Мәдениет

«Тақия — әйелдердің бас киімі емес»

Дәстүр

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өткен кездесуде Alasha artөнер орталығының жетекшісі, этнограф, Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі Бұлбұл Кәпқызы осындай пікір айтты.

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалының басшысы Нәзира Табылдинова бастаған бір топ ананың бастамасымен ұйымдастырылған кездесу кеш қонағының қысқаша өмірбаянымен таныстыратын бейнероликпен басталды.Кездесуге арнайы шақырылған Бұлбұл Кәпқызы Моңғолияда туып-өсіп, Қазақстанға 2005 жылы көшіп келген, жиырма жылдан бері қолөнермен айналысады.

— Қазақ қолөнерінің ұлттық құндылығы сырмағынан, текеметінен, алаша-кілемінен көрініп тұрады. Қазіргі қолөнер шеберлерінің бірі киіз басады, енді бірі кестені әдемі тігеді. Ал мен алаша тоқуға, киіз үйге қажетті бау-басқұр жасауға кірістім. Содан кейін Alasha art өнер орталығын құрдым. Отыз жасымда күйеуім қайтыс болып, үш баламен қалғанымда бар қызық-қуанышты осы қолөнерден таптым,— дейді Бұлбұл Кәпқызы.Сондай-ақ ол қазір үлкен әйелдердің тақия киіп алатынын сынады. «Біраз жасқа келген әйелдер қазір тақия киіп алады. Бұл — дұрыс емес.Тақия — әйелдің бас киімі емес, қазақта қыз бала тақия кимеген. Тақияны ұлдар киген, қыздардыңтақияға ұқсас, төбесі тегіс келетін бас киімі «кепеш» деп аталады. Оны үкі тағып киеді. Қыздар үкіні кепештің бір жақ жанына, ал ұлдар үкіні тақияның төбесіне таққан. Есейе келе үкі тақпай, тек бас киімнің өзін киіп жүретін болған. Жалпы, қазақтың киген әр киімі, ұстаған әр заты тұнып тұрған философия ғой», — дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

Шараға қатысқан ақ жаулықты аналардың бірі — ардагер ұстаз Райгүл Серғалиева ұлттық құндылық, қазақтың қолөнері туралы көп мағлұматпен сусындатқан этнографқа жылы лебізін білдірсе, тоқымашы Лена Әлниязқызы өзі тоқыған аппақ шәліні қолөнер шеберінің иығына жапты.

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина кеш қонағы Бұлбұл Кәпқызына әдемі кеш үшін алғыс айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button