Әдебиет

Күлкі базары

БАСЫҢЫЗДЫ ЖУАСЫЗ БА?

Шаштараз жігіт шашымды қысқартып, «басыңызды жуасыз ба?» деген сайын жас кезімдегі бір оқиға есіме түседі.

Қалаға жаңадан келген кезім болатын. Ол кезде шаш қысқартуға міндетті түрде қырғы базарға баратынбыз. Ығы-жығы базардың арасындағы екі қабатты ғимараттың бір бұрышына орналасқан өзбек шаштаразшылары өте арзан және жылдам қысқартатын. Орталықтағы сырты әйнектелген, әдемі ғимараттардың ішіндегі шаштараздарды көрсек, «Құдай біледі, бағасы қымбат-ау» деп теріс айналып, сол үйренген қырғы базарымызға тартып кете беруші едік.

Бірде ауылдан сәлемдеме келіп, қалтамда ақшам көп болды ма, әлде асығыс болып, уақыт қысты ма, әйтеуір, «тәуекел» деп, қаланың қақ ортасындағы бір әдемі шаштараздың есігін имене ашқаным есімде…

Бір орыс қыз түрлі-түсті журналдарға үңіліп, шыр айналатын орындықта ары-бері шайқалып, ерігіп отыр екен. Мені көріп орнынан атып тұрып, үсті-басын қаққыштап, шашын түзей бастады. Басқа ешкім жоқ. Орыс екенін сәл бұрын білгенімде теріс айналып кетер ме едім… Енді кеш болып қалды. Амал жоқ, «здраствите» деп ернімді жыбыр еткіздім де, әлгі орындыққа ақырын отыра кеттім.

Орыс қыз да шаш қысқартуға келгенімді бірден түсінді. Түсінбейтін несі бар, шашым толқынданып, ұшы бұралып, көзіме түсіп, Маугли боп кеп отырмын ғой. Алжапқышты алдыма жапқаннан кейін қою шашымды бір-екі мәрте тарады да, қандай үлгімен қысқартатынымды сұрады. Не айтарымды білмей, аузым ашылып қалған…

Қырғы базардағы шаштаразшы өзбектер мұндай сұрақ қоймайтын. Алдына отырдың, бітті, қой қырыққандай зыр еткізіп, он-он бес минөтте қысқартып береді. Орныңнан тұрып, ақысын төлейсің де кете барасың… Рас, «шаш жуасың ба? деп бір ауыз сұрайтын. Бірақ ешқашан жуған емеспін.

Көзімнің жыпылық-жыпылық етіп, сасып қалғанымды орыс қыз да сезді ғой деймін, бірнеше шаш үлгісін айтып шықты. Соның ішінде «молодежный» дегені құлағыма жылы естілді. «Молодеж…», дедім тұтығып. Сонымен, орыс қыз іске кірісті. «Тағы бір нәрсе сұрап қалмаса екен» деп, құдайыма сиынып мен отырмын.

Қайшысын жалаңдатып, оң жақ, сол жағыңда лыпылдап жүретін өзбек жігіті сияқты емес, бұл қыз шашымды асықпай, баппен қысқартып, соңында үсті-басымды қағып болған соң «Идем, голову мыть будем…» деп, келесі бөлмеге кіруімді өтінді. «Алдымен шашымды жуам ба, жоқ па, адамнан сұрамай ма екен?» деп іштей бұрқылдасам да, тілім қысқа, амал жоқ, келесі бөлмеге өттім. «Жумаймын» десем, ол тағы бірнәрсе айтатын сияқты. Сонымен, бар білетін орысшам таусылып, қызары-е-еп, төмен қарап қалатындай сезіндім. Ол кезде орысша білмей қалу деген жердің тесігіне кіріп кетумен бірдей еді ғой.

Орыс қыз келесі бөлмеге кіргізді де төрдегі орындықты нұсқап, «қазір келемін» деп шығып кетті. Қарасам, төрдегі орындық мүлдем басқаша. Мұндайды өмірі көрмегем… Шалқалай жатқан орындықтың желке тұсы ойық, сол ойықтың тұсында бас жуатын шүмек табақшасымен тұр. Қазір мұндай орындықтар барлық шаштараздарда бар ғой. Шалқаңнан жатқызады да басыңды су құятынға ыңғайлап, жуа береді. Сол үшін орындықтың желке тұсын кішкентай ойып қойған.

Адам баласының шашын шалқалап жатқызып қойып жуады дегенді көрмек түгілі естімеген кезіміз ғой. Ауылда басыңды иіп тұрасың, екінші адам бақырашпен басыңа су құяды, болмаса шылапшынға еңкейіп өзің жуасың… Мұндайды кім көрген… Орыс қыз кеп «әлі дайын емессің бе?»деп жүре ме деп, орындықтың үстіне тізерлеп шықтым да, әлгі ойыққа иегімді қойып, басымды төмен қаратып тұра қалдым.

Сол күнгі орыс қыздың күлкісі әлі есімнен шықпайды. Орындықтың үстінде тізерлеп, денемді иіп, ойық желкесіне иегімді қойып тұрған мені көріп шаштараз қыз күлкіден тұншығып, соңында жерге отыра қалып күлді. «Жынды ма?», деп ойықтан иегімді көтермеген күйі көзімнің қиығымен қарап қоямын… Қыз қолын сермеп, күліп жатыр, күліп жатыр…

Сол күнгі кейпім көз алдыма келсе, жынды адам құсап өзім де күле беремін. Шынында түк көрмеген бала екенбіз ғой…

Оралхан ДӘУІТ.

Атыраудың айтқыштары

Үлкеннің амандық-саулығын біліп жүру жасқа міндет екенін жақсы түсінетін бір ағамыз өзі танитын ақсақалға амандаса барса керек.

