«Асыл» бұлағының маңы тазартылды

Таза Қазақстан
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ұйымдастыруымен Маржанбұлақ ауылындағы «Асыл» бұлағы басында«Бұлақ көрсең, көзін аш» атты экологиялық акциясы өткізілді.
Акцияға «Жасыл ел» жастар еңбек жасағыбелсенді 30 жауынгері қатысты.
Экологиялық акция аясында олар бұлақ айналасын тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан тазартып, осы маңдағы қоршауларды, орындықтарды сырлап, талдардың түптерін ақтады.
Облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының және «Атамекен» студенттік отрядтарының жастар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, дәстүрлі акцияның мақсаты— өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту, бұлақтарды қорғау мақсатында сол маңға тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды табиғи ресурстарды аялауға үндеу.
— Ата-бабамыз суды таза ұстау, қадірлеуге қатысты сөздерді көп айтқан. Мәселен, «Судың да сұрауы бар», «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Тұнықты лайлама». Талай буын осындай сөздермен тәрбиеленіп өсті. Суды ішу үшін ғана емес,шаруашылық, техникалық мақсатта да пайдаланамыз. Әлемде кейбір елдерде ауызсу тапшы. Біз жастардың судың қадірін білгенін қалаймыз және оны таза ұстауға шақырамыз, — дейді Артур Әзиев.
Акция соңында еңбек жасағының белсенді 15 жауынгеріоблыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



