Тұрақты жұмыспен қамтылады

Ашық есік күні
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №8 түзеу мекемесінде Ашық есік күні өтті. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған түзеу мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Гүлнар Избағамбетованың айтуынша, жазасын өтеушілер мекеменің шаруашылық қызметтерінде, шағын және орта бизнес нысандарында жұмыс істейді.
— Қазіргі таңда түзеу мекемесінде 876 сотталған адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 286-сы жұмысқа орналасып, 171-і жеке кәсіпкерліктердің өндірістік аймағында жұмыс істейді. Түзеу мекемесінде жеке кәсіпкерлер сотталушыларды тұрақты жұмыспен қамтып жатыр. Мұнда кішігірім цехтар мен өндіріс орындары ашылған. Сотталушылар электр монтерi, газ-электр дәнекерлеушi, тiгiншi-әмбебап, автомеханик, токарь-әмбебап және ағаш ұстасы сияқты мамандықтарды меңгеріп жатыр. Жазасын өтеушілердің қолынан шыққан дүниелер әп-сәтте сатылып кетеді. Себебі ағаштан жасалған ыдыстардың бағасы арзан, сапасы да жоғары, — дейді ол.
№8 түзеу мекемесінде «Иващенко», «Мумбасов», «Касымов», «Ателье», «Молдагалиев» және басқа да 10-ға жуық жеке кәсіпкер сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі — жеке кәсіпкер Бағдагүл Мырзағұлова.
— Түзеу мекемесінде сотталғандарды тігін ісіне үйретіп жатырмыз. Олардың орташа айлығы — 60 мыңнан жоғары. Қазіргі таңда төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің арнайы киімін тігіп жатыр. Жазасын өтеушілерді еңбекпен қамтамасыз ету арқылы кәсіпке баулығым келеді. Алдағы уақытта «Ателье» цехын кеңейтіп, басқа облыстарда да сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарымда бар, — дейді ол.
Түзеу мекемесінде ағаш өңдеу цехы, тігін цехы, темір бетон бұйымдарының цехы жұмыс жасайды. Одан бөлек балық өнімдерін орау, азық-түліктерді кептіру, корпустық жиһаз жасау және былғары бұйымдарды жасау секілді өндірістік нысандар ашылып жатыр. Осы орайда Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жобаның жүзеге асырылу барысын және сотталушыларды жұмыспен қамтамасыз ету барысын қадағалайды.
— Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы — мемлекет дамуының индикаторының бірі. Сондықтан осал топтағы азаматтарды кәсіпке, еңбекке тарту керек. Елімізде сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесіне атсалысып жүрген жеке кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік қарастырылған, — дейді қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова.
Түзеу мекемесінде жұмыспен қамтылғандардың қарасы көп. Сотталушы Ж. есімді азамат «Ателье» ЖК-да жұмыс істейді.
— Жуырда Қызылорда колониясынан Ақтөбедегі №8 түзеу мекемесіне ауыстырды. Мұнда сотталушылардың жұмыс жасауына жағдай жасалған. Тігін ісін үйреніп жатқаныма 5 айға жуық уақыт болды. Жеке кәсіпкер Бағдагүл Мырзағұлованың арқасында бос уақытымызды тиімді пайдаланып, жаңа кәсіп үйреніп жатырмыз, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



