Мәдениет

Абысын тату болса…

Байқау

Ақтөбеде «Абысын тату болса» атты қалалық байқау өтті.

Бұл іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстық өкілдігінің «Әйел-қыздар» секторы және «Ихсан» орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.

Ұйымдастырушылар атынан сөз алған «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қошқарова дінімізде ағайын-туыс арасындағы татулықтың маңызы зор екеніне, оны арттырудағы әйел адамның рөліне тоқталды.

Халқымызда: «Абысын тату болса, ас көп», — деген сөз бар. Абысын арасындағы татулық бүкіл әулеттің ынтымақ-бірлігіне жол ашады. Жастарымыз алдымен әулеттің, одан соң бүкіл елдің татулығын түсініп, бағалай білсе, соған ұмтылса деген ниетпен біз осы жобаны қолға алдық, — деді ол.

Байқауға абысындардан құралған 4 жұп қатысса, ал олардың өнерін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Мейірханқызы, «Бабалар дәстүрі — бізге аманат» байқауының жеңімпазы Жамила Тұрмағамбетқызы, «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Құрманғалиқызы және «Дәстүрге жол» жобасының белсенді қатысушысы Шәмшия Жәкуқызы бағалады.

Сайыс «Сәлемдесу жолы ғой бұрынғының», «Білімдіден шыққан сөз», «Өнер, білім бар жұрттар», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты кезеңдерден тұрды. Абысындар сәлем салу дәстүрінің маңызы, туысқандық қарым-қатынас, көркем мінез туралы ойларын, сондай-ақ осы тақырыптарға хадис пен мақал-мәтелдер айтып, аспаздық, ісмерлік шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ іс-шара барысында кішкентай бүлдіршіннің тұсауы кесілді.

Сайысты жүргізуге де абысындар шақырылды: олар — «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Түгелбайқызы мен «Құнан» мектеп-лицейінің ұстазы Бибінұр Амантайқызы.

Байқау қорытындысы бойынша облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің атынан қатысқан абысындар — Сымбат Нұркенқызы мен Сән Жолдасқызы бас жүлдеге ие болды. «Ізденімпаз абысындар» аталымын — Назерке Орынбасарқызы мен Хадиша Қуаналиқызы; «Ісмер абысындар» аталымын Алмагул Тағыбергенқызы мен Айгерім Кеулімжанқызы жеңіп алды. Ал Жазира Қуанышбайқызы мен Бақытгул Жақсыбайқызы «Ұйымшыл абысындар» аталымы бойынша марапатталды.

Жеңімпаздар алғыс хатпен және қазақы оюмен әрленген тоқ самаурындармен марапатталды.

 Ақтолқын ТАЖИКОВА,

облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button