өзі 1аптаға созылады. Оған қатысу үшін жоғарыда аталған топқа жататын әйелдер «Анаға тағзым» орталығына жолықса болады, — дейді жобаның үйлестірушісі Гүлжанат Тауманова.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

«АДАМДАРДЫҢ ТАБЫСТЫ, БЕЛСЕНДІ БОЛҒАНЫН ҚАЛАП ТҰРАМЫН»

«Іс бастауға шын ниет еткен адамға ақшаның бар-жоғы сылтау болмайды. Керісінше, бірден үлкен іске кіріспей, кәсіпті аз-аздан бастаған дұрыс. Өйткені істі жаңа бастаған адам жиі қателеседі, ал сондайда ісің шағын болған соң, шығының да аз болады», — дейді ақмолалық кәсіпкер Гүлмайра Баймақова.

Өзінің ісі жөнінде ол Ақтөбедегі қалалық отбасын қолдау орталығының ашылу салтанатында баяндады.

Гүлмайра Ақмола облысының Қарабұлақ ауылында тұрады. Өзі айтқандай, ісін ол алдымен жарты гектар жерге бақша егуден бастаған.

Отбасымдағылар бақша егетін жерімізді көрісімен, «бұл жерге ештеңе шықпайды» десті. Бірақ мен де алған бетімнен қайтпадым. Ісімізді шағын ғана жерден бастадық. Есесіне, үлкен шығын, қаржы да керек болған жоқ. Ал табыс табуға, түрлі жобаларға қатысып, грант алуға септігі тиді. Біз өз алқабымызды бірте-бірте кеңейтіп, мемлекеттің көмегімен, су да қазып алдық, — дейді ол.

Биыл 45 тонна өнім алған, оның ішінде бірінші рет қарбыз да егіпті.

Қарбыз бізге сонау алыстан, мыңдаған шақырым қашықтан келеді. Оның сапасы қандай? Неге өзіміз екпейміз? Осыны ылғи ойлаушы едім. Биыл іске асырып, мол өнім алдым. Және оны өзім саттым. Өйткені дүкендерге жіберсем, олар үстіне ақша қосады, өнімнің бағасы қымбаттайды. Мысалы, дүкендерде 300 теңгеден тұрған кәдіні мен 120 теңгеден саттым. Тіпті көшеге шығып сатпаймын десеңіз, әлеуметтік желіден топ ашып алуға да болады. Оған мүмкіндік бар. Ал мен қарбызды көшеде саттым, адамдар қайта-қайта келіп, тіпті үлкен кезекке ойланбастан тұрып, сатып алды. Яғни оларға менің өнімім ұнады, ал мұны өз көзіммен көріп, сонша мақтау естігеннен кейін еңбегімнің текке кетпегенін түсіндім, — дейді.

2020 жылы Гүлмайра Баймақова жаңа жобаны қолға алған. Бұл «Ауылдың дәмі қалада — Балкондағы сиыр» деп аталады. Яғни қала тұрғыны сиыр сатып алып, ауыл тұрғынына береді. Ал ауыл әйелі сиырдың иесіне апта сайын келісілген мөлшерде өнімін жіберіп тұрады: сүзбе, қаймақ, ірімшік, сүт… Қала адамына — таза өнім, ал ауыл әйеліне — табыс көзі. Бұған Степногорск қаласының бірнеше тұрғыны қатысып жатыр екен.

Гүлмайра — өзі іс ашып қана қоймай, жұртқа да талап қылуды, талпынуды, кәсіп көзін іздеуді насихаттап жүрген жанның бірі.

Үш баласы бар, мемлекеттен жәрдем алып отырған бір келіншекпен сөйлескенмін. «Жәрдемақы аз, адамдардың қайырымдылықпен берген көмегіне күн көріп жатырмыз» деп шағымданды. «Жарайды, қайырымдылыққа күн көрерсің. Бірақ ол үш балаңа қандай тәрбие болады? Кеш болмай тұрғанда, сол жағын ойланып көр?» — дедім. Расында, ойланыпты. Кейін бір кездескенімізде фотосалон ашып, табыс табуға көшкенін айтты. Осылай адамдарды қамшылап, алға ұмтылдаруды ұнатамын. Жалпы, айналамдағы адамдардың қайратты, табысты, белсенді болғанын жақсы көремін, — деді кәсіпкер.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button