Денсаулығыңыз қалай, көке, жөтеліп отырсыз ғой, — дейді ол амандық-саулықтан соң іле-шала.

Ой, шырағым-ай, ыңқыл-сыңқыл дегенің қарт адамның сәні ғой,— депті жөтеліп болған ақсақал.

***

Қыстың бір жайсыздау күні болса керек. Аққыстау ауылындағы бір шаңырақта өтіп жатқан қонақтыққа шақырылғандардың арасынан Таупих Маштахов деген кісі сәл кешігіп келгенге ұқсайды.

Жігіттер, күн бұзылып тұр, соңы боранға ұласатын сыңайы бар-ау,— дейді сырттан тоңып-шашырап кірген ол дауысын соза түсіп.

Сонда қонақтардың ортасында отырған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Талғат Тастанбеков:

Ауданның әкімі Дауылбаев болса, ауылдың әкімі Боранбаев болса, ауа райынан не күтуге болады?— деп жиналғандарды ду күлдіріпті.

Сол кезде ауданды Насыр Дауылбаев, оның орталығы Аққыстау ауылын Ғаділ Боранбаев сынды азаматтар басқарып тұрған екен.

***

Кезінде Исатай ауданының білім саласында тер төгіп, соңынан аудандық ардагерлер кеңесіне де жетекшілік еткен еңбек ардагері Нұреден Есмағанбетовтың де артында тауып айтқан талай сөздері қалды.

Институттың бірінші курсында оқып жүргенінде демалысқа келген сол Нұрекең әкесі Әбішемен бірге үйдегі бірер малға шөп әкелуге барады. Машина қорабына шөп тиеймін деп аз-мұз тер шығарған Нұрекең:

Әке, осы да жарамайма? Үйгебарғасын да түсіретінекеумізғой,— дегенекен.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Атырау облысы.

 

Әзімбектің әзілдері

Әзімбек Жанқұлиев — елімізге айтыс өнері арқылы кеңінен танымал болған ақын.

Ел ішінде «Әзімбек бүйтіп айтыпты…», «Әзімбек сүйтіп айтыпты…» деген әзіл әңгімелері көп-ақ.

***
Əзімбекті арнайы қалап, оңтүстік өңірдің біріне тойға шақырады. Тойды тамаша атқарған Əзекеңді шақырған əулет арнайы қонақ етіп, құрмет көрсетеді. Сол жерде елдің бір бақуатты азаматы, дүниенің буы болар:

Əзімбек, маған арнап бір арнау айтшы, — дейді.

Əзекең əлгі кісіге арнап шумақтарды төгіп-төгіп жібереді.

Риза болған ағамыз:

Жарайсың Əзімбек! Астыңа бір айғыр, — депті.

Ол сөз сол жерде қалады. Ол жылдары бір айғырдың құны шамамен бес мың теңге болса керек. Айғыр да жоқ, ізет те жоқ. Ағамыз масайрап, мəз боп, жан-жағына ежірейе қарап, ісініп-кеуіп қалады. Арада бірнеше ай өткен соң əлгі ауыл Əзімбекті аттай қалап, тағы бір тойына шақырып, құрмет көрсетеді. Ертеңіне алдыңғы оқиға тағы қайталанады. Сол ағамыз тағы да келіп, мастанып:

Əзімбек! Маған арнап өлең айтшы, — дейді ғой əдетіне басып.

Сонда Əзімбек:
Ағажан, қанық едім істеріңе,
Қуанам тағы ортаңа түскеніме.
Былтыр бір айғырымды жоғалтып ем
Көкетай, көзіңізге түспеді ме?
— деген екен.

Сонда әлгі ағасы ұялғаннан ақынның қолына он мың теңге ұсыныпты. Ол кезде бұл екі жылқының құнына пара-пар екен.

***
Жастайынан бірге өскен досы Шәукет Әзімбектің үйіне барып қалады. Кіші ұлы Батырханның туған күні аталып жатады. Сөз кезегі келген кезде Шәукет жақсы тілектерін айта келе, бір қой атап кетеді. Біраз уақыттан кейін Әзімбек бір шаруаларымен сол досының үйіне соғады. Кеш болып, мал өрістен қайтқан кез екен. «Әзеке, анадағы Батырханға атаған бәсіресін ала кет!» — дейді досы. Астарында мәдениет бөлімінің «Кубань» автобусы. Қасында ұлы Батырхан бар. Топ қойдың ішінен кішкене келген бір тоқтыны ұстап, автобусқа салады. Асау тоқты автобустың ішінде ары-бері шапқылап, одан қорқып қалған кішкентай Батырхан жылап жібереді. Сонда Шәукет: «мына бала неге жылап жатыр?» десе, Әзімбек: «Шәукет әкем көп қойдың ішінен ең кішкентайын беріпті деп жылап жатыр» деген екен.

***
Ақындардың ортасында әңгімелесіп тұрған Әзекең:

Жігіттер, шылымдарың бар ма? — дейді ғой.

Барлығы қалталарын қағып, сипақтап қалады. Әйтеуір біреуі «Пәшкедегі соңғы шылым еді…» деп, темекі беріпті. Сонда Әзімбек:
Әрі досың, әрі сенің құлыңмын,
Сендей досы болса екен ұлымның.
Түтінінің өзі неге тұрады,
Сеніменен бөліп шеккен шылымның
, — деп қолын созыпты.

Осындай шумақтарды аяқ асты суырып салып жатқанда ақындардың бірі:
Әзеке, сахнада неге осылай айтпайсыз, — дейді ғой қағып.

Сонда Әзекең күліп:
Әшейінде ақын-ақпын,
Сахнада ақымақпын
, — депті.

Ерман ӘБДИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button