Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов қоқыс шығаратын кәсіпорындардың жұмысын сынға алды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірдегі санитарлық тазалық, сондай-ақ жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды.

Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, бейнеконференц байланыс арқылы аудан әкімдері, мердігер компаниялардың өкілдері қатысты.

Жыл басынан бері 10 айдың ішінде облыста 481 өрт оқиғасы тіркеліп, 6 адам қайтыс болып,  9 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Өрттің көп бөлігі, атап айтқанда 254 оқиға — электр жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзу, ал 83 оқиға отты абайсыз қолдану нәтижесінде болған.

Жылыту маусымы қарсаңында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 7022 тұрғын үйді аралап, өрт қауіпсіздігі, электр және газ баллон жабдықтарын, газ пештері мен қатты отынмен жұмыс істейтін пештерді пайдалану талаптарын түсіндірген. 1142 тұрғын үйде 1320 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Оның — 650-і жергілікті жерде жойылды.
Дегенмен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары тұратын үйлерге улы газдың шығуынан хабар беретін арнайы дабылдық қондырғы орнату мәселесі өзекті болып қала береді.

Кезең-кезеңімен және жүйелі түрде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар. Мәселен, 27 білім беру, 10 денсаулық сақтау, 2 спорттық нысандардың қазандықтары ғимараттың ішінде немесе жанында орналасқан, ал өртке қарсы нормалардың талаптарына сәйкес мұндай объектілердің қазандықтары бөлек тұруы тиіс.

Жиын соңында облыс әкімі мектептердің алдына жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары бойынша берілген тапсырманың қорытындысын тыңдады, сонымен қатар, қаланы санитарлық тазалауға қатысты мәселелерге тағы да отырыс қатысушыларының назарын аударды. Өңір басшысы қоқыс шығаратын кәсіпорындардың жұмысын, сондай-ақ, аумағын қоқыс алаңына айналдырған денсаулық сақтау, білім басқармаларына қарасты мекемелерді жеке-жеке айтып, басқарма басшыларын қатаң сынға алды.

Өткен аптада облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тазалығын сақтамағандарға 22 айыппұл салған.
Осыған байланысты өңір басшысы қаланы санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button