Мәдениет

Ымырттағы кеш

Кітапханашылар күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл 24 қазан — Кітапханашылар күні болып белгіленді. Мерекеге орай облыс кітапханаларында «Ымырттағы кітапхана» тақырыбында ауқымды іс-шаралар өткізді. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған мазмұнды кешке мәдениет саласының қызметкерлері мен кітапхана ардагерлері, зиялы қауым қатысты.

— Кітапханашылар күнінің кәсіби мерекелер санатына қосылуы — дұрыс шешім. Кітапханада түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіліп келеді. Мәселен «KIDS BOOK FEST – 2022» балалар кітап фестиваліне қаламыздағы 84 мектеп ұжымы қатысып, он мектеп үздік деп танылды.  Алда атқарылар жобаларымыз көп. Соның бірі — «Ақындар айнасы» атты әдеби жоба, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

«Ымырттағы кітапхана» іс-шарасын облыс кітапханалары бір мезетте өткізді. Мәселен, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының  абонемент бөлімі еркін форматта өлеңді қадірлейтін жастардың қатысуымен  «Поэзия Party» ұйымдастырды. Оған жас қаламгерлер Әлихан Жақсылық және Нұрдаулет Қабасов қатысып, студенттермен әсерлі сұхбат өрбітті. Сонымен қатар Ақтөбе гуманитарлық колледжі мен Тарлан колледжінің оқушылары анықтама-библиографиялық бөлім ұйымдастырған  «Сиқырлы сандық» атты викториналық ойынына қатысып, әртүрлі сыйлықтар жеңіп алды.

Кітапхана оқырмандары қолөнер шеберлері ұсынған «Күзгі жәрмеңке» атты көрме-жәрмеңкесін тамашалап, әртүрлі бұйымдарды сатып алуға мүмкіндік алды.

Қала студенттері мен еріктілер арасында ашық алаңдағы коворкингте Kahoot ойындары өткізілді. Кітапханада барлық бөлімдерде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Жер бетінде  мәңгі тұр, Қазақ елі» атты кітап  көрмесін, «Сыр-сұхбат», «Ғажайып бояулар әлемі» атты шеберлік класын және тағы да басқа тренингтер мен ойындар ұйымдастырды.

Абай атындағы қалалық кітапхана меңгерушісі Гүлнәр Сәлиеваның айтуынша кітапхананың кешкі уақытта қызмет көрсетуі құптарлық іс, тек соған сәйкес кітапханашылардың еңбекақысын көтеру керек.

«Ымырттағы кітапхана» іс-шарасында кітапханалар әдеттегіден тыс уақытта яғни кешкі мезгілде өз есігін айқара ашып, оқырманға ерекше форматта қызмет көрсетті.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button