Жаңалықтар

Құлпытастар зерттелді

Экспедиция

Облыс аумағындағы араб графикалы тарихи ескерткіштердің эпиграфикасын зерттеу мақсатында Темір, Ойыл, Ырғыз және Қобда аудандарына ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды.

Экспедиция «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында, облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық тарихи-өлкетану музейінен жасақталды. Негізінен, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығына жататын құлпытастар зерттелді. Жобаның мақсатын кеңірек түсіндірсек, мәдени-тарихи ескерткіштерді GPS координаттары көрсетілген картаға түсіру, тарихи жәдігерлердің нақты өлшемдерін белгілеу, қорымдар мен құлпытастардың жоспарлары мен қималарын сызу және фотоларға (дрондау) түсіріп, ғылыми сипаттамаларын жазу көзделді. Зерттеудің негізгі бөлігі араб графикасымен жазылған құлпытастардағы эпитафиялық мәліметтерді көшіріп, мәтінді қазіргі әліпбиге аударуға бағытталды.

Экспедиция барысында Темір ауданы бойынша Шығырлы, Бірлік, Ақсай, Темір, Кеңқияқ, Шұбарқұдық, Шитүбек, Қалмаққырған, Қопа, Теректі, Тасқопа, Алтықарасу, Бабатай, Шибұлақ, Қайыңды жерлерінде орналасқан қорымдар зерттелді. Оның ішінде ірі қорымдарға Арызмағамбет, Темір қаласындағы ескі қорымды, Досжан ишан, Мәулімберді және Көптам қорымдарын жатқызуға болады. Сонымен қатар басқа да белгісіз бейіттердегі құлпытастар анықталды.

Ойыл ауданы көлемінде Қаңбақсай (Байгелді ата), Ханкелді, Наурызалы батыр, Нұртәжі және Қаракөл, Қарасу қорымдарындағы құлпытастар зерттелсе, Ырғыз ауданының аумағында Ырғыз өзені бойын жағалай отыра Баймағамбет, Қара, Сарғазы, Бесмола, Дүйсенбай мұнарасы қорымы, «Байыс қорымы» (Қаракесек), Құмтоғай ауылы және өзеннің бергі бетіндегі бейіттері, Ақтоғай, Шеңбертал ауылдары төңірегіндегі, Мәні әулие, Омардың тамы, т.б.  көптеген қорымдар зерттелді.

Ырғыз жеріндегі ескі қорым, Шахмұрат, Қызылқабақ, Әуезмәмбет бұлағы қасындағы, Барқынмола, Айымқұл бейіті, Мұхаметәлі секілді қорымдар да зерттеу нысанына ілікті. Бір ғана Ырғыз ауданының аумағынан 63 қорым зерттеліп, зерделенді.

Далалық экспедициялық жұмыстың жалғасы қазан айында Қобда ауданының Талдысай ауылынан оңтүстік-батыс бағытындағы 15 шақырым жерде, Қобда өзенінің бойында орналасқан әйгілі Абат-Байтақ қорымында жалғасты.

Қорым үлкен аумақты алып жатыр. Мәдени қабаты ерте кезеңнің қабатынан құралған қорымда, қазақ тас қашау өнерінің көрнекті туындылары жинақталған. Бұлар — ХІХ ғасырдағы халқымыздың тас қашау өнері шарықтап дамыған кезеңнен қалған ескерткіштер. Әрине, бұл мәдениетіміздің құнды мұралары болып табылады. Зерттеу жұмыстары кезінде көптеген құлпытастардың мәтіні оқылып, өлшем сызбалары алынды.

Биылғы жүргізілген далалық-экспедициялық ізденістер нәтижелі аяқталып, ескі бейіттер мен қорымдардағы араб графикалық эпитафиялардан өлке тарихына қатысты мазмұнды мәліметтер жинақталды. Енді осы жоба аясында алдағы жылы Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар аудандарының аумағындағы ескерткіштерді зерттеу жоспарланып отыр.

Қонысбай РАХБАЕВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button