Мәселе

Алаяққа тұсау бар ма?

Қазіргі таңда интернет алаяқтығы көбейіп барады. Күн сайын көрінбей отырып арбайтын ұрыларға алданғандардың қатары артып отыр. Әсіресе банк тұтынушыларынан келетін шағымдар саны толастар емес. Бүгінгі ұры да заманға қарай икемделген: цифрлық технологияны беске біледі. Интернет алаяқтығының алдын алуда қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр? Осы өзекті  мәселе туралы мамандармен сөйлескен едік…

Алаяқтықтың жиі кездесетін түрі — жалған интернет хабарландыру орналастыру. Әккі хакерлер жаңадан сайт жасап алады және әлеуметтік желілерлегі парақшаларын жиі өзгертіп отырады екен.

Ең жиі кездесетін алаяқтықтың түрлері — интернет арқылы сауда жасау және өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді біліп алу, сонымен қатар бөтен адамның атынан онлайн несие рәсімдеу.

Кейде телефонымызға беймәлім абоненттен «Сіз ұтыста жеңімпаз атандыңыз, айфон 13-ті алу үшін мына сілтемеден өтіп, деректерді толтырыңыз» деген сияқты жалған хабарландырулар келеді. Осындай хабарландырулар еріксіз адамның назарын аударады. Банк шотының деректемелерін айтып, сан соғып қалғандардың қатары көбеймесе, азаяр емес.

 Дроперлер көмектеседі

Заманауи технологиялар дамыған сайын интернет алаяқтығы да «дамып» барады. Қазақстанда интернет алаяқтығы 2020 жылдан бастап тіркелді. 2020 жылы — 365, 2021 жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша 876 дерек тіркелген. 2022 жылы профилактикалық шаралардың өтуіне байланысты онлайн алаяқтықтың саны 790-ға төмендеген.

Интернет алаяқтығы бойынша қылмыстың 62,9 пайызы анықталып, жазаланды. Интернет хакерлері кез келген жерде отырып адамдарды еш қиналмастан үптеп кете алады. Қазір алаяқтықтың жиі кездесетін түрі — өзін құқық қорғау саласының немесе банк қызметкері ретінде таныстыру.

Алаяқтар әртүрлі нөмірден қоңырау шалады. Олар байланыс нөмірлерін жиі ауыстырып отырады. Кей жағдайда студенттер, жағдайы жоқ жандар резервтік шотын хакерлерге сатады. Алаяқтардың «тілімен» айтқанда банк карталарын, есепшотын сататындарды «дропер» деп атайды, — деді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Қалдығали Мейірманов.

Онлайн сауда жасағанда абай болыңыз!

Тауар алуда сақ болған жөн. Ақшасын аударып, тауарынан қағылғандар қаншама? Алаяқтардың шырмауына түскендердің көбі интернет-дүкендерден киім алмақшы болған. Мәселен, «Feminem_kz» инстаграм парақшасына алданғандардың саны өте көп. Аты-жөнін атап көрсетпеуді сұраған тұтынушының айтуынша, сатушы жеке куәлігін жіберген соң, еш күдіктенбепті. Аталған парақшаның 52 мыңнан астам тіркелушісі болғандықтан, сенімі арта түскен. Осы парақша арқылы тапсырыс беру салдарынан тұтынушылардың көбі 4 мыңнан бастап 150 мың теңге аралығындағы қаражаттарынан қағылған. Қазіргі таңда ол парақша мен байланыс нөмірі ішкі істер қызметкерлерінің тергеуіне өтіп, бұғатталған.

2022 жылдың наурыз айында әлеуметтік желі арқылы өзіме қажет киім іздедім. Көбіне мен инстаграмнан қарап алып, ұнаған киімімді дүкенге арнайы барып сатып алатынмын. Осы жолы уақыт үнемдейін деп шештім. Сөйтіп, @she.kzt деген интернет-дүкенін көзім шалды. Оның инстаграмында 100 мыңнан астам оқырман болды, суреттегі лүпілдер саны да аз емес еді.

Тұтынушылар да киім сапасы туралы жағымды пікірлер жазған екен. Мен бұл интернет дүкеннен өз талғамыма келетін киімдерді таңдап, тапсырыс беремін деп шештім. Оған қоса жеңілдіктер науқанына тап болып, қуанышым еселене түсті. Жеңілдік акциясына сай «3 киім алсаң — 25 000 теңге, ал 4 киімге 38 мың теңге төлейсіз» деді. Содан әуелі  сілтеме арқылы өтіп, WhatsApp арқылы жаздым, бірінші күні жауап қайтармады. Екінші күні жазғанымда жауап жазып, тек курьер қызметімен жұмыс жасайтындарын айтты. Сосын өзім таңдаған 4 киімнің суретін жібердім. «Тапсырыс орындау үшін төлем толық төленуі тиіс», —  деді интернет дүкеннің саудагері. Мен сәл күдіктенген едім, ол өзінің жеке куәлігінің суретін жіберіп, ақшаны теңгерім ретінде жіберуімді сұрады. Осы кезде бұл төлемде бір шикілік бар екендігін сездім. Біле тұра 38 мың теңгені телефон нөміріне теңгерім арқылы аударып жібердім. Бір апта өткен соң хабарласқан едім, жауап бермеді. Алданғанымды сонда түсіндім, — деді қала тұрғыны Аяжан Әбдіқалық.

Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Қалдығали Мейірмановтың айтуынша, қазір танымал адамдардың атынан инвестиция жасауға шақыратын хабарландырулар да көбейген. Алаяқтар Халық банкіненбіз деп хабарласып, алданған тұрғындар инвестиция ашуға несие рәсімдеген де жағдайлар кездесіпті.

 Онлайн алданған жәбірленуші нені ескеруі керек:

Интернет арқылы бопсалаушылардың талаптарын орындамаған жөн. Егер сіз алданып қалсаңыз, ізін суытпай 102 телефонына хабарласыңыз.

— Жеке деректерді, жеке куәлік, банк карталарының деректерін және құжаттарыңыздың көшірмелері мен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.

Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер жіберген жағдайда KZ-CERT қызметіне немесе Telegram мессенджеріндегі  «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына жеке хабарлама жіберу арқылы  хабарласыңыз, — дейді полиция қызметкері Қалдығали Мейірманов.

Хакерлер әлеуметтік желінің мүмкіншілігін де пайдаланып отыр. Алаяқтар кез келген адамның әлеуметтік желідегі парақшасынан фотосуретті алып, өз парақшасына сақтап, WhatsApp арқылы таныстарыңыздан ақша сұрауы әбден мүмкін. Сондықтан «танысыңыз» WhatsApp арқылы ақша сұраса ең бірінші дәл сол танысыңызға қоңырау шалып, ақпараттың растығын сұрап алған жөн.

Тағы бір ескере кететін жайт — адамдардың құпия ақпараттарын, әсіресе банк шоттарын әлеуметтік желілерге жариялауға болмайды.

Алданғандардың кейбірі ішкі іштер органдарына арыз түсірмейді. Бұл алаяқтар үшін пайдалы. Сондықтан олардың  жолын кесіп, полиция қызметкерлерін құлағдар ету керек.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button